Фото: Instagram: @zhanabylov_e
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәлімдеуінше тергеу нұсқасына сәйкес, ерлі-зайыптылар 15 миллионнан астам жазылушысы бар аудиториясына сүйеніп онлайн-курстарды сатқан. Іс жүзінде олар лицензиясыз лотереяны бүркемелегісі келген.
«Аталған курстарды сатып алудың негізгі себебі қымбат сыйлықтар ұтысына қатысу болған. Видеоматериалдар оқу құндылығына ие болмаған, олардың көбісі YouTube сияқты ашық дереккөздерден алынған және тек лицензиясыз лотереяны бүркемелеу үшін қолданылған. Сыйлық қоры жеке қаражаттарынан емес, қатысушылардан онлайн-курстар үшін алынған ақшадан құралған. Электрондық сәттілік барабанының параметрлері өзгертілген: 5000 теңге көлеміндегі ұтыстың шығу ықтималдығы жасанды түрде арттырылып, ал қымбат сыйлықтарға шығу мүмкіндігі айтарлықтай төмендетілген. Күдіктілер акцияны көп адамға жеткізу және назар аударту үшін ең көп репост жасаған адамға 11-ші автокөлік беріледі деп жариялаған. Алайда іс жүзінде жеңімпаз анықталмаған, сыйлық тапсырылмаған», делінген агенттік хабарламасында.
Агенттіктің дерегі бойынша, қатысушылардан Zhana Business ЖШС-не түскен қаражаттың жалпы сомасы 247,5 млн теңге, оның бір бөлігі (60 млн теңге) депозиттік шоттарға аударылған.
Lamborghini Urus пен Lexus LX 600 көліктерін қоса алғанда, 10 автокөлікке, сондай-ақ 17 ұялы телефонға тыйым салынды.
Қазіргі уақытта күдіктілер үйқамақта отыр.