Александра Эриковнаның әуелдегі мамандығы дефектолог. Оқуын тәмамдаған соң ерекше балалармен жұмыс істеген. Алайда, бала күнгі арманы погон тағып, әскери салада қызмет ету еді. Бала арман орындалады. Александра заңгер мамандығы бойынша екінші жоғары диплом алып, полицияға қызметке орналасқан. Уақыт өте түрлі сынақтардан өтіп, арнайы жасақ құрамына өткен. Қоғамдық тілмен айтсақ, СОБР.
– Осы уақытқа дейін көптеген күрделі операцияларға қатыстым. Әсіресе, әйелдерді тұтқындағанда біз барамыз. Ондай іс-қимылдар біз үшін қалыпты жағдай. Десе де, қауіп бар. Күдіктілердің нендей ойы бар, білмейміз ғой. Қаңтар оқиғасы да біз үшін үлкен сабақ болды. Психологиялық та, физикалық та жағынан сынға түстік, – дейді полиция капитаны, арнайы жасақтың аға инспекторы Александра Сикумбаева.
Айта кетейік, Александра сырт көзге нәзік болып көрінгенімен, кикбокстан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, спорт шебері. Отбасымен спортпен айналысады. Тұңғышы Томирис каратэмен айналысады. Үйіміз үй емес, спорт зал сияқты дейді күліп. Жұмыстан қолы қалт етсе, балаларын үйірмелерге апарады. Александра қызметте қаруланып жүргенімен, үйде мейірімді ана, сүйікті жар.
Шығыс Қазақстан облысы