Саясат • Бүгін, 08:58

Су жүйелерін дамыту – стратегиялық міндет

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Алматы облысында су ресурс­тарын тиімді пайдалану және ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Су жүйелерін дамыту – стратегиялық міндет

Кеңесте вегетация кезеңінің тұрақты өтуін қамтамасыз ету, су үнемдеу технологияларын енгізу, егістік құрылымын әртараптандыру, су ресурстарын есепке алу мен бөлуді цифрландыру, тарифтік саясатты жетілдіру мен суды заңсыз алудың жолын кесу шаралары талқыланды.

Су ресурстары және ирригация министр­лігі Бас прокуратурамен бірлесіп судың «қара нарығымен» күрес жөніндегі жол картасын әзірледі. Жол картасы аясында республикалық және өңірлік деңгейде ведомствоаралық жұмыс топтары құрылады.

Вице-премьер Күрті су қой­ма­сынан суды заңсыз алудың жолын кесуге ерекше назар аударуды тапсырды. Суару маусымында тұрақты су пайдалануды қамтамасыз етуге ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру шаралары көз­делген. Осы жылға арналған жос­парға сәйкес, Алматы облысында күріш егісінің жалпы аумағы 5,8 мың гектардан аспауға тиіс.

«Суармалы судың тапшылығы ел экономикасының дамуына кері әсерін тигізеді. Сондықтан су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру мәселесі аса өзекті. Әкім­дік дақылдар құрылымын әр­тараптандыруға және құрғақшы­лыққа төзімді дақылдарды енгізуге ерекше назар аударуға тиіс. Күріш дақылдарының ауданын Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен индикаторларға сәйкес келтіру қажет. Былтырғы күрделі жағдайға қарамастан, вегетация кезеңінің салыстырмалы түрде жеңіл өтуіне су үнемдеу технологияларын енгізу ықпал етті. Мемлекет басшысы Ақмола облысына жұмыс сапары барысында атап өткендей, су ресурстарының 50%-дан астамы жерге сіңіп кетеді. Бұл заманауи жүйелерді қолданатын көрші елдермен трансшекаралық суды бөлу жөніндегі келіссөздерді қиындатады. Алдағы 3-4 жылда бұл мәселемен жүйелі түрде айналысу қажет», деп атап өтті Қанат Бозымбаев.

2030 жылға дейін еліміздегі 1,3 млн гектар суармалы жерді су үнемдеу жүйелерімен қамту жоспарланып отыр. Оның ішінде Алматы облысы бойынша көрсеткіш – 186,6 мың гектар. Осы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін 2026–2028 жылдары респуб­лика бойынша жалпы сипаттағы трансферттер аясында су үнемдеу технологияларын енгізуді қолдауға және суару суының құнын субсидиялауға 228,2 млрд теңге қарастырылған. Бұл алдыңғы үш жылмен салыстырғанда төрт есе көп. Оның ішінде Алматы облысына 27,6 млрд теңге бекітілген.

2028 жылға дейінгі су шаруашы­лығын дамытудың кешенді жоспары аясында Су ресурстары және ирригация министрлігі Бартоғай су қоймасын реконструкциялау жобасын әзірлеп жатыр. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 270 шақырым болатын топтық су құбыры мен төрт магистралдық канал салу жос­парланған. Үлкен Алматы кана­лының учаскелерін реконструк­циялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар биыл толық аяқталады.

Жергілікті атқарушы органдар «Сұңқар» және «Тегермен» су қоймаларын салуға арналған жобалау-сметалық құжат да­йындап жатыр. Сонымен қатар төрт су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 74 гидротехникалық құрылысты көпфакторлы тексеруден өткізу көзделген.

Вице-премьер облыс әкімдігіне осы жобалардың жүзеге асы­рылуын ерекше бақылауға алуды және нысандарды белгіленген мерзімде пайдалануға беруді қамтамасыз етуді тапсырды.

Ислам даму банкімен ынты­мақтастық аясында Еңбекші­қазақ, Балқаш, Ұйғыр және Райымбек аудандарында суару желілерін реконструкциялау жобаларын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Нысандардың жалпы ұзындығы 550 шақырымнан асады. Нәтижесінде, 34 мың гектардан аса ауыл шаруашылығы жері тұрақты сумен қамтамасыз етіледі.

Кеңесте «Ауыл аманаты» бағдар­ла­ма­сының жүзеге асырылу барысы да қаралды. Биыл Алматы облысында ауыл кәсіпкерлігін дамытуға 10,8 млрд теңге бөлінеді.

Облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлының айтуынша, бағдарлама қазірдің өзінде айқын әлеуметтік-эконо­микалық нәтиже көрсетіп отыр. Кейінгі үш жылда бағдарлама аясында 1436 жоба қаржыландырылып, 90 кооператив құрылды және 1616 жаңа жұмыс орны ашылды.

Қазір Алматы облысы халқының 81%-ы ауылдық жерлерде тұрады. Қанат Бозымбаев ауылда тұрақты табыс көздерін, жұмыс орындарын және шағын бизнесті дамы­туға қажетті жағдай жасаудың маңыз­дылығын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар