Пікірталасқа Bilim Group негізін қалаушы және компанияның бақылау кеңесінің төрағасы Рауан Кенжеханұлы, Freedom Holding бас техникалық директоры Ренат Түканов пен Bilim Group бас директоры және тең негізін қалаушы Александр Савченко қатысты.

Қоғамда «жасанды интеллекті мұғалімдерді алмастыра алады» деген пікір қалыптасқан. Бірақ мұғалімдер мұнымен келіспейді. Жасанды интеллект мұғалімнің орнын басуы үшін нейрожелі келесі күрделі дағдыларды меңгеруі тиіс:
- Эмоцияны, ым-ишара мен мимиканы тану және олардың мәнін түсіну;
- Оқушының хабарламаларын көп деңгейлі терең талдаудан өткізу;
- Мәтіндік және дауыстық ақпаратқа сәйкес реакция білдіру.
Bilim Group бас директоры Александр Савченко өз сөзінде мектепте технологияларды тәжірибеде қолдануға және педагогтың рөлін өзгертуге баса назар аударды. Оның айтуынша, ЖИ негізгі әсері – адамды алмастыруда емес, білім беру үдерісі ішіндегі функцияларды қайта бөлуінде.
«Біз жасанды интеллект мұғалімді алмастырады деген сценарийді көріп отырған жоқпыз. Алайда ол күнделікті атқарылатын жұмыстардың едәуір бөлігін – оқу материалдарын дайындауды, тапсырмаларды тексеру мен есеп беруді өз мойнына ала алады. Бұл педагогтың ең маңызды міндеті – шәкіртке тәлімгер болу, оған қолдау көрсету және тікелей қарым-қатынас орнату үшін уақытын босатады», деді сарапшы.
«Жасанды интеллект жаңа индустрияға – оқушы туралы деректерді талдау мен түсіндіруге жол ашады. Біз тек ақпарат жинап қана қоймай, оны ата-аналар мен педагогтар үшін ұғынықты қорытындыға айналдыра аламыз», деп түсіндірді Савченко.
«Қазіргі заманғы жасанды интеллект жүйесі өте нақты міндеттерді шешеді. Егер тым жеңілдетсеңіз, олар келесі әрекетті немесе сөзді жақсы болжайды, бірақ адам сияқты ойланбайды және алаңдамайды. Олардың тәжірибесі, эмоциясы және физикалық әлемі жоқ», деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, толық автоматтандыру туралы әңгімелер көбінесе асыра айтылған. Тіпті технологияларды белсенді енгізген кезде де міндеттердің едәуір бөлігі адамда қалады.
«Зерттеушілердің бағалауынша, экономикадағы міндеттердің төрттен бір бөлігін автоматтандыруға болады және олардың аз ғана бөлігі экономикалық тұрғыдан ақталады. Сондықтан ЖИ мүмкіндіктеріне байыппен қарау маңызды – бұл күшті құрал, бірақ адамды әмбебап алмастыру емес», деп атап өтті Тұқанов.
Ол сондай-ақ Қазақстан үшін жасанды интеллектіні дамытудың экономикалық өсімнің маңызды бағыты болуы мүмкін екенін, бірақ жүйелі жобалар мен ұзақ мерзімді тәсілді талап ететінін атап өтті.
Жалпы, пікірталасқа қатысушылар Қазақстандағы EdTech-индустриясы тәжірибе сатысынан шығып, білім беру саясатының жүйелік элементіне айналып отыр деп тұжырымдады. Технологиялар оқытудың қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді, алайда цифрлық құралдар мен адами өзара іс-қимыл арасындағы теңгерім негізгі фактор болып қала береді.