Фото: Түркістан облысы әкімдігі
Іс-шара Жетісай ауданының Ж.Ералиев ауылдық округіне қарасты Үтіртөбе елді мекенінде өтті. Ескерткіш тақтаны орнату бастамасын ауыл ақсақалдары көтерген екен. Салтанатты рәсімге аудан әкімінің орынбасары Нұркен Әлмеш, аудандық мәслихат депутаты Олжас Қаныбеков, Түркістан облыстық жедел жәрдем станциясының басшысы Бақыт Мырзагельдиев, «Асықата» ауруханасы басшысының орынбасары Ерғали Сопбеков қатысты.
Сондай-ақ марқұмның анасы Сәлима Ишанқұлқызы, туыстары, ұстаздары мен ауыл тұрғындары жиналып, ақ халатты абзал жанның жарқын бейнесін еске алды.

Ұлдана Қалдарханқызы 2017-2021 жылдары Астана қаласындағы «Даналық» колледжінде «Емдеу ісі» мамандығы бойынша білім алып, фельдшер біліктілігін иеленген. Оқу орнын үздік дипломмен тәмамдаған жас маман кейін Байқоңыр ауданы жедел жәрдем подстанциясында бригада аға-фельдшері болып еңбек етті.
Әріптестерінің айтуынша, ол кәсіби адалдығымен, шұғыл жағдайларда батыл шешім қабылдай білетін табандылығымен ерекшеленген. Қауіптің алдыңғы шебінде жүріп, адам өмірін сақтап қалуды басты мұрат еткен жас маман қызметтік міндетін атқару барысында ерлікпен қаза тапты.
Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанды ақтық сапарға шығарып салды
Мемлекеттік марапат және ел құрметі
Жиын барысында Ұлдананың адамгершілік болмысы, ел есінде қалған еңбегі туралы жылы естеліктер айтылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ұлдана Мырзуан «Ерлігі үшін» медалімен марапатталғаны атап өтілді. Марқұмға құран бағышталып, дұға жасалды.
Ауылдастарының бастамасымен амбулаторияға орнатылған ескерткіш тақта мен демалыс және спорт аймағына оның есімін беру – ерлікке көрсетілген құрметтің айқын көрінісі.
Астанада медициналық колледждегі дәрісханаға Ұлдана Мырзуанның есімі беріледі
Қысқа ғұмырында кәсібіне адалдықтың, адам өмірі үшін күрестегі жанқиярлықтың үлгісін танытқан Ұлдана Мырзуанның есімі ел жадында сақталады. Бұл – өткенге тағзым ғана емес, кейінгі ұрпаққа аманат.
Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанға арналған ескерткіш тақта орнатылды