Жәдігер • Бүгін, 07:45

Аю шаңғы

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Табаны терімен қапталған жалпақ шаңғы сәл ертеректе әркімнің шатырында жататын. Әсіресе аңшылар қалың қарда табанға іле сала тауға аттанар еді. Осы жолы көненің көзіндей шаңғыны Аршатының орманшыларынан көрдік.

Аю шаңғы

Құлынның балтыр терісімен қапталатын аю шаңғыны қазақтың аңшылары мен малшылары тым-тым ертеден пайдаланып келеді. Ыңғайлысы сол, табаны терімен қапталғандықтан, артқа қарай сырғымайды. Ал кері қайтқанда, еңіске қарай зулап отырады. Орман-тоғайдың арасында бұрып үлгерсеңіз болға­ны. Қыры болмағандықтан, қол­дағы жалғыз таяқ сүйеніш те, тежегіш те.

Ат омыраулап жара алмайтын қардың бетімен жүретін бірден бір көлік – осы аю шаң­ғы. Бөрісырғақтың алды бұр­қасындатып неше күн тұрған. Ауылдан әрі Таутекеліге қарай ат омбылап жүре алмай қалған соң, орманшылар еріксіз аяқ­қа аю шаңғы байлаған. Мұндай­да ең алдына шымыр жігіттерді қояды екен. Із түспеген қар беті­не шаңғымен жол салу – қиын­­ның қиыны. Түзу жер болса бір сәрі, өрге қарай омбылайды. Со­ңың-­­­
нан келе жатқандарға кедергі бол­­­мау үшін де алдарына жүй­­ріктерін салады. Сөйтіп, бел­гі­ленген соқпақтардағы фото­тұ­зақты тексереді, тұяқтылардың жем-шөбін қарайды.

«Баяғыда осы шаңғымен аңшылар тәуір-ақ жүруші еді. Қазір көп керек қылмаймыз. Әйтпесе, қалың қарда таптырмайды. Жасалуы да аса қиын емес. Талдан табанын жонып, құлынның терісімен қаптайды. Ертеде аталарымыз шаңғыға деп тал көріп кететін. Реті келсе, қиып алып келіп, кептіріп қоятын. Табанындағы терісінің жүні бір бағытқа жығылып жатқан соң дағы артқа қарай сырғанамайды», дейді осы өңірді бес саусағындай білетін орманшы Манарбек Омаров.

Орманшылардың шаңғысын аяққа біз де байлап көрдік. Қалың қарда із басу көзге оңай көрінгенімен, өкпені күйдіріп, аяққа едәуір салмақ түсіреді екен. Айтпақшы, аршатылықтар бұны аю шаңғы деседі.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы,

Аршаты ауылы 

Соңғы жаңалықтар