Қысқы спорт • Бүгін, 17:56

Қазақстан құрамасының қысқы Олимпиададағы жолы: Жылдар мен нәтижелер

10 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ақпан айының 6-22 аралығында әлемнің 94 елінен 2 917 спортшысы жарыс жолына шыққан дүбірлі дода – Милан және Кортина-2026 қысқы Олимпиада ойындары өтті. Күні кеше мәресіне жеткен төртжылдықтың басты бәсекесі Қазақстан атлеттері үшін қысқы Олимпиада тарихындағы екінші үздік көрсеткіш ретінде тіркелді. Нақтыласақ, ел спортшылары 1994 жылы тәуелсіз ел ретінде алғаш қатысқан Лиллехаммер Олимпиадасын 12-орынмен аяқтаса, Италияның қос қаласында ұйымдастырылған биылғы бәсеке 19-орынмен қорытындыланды. Қазақстан құрамасының 2018 жылғы Пхёнчханнан бергі медальсіз өткен Олимпиадалық жолына мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров нүкте қойды. Тарих қойнауына бет алған тағы бір Олимпиадалық циклдің аяқталар тұсында бұған дейінгі қысқы спорт тартысындағы бағынған межелерге тоқталамыз, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстан құрамасының қысқы Олимпиададағы жолы: Жылдар мен нәтижелер

Басты фото: stayersportswear.com Мәтін ішіндегі суреттер: olympic.kz/ru, ТСМ

Биыл отандастарымыз ел тарихындағы тоғызыншы қысқы Олимпиадада өнер көрсетті. Бұған дейінгі қысқы Олимпиада ойындарында алтын жүлде тек Норвегияның Лиллехамер қаласында өткен додада қоржынға түскен еді. Еліміз үшін ерекше жүлдені шаңғышы Владимир Смирнов еншілеген. Ал Италия төріндегі мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың алтыны Қазақстан еншісіне 32 жылдан кейін бұйырды.

Қысқы Олимпиада: Қазақстан құрамасының нәтижелері

Жерлестеріміз 1994 жылы Норвегияның Лиллехамер қаласында өткен қысқы Олимпиадаға тұңғыш рет қатысып, бір алтын және екі күміс медальді қанжығалады. Осылайша, еліміз жалпы командалық есепте 12-орынға табан тіреді. Үш жүлдені де ел қоржынына шаңғышы Владимир Смирнов салды. Аталған Олимпиадада ел атынан 29 спортшы спорттың сегіз түрінен бақ сынаған еді.

мм

Араға төрт жыл салып спортшыларымыз Жапонияның Нагано қаласында өткен Ақ Олимпиадаға аттанды. Байрақты бәсекеде 60 спортшының ішінде тағы да шаңғышы Владимир Смирнов дараланып, ел қоржынына қола жүлде салды. Сол сайыста бұйырған екінші қоланы конькимен жүгіру спортының өкілі Людмила Прокашева иеленді. Қоланы қанағат тұтқан құрама бұл жолы турнирлік кестенің 20-шы сатысына жайғасты.

мм

2002 және 2006 жылғы қысқы Олимпиада АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити және Италияның Турин қаласында өтті. Мұхиттың арғы бетіндегі ойындарға Қазақстан құрамасынан 52 спортшы, Туриндегі бәсекеге 43 спортшы қатысты. Өкінішке қарай, екі Олимпиадада да ел споршылары жеңіс тұғырынан көріне алмады.

2010 жылы Канаданың Ванкувер қаласында жалауы желбіреген Ақ Олимпиадада 37 спортшымыз бақ сынап, бір күміс жүлде ғана бұйырды. Жалғыз жүлдені биатлон бәсекесінде өнер көрсеткен Елена Хрусталева жекелей сайыста еншіледі.

аа

2014 жылы Ресейдің Сочи қаласында өткен жаһандық жарыста да жалғыз медаль қолға түсті. Олимпиаданың соңғы күндерінде мұз айдынға шыққан мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен үшінші тұғырдан көрініп, елімізге қола медаль сыйлап қуантты. Бұл олимпиадаға жалпы саны 51 спортшы аттанған еді.

вв

2018 жылғы Олимпиада Корея Республикасының Пхёнчхан қаласында ұйымдастырылып, жарысқа Қазақстан құрамасы сапынан 44 спортшы қатысты. Бұл Олимпиадада Қазақстан құрамасының қоржыны бос қайтқан жоқ. Фристайл-могул өкілі Юлия Галышева 77,40 ұпай жинап, Пхёнчхан Олимпиадасының қола жүлдегері атанды.

рр

Ал 2022 жылы Ақ Олимпиада алауы Қытайдың Бейжің қаласында тұтанды. Бұл додаға Қазақстан құрамасынан 34 спортшы (17 ер, 17 әйел) қатысты. Бұған дейінгі Солт-Лейк-Сити (АҚШ) және Турин (Италия) Олимпиадалары секілді бұл бәсекеде де отандастарымыз жүлдесіз қалды. Дегенмен, шорт-трекші Абзал Әжіғалиев төртінші сатыға табан тіреп, жүлдеге бір қадам жетпей тоқтады. Сондай-ақ аралас эстафетадағы отандық шорт-трек командасы Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша, Ольга Тихонова, Яна Хан бесінші орыннан көрінді.

Милан және Кортина-2026: Шайдоров шыңы. Үздік ондық

Италияның қос қаласында өткен XXV қысқы Олимпиадада ұлттық құрама сапында 10 дисциплина бойынша 18 ер, 18 әйел, жалпы жиыны – 36 спортшы жарыс жолына шықты. Төртжылдықтың басты бәсекесіне еліміздің 11 өңірі, Алматы, Астана және Шымкент қалалары, сондай-ақ Ақмола, Шығыс Қазақстан, Алматы, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Абай облыстары үкілеп үміт қосты. Бұл көрсеткіш елімізде қысқы спорт географиясының кеңейіп келе жатқанын айқын аңғартты. Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, 2022 жылғы қысқы ойындарға – 10 өңірдің, 2018 жылы – 9 өңірдің, ал 2014 жылы – 10 өңірдің өкілдері қатысқан.

Отандық спорт үшін биылғы Олимпиаданың ең ірі жетістігі 13 ақпан күні тіркелді. Сол күні отандасымыз Михаил Шайдоров мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы атанды. Бұл – Қазақстанның қысқы Олимпиадада кейінгі 32 жылда жеңіп алған алтын медалі әрі мәнерлеп сырғанаудан ел тарихындағы алғашқы Олимпиада чемпионы. Бұған дейін мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан қоржынында тек қола жүлде болған. Жөні бөлек ол жүлдені елімізге 2014 жылғы қысқы Олимпиадада Денис Тен тарту еткен.

Еркін бағдарламада жерлесіміз еркін көсілді. Михаил әу баста төрт айналым элементін төрт мәрте жасаймын дегенмен, мұз үстінде бес рет төрт айналым элементін, одан кейін үш айналым аксельге төрт айналым сальхов элементін қоса сәтті орындады. Жүлде жолында мәнерлеп сырғанаушылардың ешбірі бұл элементті қайталай алған жоқ. Отандасымыз еркін бағдарламада Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайбергеннің орын­дауындағы туындының әуенімен өнер көрсетіп, қос сайыс қорытындысы бойынша 291,58 ұпаймен көш бастады.

пп

Бұдан бөлек отандастарымыз қысқы спорт түрлеріне машықтанған әлем елдерінің өкілдеріне лайықты қарсылық танытты. Бірнеше отандасымыз үздік ондықтан ойып орын алды. Мәселен, 19 жастағы мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина Олимпиададағы дебютінде 207,46 ұпай жинап, жеке рекордын жаңартып, 10-орын иеленді. Бұл – Қазақстан тарихындағы әйелдер арасындағы мәнерлеп сырғанаудан Олимпиададағы ең жоғары нәтиже. Конькимен жүгіруден Надежда Морозова 3000 метр қашықтықта 6-орын, 5000 метрде 10-орын алып, 1998 жылдан бергі отандық конькишілердің ең үздік көрсеткішін тіркеді. Елизавета Голубева 1500 метрде 7-нәтиже көрсетіп, 3000 метрде үздік ондыққа енді. Сонымен қатар әйелдер құрамасы командалық жарыста Олимпиаданың ең үздік сегіз командасының қатарына қосылды.

аа

Өзге спорт түрлерінде де айтарлықтай ілгерілеу байқалып отыр. Шаңғымен тұғырдан секіруден 19 жастағы Илья Мизерных үлкен трамплинде 8-орын алып, осы спорт түрі бойынша Қазақстанның Олимпиада тарихындағы ең үздік нәтижесін көрсетті. Шорт-тректе Денис Никиша 500 метр қашықтықта 7-орынға ие болып, алдыңғы Олимпиададағы нәтижесін жақсартты.

вв

Фристайл-могулда бірден екі спортшымыз үздік ондыққа енді: Анастасия Городко 8-орын, Павел Колмаков 9-орын алып, 2022 жылғы ойындардағы көрсеткіштерін оң тарапқа жақсартты. Сондай-ақ конькимен жүгіру сайысында Евгений Кошкин 500 метр қашықтықта 9-орын, фристайл-акробатикадан (микст) командалық бәсекеде жерлестеріміз 7-орынға табан тіреді.

рр

Осылайша, Қазақстан құрамасы қысқы спорт түрлерінде дәстүрлі түрде жүлде алып, үздіктер қатарында жүретін Финляндия мен Бельгия құрамаларын артта қалдырды.

Соңғы жаңалықтар