Алғашқы болып рингке қыздар көтерілді. Жарыста өзін жақсы қырынан көрсеткен Назерке Серік (65 кг) Ұлыбританияның өкілі Кайла Алленнен айласын асыра алмады. Аса ауыр салмақтың алтынын еліміздің қос былғары қолғап шебері өзара сарапқа салды. Бұл бәсекеде Умида Садықова Панар Сейітханқызына бірнеше ауыр соққы дарытқаннан кейін төреші кездесуді тоқтатты.
Жігіттеріміз жарысты қарқынды бастады. Санжар Тәшкенбай (50 кг) испаниялық Исмаэль Маграуи Фрианның әбден сілікпесін шығарды. Махмұд Сабырхан (55 кг) англиялық Эллис Троубриджді соққының астына алды. Нәтижесінде, қарсыласының қабағы жарылды. Бәсеке дереу тоқтатылып, төреші қандасымыздың қолын көтерді. Төрехан Сабырханға (70 кг) Дипакты ұту кәдімгідей қиындық туғызды. Бірінші раунд Үндістан өкілінің пайдасына шешілді. Десек те қалған кезеңдерде қарқынын күрт күшейткен әлем чемпионы жеңісті жұлып алды.
Жартылай финалда әлем чемпионы, украиналық Юрий Захареевті жеңіп, дүйім жұрттың алдында зор бедел жиған Аман Қонысбеков (75 кг) финалда жанкүйерлерін қуанта алмады. Үнді елінің мықтысы Акашқа қарсы айқаста жеңілістің кермек дәмін татты. Нұрбек Оралбай (85 кг) турнирге бейтарап спортшы ретінде қатысқан Иран боксшысы Ариан Саид Панахты еш қиналмай ұтты.
Финалда Сағындық Тоғамбайды (90 кг) Энмануэль Рейес Пла күтіп тұрды. Испанияның атынан сынға түсіп жүрген кубалық қабыланның Париж Олимпиадасының, әлем чемпионатының үш дүркін қола жүлдегері деген атағы бар. Оның үстіне жарыс Пиреней түбегінде ұйымдастырылды. Тең дәрежеде өткен жекпе-жекте жеңіс ринг қожайынына берілді. Аса ауыр салмақтылардың соңғы сынында қазақтың қос алыбының жолдары қиысты. Бұл бәсекеде Айбек Оралбай Нұрасыл Асылханнан басым түсті. Жартылай финалда жеңіліс тапқан Тимур Нұрсейітов (75 кг), Азамат Бектас (80 кг), Нұрбек Мұрсал (70 кг), Нұрзат Оңғаров (50 кг), Элянұр Тұрғанова (48 кг), Гүзал Садықова (80 кг) қола медальды қанағат тұтты. Сөйтіп, турнирді еліміздің ұлттық құрамасы 6 алтын, 5 күміс, 6 қола, барлығы 17 жүлдемен қорытындылады. Осы көрсеткіштің арқасында жерлестеріміз жалпы командалық есепте жеке-дара көш бастады.