«FLOW/АҒЫН» – ұлттық хореографияның даму эволюциясын бейнелейтін көркемдік жоба. Бағдарламада Анвара Садықованың әр жылдары қойған және еліміздің жетекші хореографиялық әрі театр ұжымдарының репертуарына енген таңдаулы туындылары ұсынылады. Кеш аясында хореографтың қазақ неохореографиясы бағытындағы ізденістері мен шығармашылық қолтаңбасы кеңінен таныстырылады.
Концерттің басты оқиғасы – француз композиторы Морис Равельдің музыкасына жазылған «Замана жаңғырығы» («Эхо эпох») этно-балетінің тұсаукесері. Жаңа қойылым ұлттық би элементтерін заманауи пластикамен ұштастырып, дәуірлер сабақтастығын сахналық тіл арқылы жеткізуді мақсат етеді.
Іс-шараға Қазақстан мен Қырғызстанның өнер шеберлері қатысады. Атап айтқанда, Қазақстанның Халық әртісі Секен Тұрысбеков, «TURAN» этно-фольклорлық ансамблі, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі Гүлзада Рысқұлова, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Ардақ Елеусіз, Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі (дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Ахмедияров), «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры солисі Сұлтанбек Ғұмар, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры солисі Динара Құдабаева, халықаралық байқаулардың лауреаты Көркем Шолошова, «GULDER» ансамблінің әртістері мен Қазақ ұлттық хореография академиясы студенттері өнер көрсетеді.
Анвара Садықова – 70-тен астам хореографиялық композиция мен екі балеттің авторы. Оның қойылымдары Алматы хореографиялық училищесі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық би театры, «ASTANA OPERA» мемлекеттік академиялық опера және балет театры, «ASTANA BALLET» театры және басқа да шығармашылық ұжымдардың сахнасында қойылған.
Испания Ұлттық балетінің әртісі Астанада шеберлік сағатын өткізді
Айта кетейік, хореограф халықаралық және республикалық байқаулардың 30-дан астам лауреаты мен Гран-при иегерін тәрбиелеген. Сонымен қатар ұлттық хореография тарихына арналған деректі фильмдердің авторы, ғылыми-зерттеу мақалалар мен кітаптардың авторы және халықаралық байқаулар қазылар алқасының мүшесі ретінде де танымал. «Замана жаңғырығы» этно-балетінің премьерасы – ұлттық би өнерінің жаңа кезеңін айқындайтын маңызды мәдени оқиға болмақ.