Қоғам • Бүгін, 08:43

Үш ұлдан кейін үшем қыз босанды

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еңбек ауылының тұрғыны Сымбат Шарапиева Әдия, Айша, Әсел есімді үшемді дүниеге әкелді. Облыстық аурухананың перинаталдық орталығында бір айдай күтімде жатқан батыр ана аман-есен босанып, перзентханадан шықты.

Үш ұлдан кейін үшем қыз босанды

Үшемдерін үлбіретіп құша­ғына алған Сым­батты перзентхана алдында облыс әкімінің орынбасары Гүлбарам Мұсағазина, ерлі-зайыпты Дәурен мен Сымбат­­тың ағайын-туыс, жора-жолдас­тары, журналистер күтіп алды. Әкім орынбасары үшемдердің ана­­сына көрімдік деп 1 млн теңгенің ­сертификатын берді.

Дәрігерлердің айтуынша, Қостанай перзентханасында ке­йінгі он жылдың көлемінде осымен 14 үшем дүниеге келіп отыр. Үш нәрестенің екеуінің салмағы – 2600, біреуінікі – 2300 грамм.

«Үш ұлымыз бар, үлкені – 10, ортаншымыз – 8, одан кішісі – 4 жаста. Енді бір қыз берсе ғой деп армандайтынбыз. Дәрігерден үшемге жүкті екенімді естігенде қайран қалғаным сонша, не істе­рімді білмедім. 23 күн ауруханада жаттым. Дәрігерлердің арқа­сында жанымыз қалып, үшем сүйдік. Бақыт деген осы шығар», дейді көпбалалы ана Сымбат Шарапиева.

Көпшілік нәрестелердің ата-анасын жан-жақтан қаумалап жарыса құттықтасып, гүл ұсы­нып жатқанда, үшемдердің әже­сі Ғалия Шарапиева жалғыз өзі шеттеу жерде ойға батып тұр­ды. Әжейді әңгімеге тартып, «Келі­ніңіз үш бірдей нәресетені өмір­ге әкеліп жатыр. Мұндайда қуан­байсыз ба?» дедік.

«Қуанамын ғой, қуанбағанда ше, құдайдың бергеніне шүкір деймін! Балаларым осы қаладан 25 шақырым жерде бір бөлмелі тар үйде қысылып-қымтырылып тұрып жатыр. Ауылда газ-су бар, бірақ бұларда жоқ. Өсіп келе жатқан үш баласы бар еді, тағы үш қызымыз өмірге келді. Енді осы нәрестелерді қайда алып барарымды ойлап, мұңайыңқырап тұрмын. Өзімнің де үйім тар. Келінім бірталай жылдан бері баладан ұзап шыға алмай, үйде отыр. Ұлым Қостанайға келіп-кетіп жұмыс істеп жүр. Таңертең кет­кеннен кешке бір-ақ келеді. Осындағы диірменнің бірінде ұн тиейді. Енді қалай болаты­нын білмеймін», деді үшемнің әжесі.

Жүрегін бірде қуаныш кернеп, бірде мұң торлаған зейнеткерді «Бір реті болар, қамықпаңыз», деп жұбатқан болдық.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Меңдіқара ауданындағы Харьков ауылында өмірге келген Нико­лай, Евгений, Виолетта есімді үшемдердің анасына жергілікті агрофирманың басшысы Еркін Бұқанов еңсесі биік, кең бас­пана тарту етіп, үшемнің анасы ай са­йын алып тұратын 100 мың тең­ге көлеміндегі қаржылай көмек тағайындаған еді. Одан кейін, 2024 жылы Қостанайда Айару, Ардан, Арлан есімді үшемдер дүниеге келді. Ол кезде де қала әкімі Марат Жүндібаевтың өзі қалбалақтап жүгіріп келіп, көп­балалы ананың қолына ішінде үш бөлмелі пәтер кілті бар қы­зыл барқыт қорапшаны ұстатып кеткені есімізде.

«Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады», әр баланың өз несібесі бар, бәлкім, үш ұл­дан кейін үшем дүниеге келген Шара­пиевтер отбасына да қол­ұшын созып, шарапатын тигі­зетін жанашыр азаматтар табылып
қалар.

 

Қостанай облысы 

Соңғы жаңалықтар

Болашаққа бағдарланған құжат

Реформа • Бүгін, 09:10