Жаңа құжатқа сәйкес, елімізде нөмірді көшіру рәсімін жетілдірудің бірқатар тетіктері қарастырылған. Соның ішіндегі ең маңыздысы – донор-операторға (нөмірді беруші тарапқа) абоненттің өтінішінен бас тарту құқығын беру. Егер абоненттік нөмір алғаш белсендірілген сәттен бастап 60 күн өтпеген болса, оператор оны басқа желіге көшіруден заңды түрде бас тарта алады. Құжаттың сипаттамасында бұл өзгеріс нарықтағы теріс пайдаланушылықтың алдын алуға және байланыс провайдерлерінің мүддесін қорғауға бағытталғаны атап өтілген.
Сонымен қатар министрлік абоненттер үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында донор-оператордың сұранысқа жауап беру мерзімін қатаңдатуды ұсынып отыр. Ендігі кезекте оператор нөмірді көшіру туралы сұраным түскен сәттен бастап 10 минуттан аспайтын уақыт ішінде ресми жауабын қайтаруға міндеттеледі.
«Түзетулердің негізгі мақсаты – нөмірді көшіру рәсімін заманауи талаптарға сай жетілдіру және клиенттерге барынша ыңғайлы жағдай жасау. Бұл қадам абоненттің байланыссыз қалатын кезеңін барынша қысқартуға және қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді», деп түсіндірді ведомство өкілдері.