Фото: Табиғи монополияларды реттеу комитеті
Есептерді талдау: Өтемдік тариф
Қарағанды облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу комитеті департаменті 2024 жылға арналған есептерді талдау қорытындысын жариялады.
Департамент мамандары 73 табиғи монополия субъектісі ұсынған 200 есепті зерделеген. Оның ішінде тарифтік сметалардың орындалуы мен инвестициялық бағдарламалардың жүзеге асырылуына қатысты құжаттар бар.
Талдау нәтижесінде 18 табиғи монополия субъектісі бекітілген тарифтік сметаларда қарастырылған жұмыстар мен шығындарды толық орындамағаны анықталған.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай жағдайда тұтынушыларға қаражатты қайтару үшін өтемдік тариф енгізіледі. Осы тетік арқылы облыс тұрғындарына Ұлттық банктің қайта қаржыландыру мөлшерлемесі ескеріле отырып, 3,1 млрд теңге қайтарылады.
Өтемдік тарифтер 2026 жылғы 1 қаңтардан 2027 жылғы 1 наурызға дейін қолданылады.
Шымкенттің коммуналдық қызметі шетелдік компанияға беріле ме?
Қаражат қалай бөлінеді?
Қайтарылатын қаражат коммуналдық қызмет түрлері бойынша мынадай көлемде бөлінеді:
− сумен жабдықтау және су бұру қызметтері – 2,27 млрд теңге;
− электр энергиясын жеткізу қызметтері – 669,6 млн теңге;
− жылумен жабдықтау қызметтері – 107,7 млн теңге;
− кірме жолдар қызметтері – 3,7 млн теңге;
− газбен жабдықтау қызметтері – 55,6 млн теңге.
Мамандардың айтуынша, бұл шара тариф арқылы жиналған, бірақ жоспарланған бағыттарға жұмсалмаған қаражатты тұтынушыларға қайтаруға мүмкіндік береді.
Департамент өкілдері тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуын бақылау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын мәлімдеді.
Алматыда коммуналдық қызметкерлердің еңбекақысы екі есе артты