Басылым • Бүгін, 08:00

«Ажалын жоғалтқан адамның» тұсауы кесілді

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада белгілі қаламгер Сайлау Байбосынның «Ажалын жоғалтқан адам» атты романының тұсаукесері өтті.

«Ажалын жоғалтқан адамның» тұсауы кесілді

Ұлттық академиялық кітап­хана мен «Амангелді Иман» қоғамдық қоры бір­­лесіп ұйымдастырған іс-шарада Жазу­шылар одағының мүшесі, Қазақ­станның ең­бек сіңірген мәдениет қыз­меткері, Ерейментау мен Баянауыл аудандарының құрметті азаматы Сайлау Байбосын алғашқы сөзді алып, Астана мен Алматыдан жырақтағы қаламгерлердің шығармашылығы жіті бағалана бермейтінін, сол себепті де өңірдегі жазушылар назардан тыс қалатынын тілге тиек етті. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Астананың әдебиетсүйер қауымына «Ажа­лын жоғалтқан адам» атты романын таныстыруды көздеп келгенін жеткізді.

Парламент Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы, Мәжіліс депутаттары Қазыбек Иса, Нұржан Әшімбетов, сондай-ақ профессор Серік Негимов, жазушылар Мәди Айымбетов, Нұржан Қуантайұлы, Айгүл Кемелбаева, Жұмағали Қоғабай жаңа роман тақырыбының тосындығын, композициялық құрылымын, оқиға өрбітуін, тіл жатықтығын, басқада жетістіктерін айта келіп, бүгінгі заманауи прозаға қосылған өз айтары бар шығарма екенін атап өтті.

Мәселен, филология ғы­лымда­рының докторы Серік Негимов сөйлеп, аталған романды қызыға оқып шық­қанын, туындыда автор санау­лы кейіпкерлердің тағдыры арқылы адамзатқа ортақ мәңгілік құнды­лықтарды, адалдық пен сатқындықты, мейірім мен қатыгездікті, махаббат пен төзімділікті тереңнен ашқанын әңгімеледі. «Кітапты оқып отырып, бас кейіпкермен бірге қиналдық. Романдағы оқиғалардың шынайылығы сондай, денемізді түршіктірді», деді. Ал сенатор Алтынбек Нұхұлы автордың ақындығы мен өлкетанушы ретіндегі еңбегіне арнайы тоқталып, прозадағы осы бір үлкен туындысы бүгінгі оқырманның іздеп жүріп оқитын дүниесі болатынына сенім білдірді.

Соңғы жаңалықтар

Рудныйда қазақ мектебі ашылды

Аймақтар • Бүгін, 08:35

Даналық һәм диалектика

Тұлға • Бүгін, 08:30

Қазақы болмыстың қоңыр үні

Тағзым • Бүгін, 08:20