Әлем • Бүгін, 10:03

Мексикада атышулы қылмыстық топтың жетекшісінің қазасынан кейін жаппай тәртіпсіздік басталды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2026 жылғы 22 ақпанда Мексика Қарулы күштері арнайы операция барысында елдегі ең ықпалды қылмыстық топтардың бірінің жетекшісі – Немесио Осегера Сервантесті өлтірді. «Эль Менчо» лақап атымен танымал қылмыс әлемінің серкесінің қаза тапқанын Мексика үкіметі ресми түрде растады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мексикада атышулы қылмыстық топтың жетекшісінің қазасынан кейін жаппай тәртіпсіздік басталды

Фото: Alejandra Leyva/AP Photo/picture alliance

Ұзақ жылдар бойы «Жалиско жаңа буын картелі» қылмыстық ұйымына жетекшілік еткен Осегера Мексикадағы ең қатыгез әрі ықпалды қылмыскерлердің бірі ретінде танылған. Ол мемлекеттік қауіпсіздік күштерімен ашық қарулы қақтығыстарға түсуден тайсалмаған. Аталған картель негізінен кокаин, метамфетамин және фентанил сияқты есірткі заттарын Америка Құрама Штаттарына заңсыз тасымалдаумен айналысып келген.
 
Америкалық «The New York Times» басылымының мәліметінше, Осегера Халиско штатындағы Тапальпа қаласында өлтірілген. Бұл аймақ – қылмыстық топтың іргесі қаланған әрі басты тірек нүктесі саналатын өңір. Мексиканың Вашингтондағы елшілігі аталған арнайы операцияны жүргізу барысында АҚШ тарапынан маңызды барлау ақпараттары ұсынылғанын ресми түрде растады. 

Ел бойынша жаппай тәртіпсіздіктер басталды

Осегераның қаза табуы Мексиканың бірнеше өңірінде жаппай тәртіпсіздіктерге ұласты. Кемінде бес штатта, соның ішінде Халискода, көліктер өртеліп, жолдар әдейі бөгелген. Бұл жергілікті есірткі картельдердің билікке қарсы жиі қолданатын тактикасы.

Халиско штатының губернаторы Пабло Лемус Наварро құқық қорғау органдары мен картель мүшелері арасында қақтығыстар болғанын растады. Оның айтуынша, белгісіз қарулы топтар арнайы операцияға кедергі жасау үшін автокөліктерді өртеп, көшелерді жапқан.

Штатта төтенше жағдай режимі енгізілді. Кейбір аудандарда қоғамдық көлік жұмысы тоқтатылып, тұрғындарға үйлерінен шықпауға кеңес берілді. Өрт қою оқиғаларының бір бөлігі штат астанасы –Гвадалахара қаласында тіркелген. Айта кетейік, бұл қалада алдағы айларда футболдан әлем чемпионатының ойындары өтуі тиіс еді.

Әуежайлар жабылды, АҚШ ескерту жасады

Пуэрто-Вальярта халықаралық әуежайы Гвадалахара халықаралық әуежайлары уақытша рейстерді қабылдауды тоқтатты. Әлеуметтік желілерде жолаушылардың әуежай ғимараттарында жасырынуға мәжбүр болғаны түсірілген бейнежазбалар таралған.

АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары Кристофер Ландау «Эль Менчоның» қазасын «Мексика, АҚШ, Латын Америкасы және бүкіл әлем үшін маңызды оқиға» деп атады.

Тәртіпсіздіктерге байланысты АҚШ-тың Мексикадағы елшілігі Халиско, Тамаулипас, Мичоакан, Герреро және Нуэво-Леон штаттарында жүрген америкалық азаматтарға қауіпсіз жерге паналап, сыртқа шықпауға кеңес берді.

Соңғы жаңалықтар