Нәтижесінде электр желілерінде қосымша қуат қоры қалыптастырылып, Шымкент қаласы, Жамбыл және Жетісу облыстарының электрмен жабдықтау жүйесінің сенімділігі айтарлықтай күшейді. Енді бұл өңірлердің энергожүйесі ең жоғары жүктемелерге төтеп беруге, сондай-ақ жаңа тұтынушыларды қосуға толық дайын.
Аталған жұмыстар шеңберінде 2025 жылы 220 кВ «Састөбе» және 220 кВ «Сарыөзек» қосалқы станцияларында жаңғырту және техникалық қайта жарақтандыру жұмыстары аяқталды.
«Састөбе» қосалқы станциясы: жүктемесі жоғары тораптар босатылып, транзиттік қуат күшейтілді
«Састөбе» қосалқы станциясында KEGOC 25 МВА болатын екі күштік трансформаторды әрқайсысының қуаты 63 МВА болатын жаңа трансформаторларға ауыстырды.
Осылайша перспективалық жобаларды ескере отырып, «Шымкент – Жамбыл» транзиті бойынша рұқсат етілген жүктеме арттырылды, тұтынушылардың бір бөлігі 220 кВ кернеулі желіден қоректендіруге ауыстырылды (10–15 МВт-қа дейін), бұған дейін шекті режимде жұмыс істеген Қазығұрт қосалқы станциясы мен Шымкент ЖЭО-3 автотрансформаторларының жүктемесі азайтылды.

Аталған іс-шаралардың нәтижесінде Шымкент қаласы мен оған іргелес аудандарды электрмен жабдықтау сенімділігі артты, бұл әсіресе ең жоғары жүктеме кезеңдерінде айқын байқалатын болады.
«Сарыөзек» қосалқы станциясы: қуат тапшылығы жойылды
«Сарыөзек» қосалқы станциясында автотрансформатордың қуаты екі есеге арттырылып, 32 МВА-дан 63 МВА-ға жеткізілді.
Бұл шара тораптағы қуат тапшылығын жоюға, жаңа ірі тұтынушыларды қосу үшін резерв қалыптастыруға және желінің әртүрлі жұмыс режимдеріндегі тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік берді.

Іс жүзінде қосалқы станция өңірдің болашақ дамуына қажетті қуат резервіне ие болды. Бұл – оңтүстік өңірді күшейтуге бағытталған жүйелі бағдарламаның бір бөлігі. Жұмыстар аталған нысандармен шектелмейді. KEGOC Қазақстан БЭЖ-інің Оңтүстік аймағын күшейтудің келесі кезеңдерін әзірлеп отыр.
Қосалқы станциялардың қуатын одан әрі арттыру бойынша инвестициялық жобаларды даярлау және іске асыру жалғасуда. Атап айтқанда, «Жалағаш», «Жаңатас», «Қазығұрт», «Мырғалымсай», «Қызылорда» қосалқы станциялары және Талдықорған қаласындағы «Жетісу» қосалқы станциясы қамтылған. Қазіргі уақытта бірқатар нысандар бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, оның аясында қосалқы станциялардың қуатын кеңейтудің техникалық шешімдері мен параметрлері нақтылануда.
Қазақстанның оңтүстік өңірлері индустриялық, агроөнеркәсіптік және туристік орталықтар ретінде қарқынды дамып келеді. Трансформаторлық қуаттарды кезең-кезеңімен арттыру инвестициялық және әлеуметтік жобаларды іске асыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға берік негіз қалайды.