«Биылғы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркелген 12 416 759 азамат сайлаушылар тізіліміне енгізілді. Яғни бүгінде республикалық референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың тізімін жасауға негіз бар. Енді тек қаңтар-ақпан айларындағы көші-қон үдерістеріне және азаматтардан түскен өтініштерге байланысты нақты түзетулер енгізу қажет», деді Орталық референдум комиссиясының мүшесі Азамат Айманақұмов.
Оның айтуынша, референдумды ұйымдастыру үшін сайлау учаскелерінің екі түрі пайдаланылады – азаматтардың тұрғылықты жері бойынша және уақытша болатын орындарда құрылған учаскелер.
«Жалпы сайлау учаскелерінің саны – 10 413. Оның ішінде азаматтардың тіркелген жері бойынша – 9 779, уақытша болатын орындарда – 634, соның ішінде шетелдегі учаскелер саны – 82. Бұл 82 учаске 64 мемлекетте орналасқан. Референдум комиссиялары мүшелерінің жалпы саны – 71 044 адам», деп атап өтті комиссия мүшесі.
Отырыста 2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумды дайындау мен өткізудің негізгі іс-шараларының күнтізбелік жоспары бекітілді.
Еске салайық, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы жарлыққа қол қойған еді.