- Жексенбіде қазақтың танымал аралас жекпе-жек шебері Әліби Ыдырыс (10-1) UFC-дегі тұсаукесер кездесуін өткізіп, Хьюстон (АҚШ) қаласында жергілікті файтер Оди Осборнмен (13-9) айқасты. Бәсекені басынан аяғына дейін өз бақылауына ұстаған Әліби қарсыласына қарағанда соққыны көбірек, дәл жұмсады. Тейкдаунда да біздің спортшының басымдығы байқалды. Төрешілер Ыдырыстың мықтылығын бірауыздан мойындады.
- 3-8 наурыз аралығында Эстония астанасы – Таллинде мәнерлеп сырғанаудан жастар арасындағы әлем біріншілігінің жалауы желбірейді. Балтық жағалауында ел намысын қызылордалық Артур Смағұлов пен астаналық Карина Шеина қорғаса, қосалқы құрамға Сафия Абаева, Вероника Ким, Анна Санникова еніп отыр.
- Дубайдағы WTA 1000 турнирі америка-лық теннисші Джессика Пегуланың жеңісімен аяқталды. Шешуші сында ол украиналық Элина Свитолинаға 6:2, 6:4 есебімен ұтты. Парсы шығанағында Елена Рыбакина да өнер көрсеткен еді. Алайда жарақатына байланысты үшінші кезеңде жарыс жолынан шығып қалды. Сербиялық Александра Круничпен жұптасқан Анна Данилина жартылай финалға дейін жетті. Бұл межеде олар канадалық Габриэла Дабровски мен бразилиялық Луиза Стефаниден ұтылды.
- Германияның Котбусінде спорттық гимнастикадан өткен Әлем кубогінің «ат» жаттығуында Нариман Құрбанов (14,933 ұпай) қола медальды иеленді. Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері тек италиялық Габриэль Таргетта (15,000) мен армениялық Мамикон Хачатрянды (14,966) алға жіберді. Дәл осы жаттығуда Зейнолла Ыдырысов (14,833) төртінші орынға табан тіреді.