Фото: Ашық дереккөз
Тараптар теміржол саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, өткізу қабілетін арттыру және логистикалық бағыттардың тиімділігін көтеру мәселелерін талқылады.
Кездесуде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы теміржол қатынасының стратегиялық маңызы атап өтілді. Бұл бағыт екіжақты сауда-экономикалық байланыстарды нығайтып қана қоймай, халықаралық транзит пен өңірлік көлік ықпалдастығын дамытуда шешуші рөл атқарып отыр.
Сарапшы: Қазақстан Өзбекстанға қарағанда дайын өнімді көбірек өндіреді
2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы теміржол тасымалы 32,3 млн тоннаны құрады. Бұл – 2024 жылмен салыстырғанда 16 %-ға артық көрсеткіш. Тұрақты өсімді сақтау үшін тараптар бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірледі. Құжатта Сарыағаш, Оазис және Сырдария түйіспелеріндегі инфрақұрылымды жаңғырту, соның ішінде Дарбаза-Мақтарал учаскесіндегі негізгі жобаларды аяқтау көзделген.
Қазір Сарыағаш түйіспесі арқылы тәулігіне 36 жұп пойыз өтеді, ал межелі көрсеткіш – 40 жұп. Оазис арқылы тәулігіне 2 жұп пойыз жүрсе, болашақта бұл сан 10 жұпқа дейін ұлғайтылмақ. Сырдария бағытында Дарбаза–Мақтарал учаскесі іске қосылғаннан кейін тәулігіне 10 жұп пойыз өткізу жоспарланып отыр.
Кеңес барысында инфрақұрылымдық және жөндеу жұмыстарын үйлестіру, бақылау рәсімдерін жетілдіру, технологиялық ықпалдастықты оңтайландыру және тасымал үдерісінің тиімділігін арттыру мәселелері де қаралды.
Сырдарияда он гидробекет орнатылады: Қазақстан мен Өзбекстан суды қалай бөліспек?
Кездесу қорытындысында тараптар серіктестікті одан әрі кеңейтуге және жүк айналымын кезең-кезеңімен ұлғайтуға өзара мүдделі екенін растады. Теміржол инфрақұрылымын жаңғырту мен өткізу қабілетін арттыру өңірлік транзиттік тораптағы Қазақстанның орнын бекемдей түспек.