Сурет: gov.kz
Егер шот жеке мақсатқа ашылса, ол «күнделікті өмірге арналған» деген санатқа кіреді. Яғни жалақы алу, зейнетақы түсуі, коммуналдық төлемдер жасау, дүкенде сауда жасау сияқты тұрмыстық істерге ғана қолданылады. Бұл шот арқылы бизнес жүргізуге, табыс табуға немесе кәсіби қызметтен ақша қабылдауға болмайды. Ұлттық банк осылайша жеке адамның ақшасы мен жұмыс арқылы табылатын кірісті шатастырмай, екі бөлек ұстауды көздеп отыр. Банк те, клиент те шоттың қандай мақсатта ашылғанын алдын ала біліп отырады. Егер адам банкке жеке тұлға ретінде шот ашса, ол шот арқылы кәсіпкерлік немесе кәсіби қызмет жүргізілмейді деп жазбаша түрде растауға тиіс. Сондай-ақ бұл шот өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режімінде де пайдаланылмайтыны көрсетіледі. Мұның бәрі Ұлттық банктің 2025 жылғы 31 желтоқсанда қабылданған №111 қаулысына енгізілген.
Енді «Қарапайым дебет картамен не істеуге болмайды?» деген сұрақ туындайды. Жаңа ережеге сәйкес, егер банкпен бөлек келісім жасалмаса, жеке шот арқылы кәсіпкерлік қызмет жүргізуге, өзін өзі жұмыспен қамтыған ретінде табыс табуға, нотариус немесе адвокат ретінде жұмыс істеуге, атқарушылық құжаттар бойынша төлем қабылдауға, медиация арқылы дау шешуге, басқа да кәсіби қызмет түрлеріне тыйым салынады.
Ұлттық банк бұл өзгерісті «қиындату» емес, ақша қозғалысын ретке келтіру мақсатында енгізіп отырмыз дейді. Кейінгі жылдары көптеген азамат бизнеске қатысты төлемдерді жеке шот арқылы жүргізген. Бұл бақылауды қиындатады әрі салық салуда түсінбеушілік туғызады. Ережені бұзғандарға жауапкершілік болуы мүмкін, бірақ нақты қандай жаза қолданылатыны әзірге айтылған жоқ.
Көп адамды мазалайтын тағы бір сұрақ: бұрын ашылған шоттарға не болады? Бұл талап тек 2026 жылғы 11 қаңтардан кейін ашылатын жаңа шоттарға қатысты. Бұрыннан бар шоттарды жаппай қайта рәсімдеу міндеті жоқ. Дегенмен банк шоттағы операциялар кәсіпкерлікке ұқсап кетсе, оның мақсатын нақтылап сұрауы мүмкін.