Таным • Бүгін, 08:30

Өскелең ұрпақтың ұстаханасы

0 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Білімге құштар ұрпақты баптауда балалар басылымының арқалар жүгі зілмауыр. Кітап бетін парақтап, газет-журнал оқитын ұрпақ тәрбиелеу мұратына жету жолында бағытынан айнымай келе жатқан балалар басылымының бірі – «Айгөлек» журналы. Бірнеше буынның айнымас серігіне, ой бөлісер сырласына айналған басылымға биыл 25 жыл толды.

Өскелең ұрпақтың ұстаханасы

«Айгөлек» журналы ақын Қымбат Әбілдақызының баста­ма­сы­мен, жеке қаржысымен 2000 жылдың тамыз айын­да жарыққа шықты. Осыдан ширек ғасыр бұрын отбасының бір бөлмелі пәтер алуға жинаған қаражаты 24 беттік журналдың қанатқақты нөмірін оқырманның қолына тигізуге ғана жетті. Одан кейін бас редактордың күн жортып, түн қатқан тынымсыз еңбегінің нәтижесінде демеуші де тапты. Оқырман мәдениетін қалыптастырып, «Айгөлек» журналы оқырманының санын 25 жылдың ішінде 80 мыңға жеткізді. Оқушы қауымның көңіл кілтін дөп басып, мұраты биік оқырманның талғамына татитын сүйекті қадау-қадау жобаларды жүзеге асырды. Журналда жарияланған бәйге-байқау жеңімпаздарына арналып, сегіз мәрте республикалық фестиваль өтті. Осы 25 жылдың бедерінде 2025 бала «Айгөлектің» жас тілшісі, ал 1996 бала «Айгөлектің» жас суретшісі куәлігін алды. Ғасыр ширегінде журналдың 295 нөмірі өз оқырманымен қауышып, рухани қазына сыйлады.

Журналдың жазылушыларын баласынуға әсте болмайды, олардың тал­ғамына татымды дүние ұсын­ған­да ғана көңіл пернесі ашылады. Мұны медет тұтқан журналдың бас редакторы әр бетке басылатын суретті тек кәсіби қылқалам шебер­ле­рі­не ғана бейнелетеді. Анығы, бұл күнде «Айгөлектің» ажарын ашып, әрін кіргізетін 22 қыл­қалам шебері – журналдың тұрақ­ты авторы.

Былтыр қараша айында қазақ мәдениетінің майталманы, КСРО халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов журналдың 25 жылдық мерейтойына орай айтқан лебізін былай сабақтайды. «Айгөлек» журналы – Қымбаттың қазаққа деген зор сүйіспеншілігінің жемісі. 2000 жылы менен сұхбат алып, өзі фотоаппаратпен фотоға түсіріп, журналға жариялағанда «бұл өзіндік соқпағы бар, мінезді адам, білімді маман» деп таныдым. Қарапайым ғана адамның қиын кезде балалар журналын ашып, жарыққа шығаруы оңай емес. Сөз жоқ, жүректің ісі, балаға деген мол мейіріммен, жанашырлықпен, жан аямас еңбекпен дайындалатынына көзіміз жетті. Журналдың бас редакторын бар қазақтың баласы жақсы көретін сияқты. Оны жазған-сызғандарынан көріп, адал еңбектің әділ бағасын өздері беріп жатқанына көңілім өсіп марқайып қаламын», депті Асанәлі Әшімұлы.

п

Ал М.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институтының бас ғылы­ми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлзия Пірәлиева журналдың еңбегі ерен екенін айтады. «Балалар баспасөзі тек жазбалар, мақалалар тізбесі емес, ол елдің ертеңіне жасалып жат­­­­­­­қан рухани мұралар мекені, періште-перзенттеріміздің пәк таза пейіл­де­рімен жазылған, соған лайық­талып түзілген адам­заттың ақыл-ойы­ның қайнар көзі де. «Айгөлек» журналындағы тасқа түскен жазулар – ұрпақтан-ұрпаққа, ғасырдан-ғасырға жетер жәдігерлер, адамзаттың көп ғасырлық мәдениеті, әр ұлттың ұрпағына қалдырар мұрасы. Ана тілін ұмытқан ұр­пақ өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзері ақиқат. «Тәрбие – тал бесіктен» де­ген халық даналығын дәріптеген «Айгөлек» журналының бүгінгі ұрпақтың әрбір қадамына қуа­нып, сәттілік тілеп, үміт артып, сенім­мен қарауы әрбір ата-ананы қуан­тады», дейді ғалым.

Алаштанушы ғалым, профессор Айгүл Ісмақова бүй дейді: «Біз жыраулар мен би шешен­дер­дің сөзіне билікті бағын­дырған қа­зақ­тың ұрпағымыз. Алаштың ғалымдары Жүсіпбек Аймауытұлы «Психология», Мағжан Жұмабайұлы «Педаго­ги­ка» еңбектерінде былай деп ес­керт­кен: «Баланың жаны мен тәніне керек сөздер айтылмаған кезде оның жаны тозады. Тәннің ғана үстемдігі артқан уақыт ман­ның ең басты қатері болады». Өкінішке қарай, біз осындай кезде өмір кешіп отырмыз. Мен өз баласы мен немересіне қандай жан азығын берерін білмейтін ата-аналарға нық сеніммен, негізгі көмекші бола алатын мазмұны мен көркемдігі үйлескен «Айгөлек» журналын оқуды ұсынар едім! Бұл журналды оқып, қаншама қа­зақ­тың балаларының өркені өсті. Журналда қазіргі заманауи ЖИ-дан бастап, баланың жанын тәр­биелеуге не қажет екені со­қыр­ға таяқ ұстатқандай ап-анық бері­ле­тін журналды ұрпағыңмен бірге оқу керек».

Елдің бүгіні мен болашағына бейжай қарамайтын, ұлағатты ұрпақ қамын ойлайтын әр ата-ананың жүрегіне жол тауып келе жатқан Қымбат Әбілдақызының арқалаған аманаты әсте жеңіл емес. Біздің ой да әдебиет сыншысы Әлия Бөпежанованың пікірін қуаттай түседі. «Оралхан Бөкей­дің: «Ұлы істерді үндемей жү­­ріп тындырар болар» дейтіні еске түседі. «Айгөлектей» журнал ширек ғасырдан бері үзіліссіз, айдан айға мазмұны мәйектеніп, жарқырап, өз ғарышына алған баланы азаматтыққа дейін жет­кізуінің басты бір себебі – бас­шы­лығында осындай ұлы істі шаршадым демей жүріп тындыратын тұлғаның болуы. Ол «Айгөлектің» анасы атанған, қазақ балаларының рухани ұстазы, қазақтың рухты, қайраткер, ұлтшыл, елін сүйер қызы, белгілі ақын Қымбат Әбілдақызы» деген сыншының алғаусыз лебізі лайықты баға деп білеміз. Қара орман оқырманы барда журналдың жасай берері хақ. 

Соңғы жаңалықтар

Қай өңірлерде жолдар жабық тұр?

Қазақстан • Бүгін, 09:28

Полигон аймағы игеріледі

Аймақтар • Бүгін, 09:05

Дамуға бастар жол

Саясат • Бүгін, 08:48