Білікті ұстаз Анна Колтунованың бірнеше жоғары білімі бар, жетістігі де жетіп артылады. Тәжірибелі педагогке қаладағы білім орындарынан, тіпті шетелден де шақырту түскен. Алайда ол өзінің туып-өскен ауылындағы Сәкен Сейфуллин атындағы мектепті таңдаған. Бар ойлағаны – ауыл мектебін дамыту, балаларға тек қалада ғана емес, ауылда да мүмкіндік бар екенін көрсету. Айтқаны орындалып келеді. Анна информатика пәнінен екі тілде сабақ береді.
Ел аузындағы мұғалімге озық тәжірибесімен бөлісу мақсатында бірнеше мемлекеттен шақырту жолданған. Минск, Мәскеу, Кишинев қалаларынан тәжірибесі мен авторлық әдістемелерін таныстыруға ұсыныс түскен. Алайда отбасылық жағдайға байланысты алыс сапарға шыға алмаған. Қазір Астанада өтетін халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға шақырту алып отыр. Оған қатысып, тәжірибесімен бөліспекші.
Ұлттық құндылықтарды оқушылардың санасына сіңіруде ұстаз көптеген қызықты әдіс-тәсіл ойлап тапқан. Соның бірі – ұстаз бен шәкіртті жақындастырып, балалардың бойына рух дарытқан «Сыр сандық» жобасы.
«Оқыту тек білім берумен шектелмеуге тиіс. Ол жеке тұлғаны дамытып, туған тілге, мәдениетке, ұлттық құндылықтарға құрмет сезімін оятуы қажет. Маған балаларға жақын, оларға эмоционалдық әсер қалдыратын әрі өз тамырымен байланысын сездіретін формат керек болды. Осылайша, дәстүрлі қазақ сандығының бейнесі – «Сыр сандық» идеясы туды. Әр «сыр» тек оқу материалын ғана емес, сонымен бірге үлкенді сыйлау, Отанға деген сүйіспеншілік, адалдық, еңбекқорлық, жауапкершілік секілді құндылықтарды ашады.
Жоба аясында жасанды интеллект арқылы оқушыларға ұлттық құндылықтарды ойын түрінде меңгертуге, тапсырмаларды шешуге, шешім қабылдауға, таңдау жасауға мүмкіндік беремін. Оқушылар ЖИ көмегімен мультфильмдер жасайды. Олар әрі сценарист, әрі режиссер ретінде дәстүр мен тәрбиелік мәні жоғары әңгімелерді өмірге әкеледі. Бұл тәсіл шығармашылық ойлауды дамытып қана қоймай, визуалды образдар арқылы материалды тереңірек қабылдауға жол ашады. Сондай-ақ бастауыш сынып оқушыларына арналған цифрлық кітаптар да жасаймыз.
«Сыр сандықтан» бөлек, жасанды интеллектіге негізделген «AI Creator: Цифрлық шығармашылық әлемі» курсын, «Цифрлық киіз үй», «Тірі мұра», интерактивті білім беру квесттері мен ойындар сериясын әзірлейміз. Бұл жобалардың барлығы дәстүр мен технологияны тоғыстырып, ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған», дейді Анна.
Білікті ұстаздың еңбегі мен жаңашылдыққа ұмтылысы ескеріліп, ол «Үздік сынып жетекшісі – 2024» республикалық байқауында топ жарып, «Үздік педагог» байқауында бірнеше мәрте жүлдегер атанды. Оның жобалары ғылыми конференциялар мен халықаралық жарыстарда жоғары бағаланды.
Педагог тек сабақ берумен шектелмей, әріптестеріне арналған кәсіби платформа қалыптастырып, жасанды интеллектіні білім беру үдерісіне енгізудің тиімді жолдарын ұсынып келеді.
Алдағы жоспарында екітілді оқытуды дамыту, жасанды интеллект арқылы қазақ тілін меңгертудің жаңа форматтарын енгізу, «Ақылды киіз үй» жобасын жүзеге асыру және AR, VR технологияларын білім саласына бейімдеу бар. Осылайша, қарапайым ауыл мектебінде мемлекеттік тіл жүйелі түрде дамып, заманауи цифрлық білім беру кеңістігі қалыптасып келеді.
«Оқушылар өзімен бір тілде, яғни технология тілінде түсінісетін, сеніммен сөйлесетін мұғалімге үйір. Бүгінгі мұғалім – тек білім беруші емес. Ол – шабыт беруші, ынталандырушы, зерттеуші әрі жаңашыл тұлға. XXI ғасыр мұғалімі дәстүрлі құндылықтарды заманауи тәсілдермен үйлестіре білуі керек. Қазіргі оқыту формалары, интерактивті тапсырмалар, жасанды интеллектіні қолдану және ойын әдістемелері сабақтың қызықты өтуіне ықпал етеді. Балалардың барлығы сабаққа белсенді қатысып, өз пікірінің маңызды екенін және жеке тұлға ретінде бағаланатынын сезінеді», дейді білікті ұстаз.
Қарағанды облысы