Жарысты еркін күрес шеберлері бастады. Алаш топырағынан аттанған 13 балуанның арасынан алғашқы күні Болат Сақаевтың ғана жеңіс тұғырына көтерілуге күш-жігері жетті. 86 кг салмақ дәрежесінде күш сынасқан 33 жастағы сақа спортшы алғашқы айналымдарда Еуропа біріншілігінің қола жүлдегері, түркиялық Осман Гёчен мен әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері, словакиялық Борис Макоевтан басым түсті. Жартылай финалда Сақаев былтыр Загребте төрткүл дүниенің теңдессізі деп танылған грекиялық Йоргос Куюмцидиске есе жіберді. Ал қола медаль үшін тартыста Болат жастар арасындағы әлем чемпионы (U20), түрікменстандық Алп Арслан Бегенджовтан айласын асырды.
Ризабек Айтмұхан еркін күрестен Бішкектегі халықаралық турнирде бақ сынайды
Келесі күні 97 кг салмақта сынға түскен Ризабек Айтмұханға айрықша сенім арттық. Бастапқы бәсекелерде грузиялық Андро Маргишвили, үндістандық Викки Викки және италиялық Бенжамин Хонисті еш қиналмай ұтқан қазақтың әйгілі балуаны жартылай финалда Олимпиаданың екі, әлемнің алты және Еуропаның төрт дүркін чемпионы, ресейлік Абдулрашид Садулаевпен жолықты. Бұл айқас «орыс танкісінің» айқын жеңісімен аяқталды. Ал қола медаль үшін бәсекеде Ризабек небары 23 секундта үндістандық Джойнти Кумардың тас-талқанын шығарды.
Тиранада 92 кг салмақтағы әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азияның үш дүркін чемпионы, ирандық Әмір Хоссейн Фирузпур еліміздің екі бірдей белді балуаны Азамат Дәулетбеков пен Камиль Куруглиевтің жолын бөгеді. Қос жерлесіміз үшінші орын үшін өзара күш сынасып, бұл белдесуде Азаматтың асығы алшысынан түсті. Сөйтіп, еліміздің еркін күрес шеберлері Албаниядағы жарысты үш қоламен қорытындылады.
Дәл сол межеден көрінуге тағы үш спортшымыздың зор мүмкіндігі болды. Алайда олар шешуші сәтте сүрінді. Атап айтсақ, Мерей Базарбаев (61 кг) албаниялық Зелимхан Абакаровқа, Майс Әлиев (70 кг) ресейлік Ибрагим Ибрагимовқа және Нұрсұлтан Азов (125 кг) польшалық Камил Косчиолекке жол беріп, бесінші орынды қанағат тұтты.
Еркін күрестен өткен жарыстың жеңімпаздары:
- 57 кг – Спенсер Ричард Ли (АҚШ);
- 61 кг – Заур Угуев (Ресей);
- 65 кг – Сужет Сужет (Үндістан);
- 70 кг – Ерназар Акматалиев (Қырғызстан);
- 74 кг – Юнес Эмами (Иран);
- 79 кг – Мохаммад Находи (Иран);
- 86 кг – Ибрагим Кадиев (Ресей);
- 92 кг – Әмір Хоссейн Фирузпур (Иран);
- 97 кг – Абдулрашид Садулаев (Ресей);
- 125 кг – Мэйсон Парриз (АҚШ).
Әйелдер күресінен өткен жарысты қазақ қыздары өте қарқынды бастады. 50 кг салмақтағы Зейнеп Баянова Кедра Роза Риянды (АҚШ), жастар арасындағы әлем чемпионы Мия Накамураны (Жапония) және жасөпірімдер арасындағы әлем біріншілігінің жеңімпазы Мускан Мусканды (Үндістан) еш күмәнсіз жеңді. Одан кейін Үндістанның тағы бір белді балуаны Приянши Пражаратты 13:2 есебімен есеңгіреткен Зейнеп алтыннан алқа тақты.
Командалық әріптесінің жеңісті жолын 55 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен Лаура Әлмағамбетова жалғастырды. Пушпа Пушпа (Үндістан), Анастасию Блайвас (Германия) және Лилия Маланчукты (Украина) тізе бүктірген ол да алтын тұғырдан қол бұлғады.