Бірінші күннің бағдарламасында әйелдер арасында скиатлон сайысы (10 шақырым + 10 шақырым) өтті. Қазақстан құрамасының атынан екі спортшы жарыс жолына шықты. Ксения Шалыгина 53-орынға табан тіресе, Надежда Степашкина 60-орынды иеленді.
Тағы бір жарыс түрі – конькимен жүгіруден әйелдер арасында 3000 метр қашықтықта жүлделер сарапқа салынды. Бұл бағдарламада Қазақстан атынан екі спортшы өнер көрсетті. Екеуі де үздік ондықтың қатарына енді.
Надежда Морозова 4:01.200 уақыт көрсеткішімен алтыншы болып мәреге жетті. Ал Елизавета Голубева 4:03.300 уақыт көрсеткішімен оныншы орынға тұрақтады.
Еске салайық, 2026 жылғы Олимпиада ойындары 6-22 ақпан аралығында Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтеді. Байрақты бәсекеде 16 спорт түрі бойынша 116 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Милан-Кортина Олимпиадасында ел намысын 10 дисциплинада 36 спортшы (18 ер, 18 әйел) қорғайды. Жалпы додаға 93 мемлекеттен 3000-ға жуық атлет қатысады.