Экспорт • Бүгін, 12:55

Қазақстаннан Қытайға 12,3 мың тонна жемдік ұн жөнелтілді

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қытайға жемдік ұн тиелген контейнерлік пойыз аттанды. Жалпы көлемі 12,3 мың тоннаны құрайтын өнім Азық-түлік келісімшарт корпорациясының қолдауымен жөнелтілді. Бұл қадам екі ел арасындағы аграрлық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған жүйелі жұмыстың жалғасы саналады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстаннан Қытайға 12,3 мың тонна жемдік ұн жөнелтілді

Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Жүк жөнелтуші – «Қапшағай бидай өнімдері» ЖШС, ал қытайлық импорттаушы – Shandong Hi-speed Qilu International Land Port Development Co. Ltd. Жеткізу – Ауыл шаруашылығы министрлігі делегациясының Бейжіңге сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру аясында жүзеге асырылып отыр.

Иранға астық экспорты 72%-ға артты

Келісім және нақты нәтиже

2025 жылдың қазан айында Азық-түлік келісімшарт корпорациясы мен Shandong Hi-speed Qilu компаниясы Қазақстаннан Қытайға дәнді, жем-шөп және майлы дақылдарды экспорттау жөнінде келісімге қол қойған еді. Құжат аясында 35,4 мың тонна жемдік ұн жеткізу жоспарланған. Бүгінге дейін соның 22,9 мың тоннасы қытайлық тапсырыс берушілерге жөнелтілді.

Соңғы екі жылда Қытай нарығында отандық жемдік ұнға сұраныс тұрақты түрде артып келеді. Отандық өндірушілер де бұл үрдіске сай жеткізу көлемін көбейтіп отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша көрші елге экспортталған жемдік ұн көлемі 2,6 млн тоннадан асып, алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есеге ұлғайды.

Күнбағыс майының экспорты артты

Экспортты қолдаудың жаңа тетіктері

Отандық қайта өңделген агроөнімді шетел нарығына шығаруда Азық-түлік келісімшарт корпорациясы маңызды рөл атқарып отыр. 2024 жылдан бері ұлттық астық операторы ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық партияларын шоғырландыру бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. Бұл бастама ірі көлемдегі жеткізілімдерді қалыптастыруға және логистиканы тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Соңғы екі жылда аталған бағдарлама аясында отандық аграршылар шетелдік сатып алушыларға шамамен 58 млн доллардың өнімін экспорттады. Оның басым бөлігі – дәнді және майлы дақылдар, күнбағыс майы мен жемдік ұн.

Азық-түлік келісімшарт корпорациясының қолдауымен Шығыс Қазақстандағы өңдеу зауыты Қытайдың Sinograin мемлекеттік компаниясына күнбағыс майын жеткізіп, кейін серіктестік байланысын өз бетінше жалғастырды.

Осылайша, ұлттық оператор отандық қайта өңдеушілер үшін сыртқы нарыққа жол ашып, экспорттағы әкімшілік және логистикалық кедергілерді азайтуға ықпал етіп келеді. Бұл – қосылған құны жоғары өнімнің дербес экспортына берік негіз қалыптастыратын маңызды қадам.

Қазақстан әлемнің 70-тен аса еліне ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттайды

Соңғы жаңалықтар