Мәдениет • Бүгін, 19:12

Қатар төріндегі қазақ рухы

0 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қатар мемлекетінде өткен Қазақстанның мәдениет күндері елдің бай рухани мұрасы мен ұлттық құндылықтарын халықаралық деңгейде кеңінен таныстырды. Доха қаласындағы Дарб Аль-Саги мәдени-тарихи орталығы қазақ мәдениетінің шынайы ордасына айналып, жергілікті тұрғындар мен шетелдік қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырды, деп жазады Egemen.kz.

Қатар төріндегі қазақ рухы

 

Іс-шара аясында келушілер ұлттық нақыштағы дизайнерлік бұйымдармен, дәстүрлі өнер көрмелерімен, қазақтың ұлттық спорт түрлерімен танысты. Құсбегілік өнер мен жүйрік тазы иттері де көрермен назарын өзіне аударып, көшпенділер өркениетінің терең тарихынан сыр шертті.

Ұлт мәдениетінің Қатар еліндегі салтанаты

Мәдени күндердің шоқтығы биік сәттерінің бірі – «Mezzo» вокалдық тобының концерті болды. Ұжым әлемдік классика мен қазақтың ұлттық әуендерін үйлестіре отырып, тыңдарманға заманауи музыкалық туындылар ұсынды. Кеш барысында көрермендер орындаушылардың жоғары кәсіби деңгейіне тәнті болып, ерекше әсер алды.

Сонымен қатар Қатардағы Қазақстан мәдениеті күндерінде «Жошы» этно-фольклорлық ансамблінің концерті өтті. Ұжым қазақ халқының бай рухани мұрасын ұлттық музыка арқылы жаңаша қырынан көрсетті. Домбыра, қобыз, жетіген, сыбызғы секілді дәстүрлі музыкалық аспаптарда орындалған шығармалар қазақ даласының кең тынысын, тарихы мен табиғатын әуенмен өрнектеді.

«Жошының» жорығы

Әрбір композиция тыңдарманды өткен мен бүгінді жалғаған рухани сапарға жетелеп, қазақ мәдениетінің тереңдігін сезіндірді. Концертпен қатар ұйымдастырылған арнайы көрмеде ұлттық музыкалық аспаптар таныстырылып, олардың тарихы, жасалу ерекшелігі мен орындау тәсілдері туралы кең мағлұмат берілді. Қонақтар қазақтың дәстүрлі өнерімен жақын танысып, ұлттық мәдениеттің қыр-сырын тереңірек ұғынуға мүмкіндік алды.

Қатардағы Қазақстан мәдениет күндерінің ұйымдастырылуы екі ел арасындағы мәдени диалогты нығайтып, отандық мәдениетті халықаралық деңгейде насихаттауға ықпал етті. Алдағы уақытта Қазақстанда Қатар Мемлекетінің мәдениет күндерін өткізу жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар

Ерлік пен тарих

Тағзым • Бүгін, 21:32

Қатар төріндегі қазақ рухы

Мәдениет • Бүгін, 19:12