Қоғам • Бүгін, 08:05

Әңгіме арқауы – руханият мәселесі

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханада облыс әкімі Берік Уәли жергілікті ақын-жазушылармен еркін форматта кездесу өткізді. Оған қала-аудандардан келген зиялы қауым өкілдері, айтыскерлер, жазба ақындар мен қаламгерлер қатысты. Жиында өңір басшысы әуелі қалам ұстаған қауымның қоғамдағы орнына тоқталды.

Әңгіме арқауы – руханият мәселесі

–  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты бағдарламалық мақаласында: «Семей өңірі – қазақ тарихындағы киелі өлкенің бірі. Сондықтан елдің рухани дамуында ерекше орны бар Семей қаласын тарихи орталық ретінде белгілеген жөн», деп айрықша атап өткен болатын. Әдебиет пен мәдениеттің қазығы қағылған, киелі Абай елінің руханият сардарларының алдыңғы сапында қалам ұстаған қауымның тұратыны ақиқат. Сондықтан да мен бүгін өздеріңізбен арнайы жүздесіп отырмын, – деді облыс әкімі.

Кездесу барысында өңірдің мәдениет саласында атқарылып жат­қан істер мен нақты нәтижелер сөз болды. Президент өкімімен белгілі ақын Төлеген Жанғалиев мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендия иегері атанды. Айтыскер ақын Әсем Ережеқызы «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығын иеленді. Өткен жылы «Абай жолы» кітапханасы» сериясы аясында 25 ақын-жазушының кітабы жарық көріп, өңір руханиятына жүйелі қолдау көрсетілді.

Алдағы уақытта облыста «Тарба­ғатай» дәстүрлі өнер театрын ашу көзделген. Өңір басшысы Абай облысының гимнін жазуға арналған «Ұлылар елі» республикалық ән байқауы басталатынын жариялады. Ол екі бағыттан тұрады: «Киелі Абай елі» – облысқа арналған гимн жазу және «Trend auen» – заманауи музыкалық шығармалар байқауы. Бұған қоса басқосуда конституциялық реформа туралы да айтылды.

Кездесуде кітапхана директоры Мерей Қарт «Абай жолы» кітапханасы» жобасын таныстырды. Сөз алған басқа да ақын-жазушылар мен зиялы қауым өкілдері өңірдегі руханият саласын жүйелі қолдау, жас қаламгерлерге арналған гранттармен, өңірлік әдеби байқаулардың ауқымын кеңейту, ауылдардағы кітапхана қорын жаңарту, айтыс өнерін институционалдық тұрғыда дамыту туралы ұсыныс-пікірлер айтылды.

 

Абай облысы 

Соңғы жаңалықтар

Рамазан айына 1 күн қалды

Руханият • Бүгін, 09:55

Сыр бойына жүгері де жерсінеді

Аймақтар • Бүгін, 08:45

Цифрлық мәдени мұра

Мирас • Бүгін, 08:30