Сұхбат • Бүгін, 09:07

Жаслан Мәдиев: Цифрландыру – экономиканың қозғаушы күші

30 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Биыл «Цифрландыру және жасанды интеллект» жылы деп жарияланды. Бұл шешім елдің цифрлық дамуына серпін беріп қана қоймай, жасанды интеллектіні мемлекеттік саясаттың өзегіне айналдыруды көздейді. ЖИ-ді экономикаға, мемлекеттік басқаруға, әлеуметтік салаларға енгізу, цифрлық инфрақұрылымды күшейту, шалғай өңірлерді интернетке қосу және деректер қауіпсіздігін қамтамасыз ету – бастаманың бас­ты өзегі. Осы ауқымды күн тәртібі аясында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев еліміздің жасанды интеллектіні дамытудағы стратегиялық басымдықтары, цифрлық саясаттағы жаңа қадам­дар, маман даярлау мен заңның қабылдануына қатысты сауалдарымызға жауап берді.

Жаслан Мәдиев: Цифрландыру – экономиканың қозғаушы күші

«Digital Qazaqstan» стратегиясы

– Биылғы айтулы жылдың страте­гия­лық маңызы мен негізгі қадамы қандай болады?

– 2026 жылды Мемлекет басшысы «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялады. Ол ЖИ-дің заманауи тренд пен эксперимент емес, жаңа технологиялық дәуірдегі мемлекеттің бәсекеге қабілетті жолы екенін нақты айтты. Елімізде бұл бағыттағы жұмыстар бұрыннан жүргізіліп келеді. 2024 жылдан 2029 жылға дейінгі Жасанды интеллектіні дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Онда ЖИ-ді мемлекеттік басқаруда пайдалану, мамандар даярлау, деректерді қорғау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және түрлі тәуекелдерді басқару сияқты негізгі міндеттер белгіленген. Бұл құжат технологияны жүйесіз енгізбеуге, оны саналы әрі жауапты түрде дамытуға бағытталған. Жасанды интеллектінің экономикаға, еңбек нарығына және мем­лекеттік қызметтерге әсерін ескеретін жаңартылған «Digital Qazaqstan» стратегиясын әзірлеу басталды. Яғни цифрландыру тек техникалық жаңарту емес, ел дамуының маңызды факторы ретінде қарастырыла бастады. Маңызды қадамдардың бірі – алғаш рет «Жасанды интеллект туралы» заңның қабылдануы. Бұл заң алгоритмдердің ашық болуын, азаматтардың құқықтарын қорғауды, тәуекелдерді азайтуды және жасанды интеллектіні мемлекеттік басқару, білім беру, денсаулық сақтау сияқты салаларда қолданудың негізгі талаптарын анықтайды. Биыл цифрлық технологияларды дамытуға, жасанды интеллектіні қауіпсіз енгізуге арналған Цифрлық кодекс те қабылданды. Бұл кодекс алда­ғы жылдары еліміздің цифрлық дамуы­на қатысты құқықтық негізді қалып­тастырып, қауіпсіз әрі тұрақты цифрлық орта құруға жол ашады.

– Жасанды интеллектіні барлық салаға жаппай енгізуге әлеуетіміз жете ме?

– Былтыр шілде айында «Alem.cloud» ұлттық суперкомпьютерлік орта­лығында «Nvidia» чиптері негізіндегі, өнімділігі шамамен 2 экзафлопс (FP8) болатын суперкомпьютер кластері іске қосылды. Кластердің үлкен тілдік модель­дерді оқытуға, ғылыми есептеу­лер мен күрделі аналитикалық міндет­терді орындауға жеткілікті күш-қуаты бар. Айта кету керек, әлемдегі ең ірі супер­компьютерлердің TOP-500 тізімінде 86-орында тұрмыз. Қараша айында кластер ресурстарын пайдалану мақсатында өтінімдер қабылдайтын цифрлық платформа іске қосылған болатын. Ол қазіргі таңда мемлекеттік органдар, ғылыми және білім беру ұйымдары, стартаптар мен жеке компанияларға қолжетімді.

– Биыл басымдық қай сала мен жобаларға беріледі?

– Осы жылы бірнеше маңызы зор сала­ларға назар аударылып отыр. Ең алдымен, IT-өнімдер мен қызметтерді экспорттауды ілгерілету, яғни жаңа өсім нүктелерін қалыптастыру керек. Еліміз IT-нарығын және стартап-экожүйені белсенді түрде дамытып келеді. Халық­аралық рей­тингтерде жоғары орындарға ие: «EGDI» рей­тингінде – 24-орын, «OSI» бойынша – 10-орын. Елде 2 мыңнан астам компания, сондай-ақ ин­новациялардың дамуына ықпал ететін 20 өңірлік және 4 халықаралық хаб жұмыс істейді. IT-экспорт көлемі 1 млрд дол­ларға жетті, ал «Astana Hub» қатысу­шыларының кірісі 20%-ға өсіп, 800 млн теңгені құрады. 100-ден астам стартап шетел нарығына сәтті шықты. 2025 жылы өңірдегі алғашқы отандық юникорн – «Higgsfield.ai» пайда болды. «Qazaqstan Venture Group» мақсатты көлемі 1 млрд долларды құрай отырып, 115 млн доллар тартты. Былтыр шілде айында «QVG» өңірдегі алғашқы қорлар қорына инвестиция салатын «Alem Ventures Fund» қорын тіркеді. Ақпараттық технологиялар саласын экономика драйвері ретінде дамытуға да ерекше назар ауда­рылып отыр. Бұл бағытқа қалалардағы өмір сапасын арттыру үшін цифрлық шешімдерді енгізу, сондай-ақ криптоиндустрияның өсуіне, одан түсетін салықтық түсімдерді арттыруға жағдай жасау кіреді.

2026–2028 жылдарға арналған серпінді жобалар инфрақұрылым мен өмір сапасын өзгертуге қабілетті озық технология­ларды енгізуге бағытталған. Олардың қатарында мобильді құрылғыларды спутниктермен тікелей байланыстыратын «Direct to Cell» технологиясы, логистиканы жеделдетіп, қызметтердің қолжетімділігін арттыратын дрон арқылы жеткізу, қауіпсіз әрі ақылды көлік­тің жаңа буы­нын қалыптастыратын жүргізушісіз автомобильдер, сондай-ақ болашақтағы қалалық және қалааралық тасымалдың элементі ретінде ұшатын автомобильдер бар. 

Меже уақытынан бұрын орындалды

– Кәсіби мамансыз ешбір сала алға ілгерілемейтіні анық. Маман даярлау мәсе­лесіне тоқтала кетсеңіз?

– Елімізде жасанды интеллект бо­йынша оқытуға сұраныстың жоғары екенін, оның тұрақты түрде болатынына сенімдіміз. Осыған орай қажетті кадрларды даярлаудың ауқымды жүйесін бастадық. Біз 5 жыл ішінде 1 миллион адамды ЖИ дағдыларына үйретеміз деген мақсат қойған едік. Бұл көрсеткіш 1 жылдың ішінде-ақ межесіне жетіп қалды. Өткен жылы мектептер мен университеттердің, онлайн және кәсіби бағдарламалардың арқасында шамамен 1 миллион азамат оқытылды. Бұл – азаматтардың ЖИ-ге қызығушылығының жоғары екенінің көрсеткіші. Нақтылай кетсек, университет сегментінде Ғылым және жоғары білім министрлігінің «AI Sana» бағдарламасы маңызды рөл атқарды. Ол тек базалық білім берумен шектелмей, стартапты жетілдіру мен ЖИ-құзыреттерін дамытуға бағытталды. Бағдарлама аясында 570 мыңнан астам студент оқытылды. Сонымен қатар «Tech Orda» жобасы қолданбалы IT-кадр­ларды даярлауды жалғастырып келеді. Бағдарлама жұмыс істеген уақыт ішінде 9 мыңнан астам студент даярланды. Қызығушылық әлі де жоғары. 2025 жылы 34 мыңнан астам өтінім түсіп, іріктеу нәтижесінде 2 600-ден аса қатысушы қабылданды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамның ЖИ сауаттылығын арттыруға басымдық беру керек екенін атап өткен еді. Осы тұрғыда студенттерден бөлек топтарды оқыту бойынша қандай жұмыс атқарылды?

– Өткен жылы «Astana Hub» елі­міз­дегі алғашқы жасанды интеллект мектебі – «Tomorrow School»-ды «peer-to-peer» оқыту моделі мен тәжіри­белік жұмыстарға негізделген форматта іске қосты. Бүгінде онда 20-дан астам бағыт бойынша 300-ден астам тың­дау­шы білім алып жатыр. Ал оқу қаты­сушыларға тегін. Биылғы ақпан айы­нан «TUMO Astana» 12–18 жас аралы­ғындағы жасөспірімдерге арналған тегін оқыту бағдарламасы жүзеге асырылмақ. Мұнда білім алушылар бағдарламалау, дизайн, креативті технология, генеративті ЖИ-ді меңгереді. Бүгінде 2 361 өтінім тіркеліп, 1 134 оқу шарты жасалды. «TUMO» – халықаралық дең­гей­де мойындалған қосымша білім беру моделі. Әлем бойынша бұл модельмен білім алған және бағдарлама­ны мең­геріп жатқан белсенді азаматтар саны 100 мыңнан асады. Сон­дай-ақ ақпан айы­нан бастап «AI Corporate» – компаниялар мен қызметкерлерге арналған ЖИ-ді нөлден меңгеріп, бизнес-үдерістерге енгізу бағдарламасы басталмақ. Бұл да – ЖИ-ді меңгерудегі негізгі бағыттардың бірі. Бұл ретте «AI Qyzmet» – мемлекеттік қызметшілерге арналған бағдарламаға да баса назар аударған дұрыс. Бағдарлама ақпаратты талдау, жоспарлау, презентация дайындау, тапсырмаларды автоматтандыру, басқарушылық шешімді қолдау және көпшілік алдында сөйлеу секілді негізгі тақырыптарды қамтиды. Бағдарлама аясында 50 мыңнан астам мемлекеттік қызметші оқудан өтті. 

ЖИ жұмыстың жүгін жеңілдетеді

– Мемлекеттік басқару саласы да қарқынды цифрландырып жатыр. Қазір қандай жаңа бас­тамалар бар?

– Еліміз бір бағытты «Smart City» тұжы­рымдамасынан «Smart Region» моде­ліне көшіп жатыр. Өйткені әрбір өңірдің өзін­дік ерекшелігі бар. Бүкіл ел бойынша салыстырмалылық қамтамасыз ететін 16 ба­ғыт пен 90 KPI қамтылған бірыңғай стандарт бекітілді. «GOVTech» экожүйесін дамыту аясында елде жасанды интеллектіге негізделген цифрлық шешімдер кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Олардың қатарында ЖИ-колл-орталықтар, азаматтарға арналған интеллектуалды көмекшілер, өтініштерді автоматты өңдеу жүйелері және мемлекеттік органдарға арналған аналитикалық құралдар бар. Бұл қыз­мет көрсету сапасын арттырып, күнде­лікті үдерістерді автоматтандыру арқы­лы мемлекеттік органдарға түсетін жүк­темені азайтуға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Жалпы, 2025 жыл – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі үшін цифрландыру кезеңінен жасанды интеллектіні мемлекетті дамытудың негізгі құралдарының бірі ретінде енгізу кезеңіне өту жылы болды.

Мемлекеттік ақпараттық жүйелерді «QazTech» бірыңғай цифрлық платформасына кезең-кезеңімен көшіру де басталды. Мемлекет басшысының Жарлығымен биылдан бастап платформадан тыс ақпараттық жүйелерді әзірлеуге тыйым салынды. Бұл ақпараттық жүйелерді қауіпсіз режімде жылдам іске қосуға және олардың интеграциясын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Жоспарда мемлекеттік басқарудың цифрлық трансформациялауы маңызды орын алады. Басты міндет – деректер мен автоматтандыру және заманауи цифрлық платформалар арқылы мемлекеттік органдардың тиімділігін арттыру.

– Қоғам цифрландырудың мүм­кіндігін қаншалықты пайдалана алып отыр?

– «eGov mobile» қосымшасын 6,4 млн пайдаланушы қолданады. Бұл өт­кен жылмен салыстырғанда 2,2 млн-ға артық. «eGov Business» іске қосылып, қазір­дің өзінде 4,6 млн адамға қызмет көрсетіп үлгерді. Биыл «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, әкімдіктер мен табиғи монополия субъектілерінің қызметтері, мемлекеттік қолдау шаралары «eGov Business» платформасына шығарылады, сондай-ақ тәуекелдерді басқару жүйесі жетілдірілетін болады.

Азаматтар Халыққа қызмет көрсету ор­талықтарына жыл сайын шамамен 15 млн рет жүгінеді, оның 80%-ы ТОП-10 мемлекеттік қызметке тиесілі. Өткен жылы бұл қызметтерді толық цифрландыру басталды. Олардың бірқатары толықтай онлайн форматқа көшіріліп, нәтижесінде ХҚКО-ларға келушілер саны айтарлықтай азайды. Осылайша, бұл орталықтар, «Apple Store» форматына ұқсас халыққа арналған цифр­лық кеңселерге айналады. Азаматтар қызметтерді өзіне-өзі қызмет көрсету арқылы алатын болады.

Ал «Әлеуметтік әмиян» жобасы аясында 6,7 мың мектепте тегін тамақ ұйымдастырылып, 49 млн түскі ас берілді, осылайша 15-30% аралығында қаржы үнемделді. Сондай-ақ «Әлеуметтік әмиян» азаматтарды амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шең­берінде кепілдендірілген дәрілік заттар пакетін алуға мүмкіндік береді. Қызмет 700-ден астам мемлекеттік дәріхананы қамтиды. Былтыр 17 млн рецептің 13,9 миллионы цифрлық механизм арқылы берілген. Биыл бұл тәжірибені қосымша төлем тетігімен жеке дәріханаларға кеңейту жоспарланып отыр.

Министрлік толық циклді, яғни басынан аяғына дейін қызметтерді бір платформада алу үшін «AlemGPT» мультиагенттік платформасын әзірлеп, сынақтан өткізіп жатыр. Болашақта «AlemGPT» барлық қызмет бойынша толыққанды ЖИ-көмекшіге айналады.

– ЖИ жүйелі түрде енгізіліп жатқанымен, әлі күнге дейін елімізде байланыс жоқ елді мекендер бар. Мұндай ауылдар интернеттің игілігін қашан көреді?

– Еліміздің шалғай өңірлерін интернетпен қамтамасыз ету үшін спутниктік байланыс жобалары кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Қазір Қазақстанда спутниктік интернет қызметін көрсететін үш оператор жұмыс істейді. Бұған қоса, тағы екі шетелдік компанияның нарыққа келуі жоспарланып отыр, олармен қанатқақты сынақтар биыл өткізіледі. Сонымен қатар осы жылы «Қазақстан темір жолы» пойыздары мен «Air Astana» әуе компаниясының ұшақтарын спутник интернетіне қосу көзделген. Бұл жолаушылар үшін жол үстінде де тұрақты байланысқа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы тиімді географиялық орналасуы халықаралық интернет-трафик транзитінде маңызды рөл атқаруға жол ашады. Осы әлеуетті күшейту мақсатында Каспий теңізінің түбімен Әзербайжан Республикасына дейін оптикалық талшықты кабель тарту жобасы жүзеге асырылып жатыр. Аталған жобаны биылғы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

– Қабылданған «Жасанды интеллект туралы» заң мен Цифрлық кодекс­тің ЖИ дамуындағы рөлі қандай болмақ?

 – Өткен жылы біз «Жасанды интеллект туралы» заңның қабылдануы бағытында жұмыс жүргіздік. Бұл заң Орталық Азиядағы алғашқы заң болып, жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі жауапты түрде енгізудің құқықтық негізін қалады. Заң экономика мен қоғамда ЖИ қолданудың нақты ережелерін қалыптастырып, инновация, қауіпсіздік және азаматтардың құқықтарын қорғау арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді. Жасанды интеллектіні енгізудегі адамға бейінді тәсілді ескерген алғашқы елдердің біріміз. Құжат ЖИ-ді пайдалануда этикалық, ашық және жауапты пайдалану қағидаттарын бекітеді. Жүйелер тәуекел деңгейінің авто­номдылық дәрежесін және қол­да­ну режімі бойынша жіктеуді енгі­зеді және түрлі манипуляциялар мен кем­сітушілікке тыйым салады. Ал Цифрлық кодекстің негізгі рөлі – азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғау және жаңа буындағы цифрлық мемлекетке көшудің заңдық негізін қалыптастыру. Осы арқылы біз цифр­ландыруды жүйелі басқаруға көшеміз деген сөз.

 

Әңгімелескен –

Айтолған ЖҮНІСХАН,

«Egemen Qazaqstan» 

Соңғы жаңалықтар