- Рейтингте жетінші орында тұрған ол 48 үміткер арасынан бірқатар гроссмейстерді жолынан ығыстырып, 9 мүмкіндіктен 6½ ұпай жиды. Әзербайжандық Вугар Расулов пен мажарстандық Санан Сюгиров та дәл сондай нәтижеге қол жеткізді. Дегенмен Әлішер қосымша көрсеткіштерінің арқасында басты бәсекелестерінің алдын орады. Сөйтіп, жерлесіміз биыл екінші рет дүбірлі додада даралананып отыр. Ол осыдан екі апта бұрын ғана Үндістанның Ченнанында ұйымдастырылған «First Chola Chess International GM Norm Round Robin Tournament 2026» турнирінде топ жарған еді.
- Софияда өтіп жатқан Странджа кубогінің төртінші жарыс күні еліміздің 19 былғары қолғап шебері жұдырықтасты. Элина Базарова (54 кг) Айшен Ташқыннан (Түркия), Әнел Сақыш (54 кг) Ана Линарестен (Бразилия), Фарух Тоқтасынов (70 кг) Байрамдурды Нұрмұхаммедовтен (Түрікменстан), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (70 кг) Джон Макконнелден (Ирландия), Ертуған Зейнуллинов (65 кг) Маркус Лютерден (АҚШ), Лаура Есенкелді (65 кг) Андра Кринута Себеден (Румыния), Валентина Хальзова (75 кг) Амалия Нитадан (Румыния), Валерия Аксенова (+80 кг) Собирахон Шахобиддиновадан (Өзбекстан), Дина Исламбекова (80 кг) Хавванур Кетудадан (Түркия) басым түсті. Әйгерім Сәттібаева (48 кг) Анна Охотаға (Украина), Әнел Құдайберген (48 кг) Сабина Бобоқұловаға (Өзбекстан), Жайна Шекербекова (52 кг) Йоселин Переске (АҚШ), Илья Калинин (65 кг) Юри Фалькаоға (Бразилия), Ұлжан Сәрсенбек (57 кг) Алисса Мендосаға (АҚШ), Римма Волосенко (60 кг) Йомна Айядқа (Мысыр), Виктория Графеева (60 кг) Ребека Сантос де Лимаға (Бразилия), Мәдина Нұршаева (70 кг) Шантель Ридке (Англия), Бақыт Сейдіш (70 кг) Виван Перейра дос Сантосқа (Бразилия) есе жіберді.
- Таяуда Германияның Инцелль қаласындағы Әлем кубогінде теңдессіз өнерлерімен төрткүл дүние жанкүйерлерін тамсандырып, 13 жүлде алған еліміздің конькишілері енді жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысуға құлшынып отыр. Команда сапында Кристина мен Амина Шумековалар, Анастасия Беловодовадан бөлек, Айзада Рымбек пен Варвара Глухова бар. Ұлдар бәсекесінде Михаил Матрюхин, Денис Мезенцев, Руслан Жанәділов, Михаил Бровко, Вадим Чебардаков сынға түседі. Жарыс 27 ақпан – 2 наурыз аралығында дәл сол Инцелльде өтеді.
- Бегайым Қырғызбаева футболдан еліміздің әйелдер құрамасының бас бапкері болып тағайындалды. Кезінде ол еліміздің ең мықты ойыншыларының бірі болды. Ішкі чемпионатта 11 рет топ жарып, ел кубогін 11 мәрте олжалады. Ұлттық команда сапында 85 рет жасыл алаңға шығып, рекордтық көрсеткіш орнатты. 17 рет қарсыластар қақпасын дәл көздеді. Бапкерлік кәсіппен Бегайым 2022 жылдан бері айналыса бастады. Көкшетаудың «Оқжетпесі» мен Семейдің «Елімайын» жаттықтырды, еліміздің құрамасы бас бапкерінің көмекшісі болды.
- Футболдан биылғы ел біріншілігі 7 наурызда басталып, 1 қарашада аяқталады. Бірінші тур ойындары мына командалар арасында өтеді: «Оқжетпес» – «Елімай», «Ордабасы» – «Ертіс», «Алтай» – «Қайрат», «Ақтөбе» – «Тобыл», «Қызылжар» – «Каспий», «Атырау» – «Ұлытау», «Қайсар» – «Жеңіс», «Астана» – «Жетісу».