Фото: Мәжіліс
Депутат Нартай Сәрсенғалиевтің айтуынша, тікелей эфирде ұсыныстарын білдірген мыңдаған азамат заңның сапасын бақылады. Бұрынғы Конституцияны 12 адам жазса, жаңа құжатқа 130 маман атсалысып, мыңдаған заңгер кеңес берді, бұл құжаттың нағыз халықтық екенінің айғағы.
Мемлекет басшысының бастамасымен жасалған өзгерістер Конституцияны Әділетті Қазақстан, билік институттарын жаңғырту, адам құқығын қорғау сияқты басты принциптерге негіздеді.
Депутаттар елдің әр аймағын аралап, жаңа Ата заңның мәнін түсіндіріп, азаматтардың қолдауын жинап, нақты ұсыныстарын алды.
«Жаңа Конституцияда адам капиталы, білім, ғылым, инновацияның стратегиялық бағыт екені заң жүзінде бекітілді. Сонымен қатар, қос азаматтыққа қатаң тыйым салынып, Қазақстан азаматтығының сақталуы ұлттық қауіпсіздік пен саяси тұрақтылыққа кепіл болады», деп түсіндірді Нартай Аралбайұлы.
Нартай Сәрсенғалиевтің сөзінше, теңге ұлттық валюта ретінде ресми түрде белгіленіп, оның шығару құқығы тек Қазақстанға тиесілі екені заңда көрсетілді. Конституцияға өзгерістер тек жалпыхалықтық референдум арқылы енгізіледі, бұл билік пен халық арасындағы байланысты одан әрі нығайтады.
Ең бастысы, жаңа Конституцияда «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі – Қазақстан халқы» деп нақты жазылған. Яғни, халық – билік, билік – халық. Депутат Нартай Аралбайұлының сөзінше, бұл заң елдің мүддесіне, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігіне қызмет етуі тиіс.
«Тоқсан сөздің тобықтай түйіні, жаңа Конституция Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы бастаған саяси өзгерістердің логикалық түйіні деуге болады», деді Нартай Сәрсенғалиев.
Депутаттың айтуынша, осы ретте, жаңа Ата заңды ағайынға үтір-нүктесіне дейін түсіндіру үшін депутаттар, қоғам белсенділері таң атысы, кеш батысы жұртпен жүздескенін көпшілік көріп-білді.
Мемлекет басшысының тапсырмалары қалалар мен алыс ауылдарда қалай жүзеге асып жатқанын жұртқа жария қылдық. Бүгінгі күнге дейін барлық 17 облыс пен 3 республикалық маңызы бар қаланы аралап шыққан.
Жұрттың жағдайын жадыға тоқыған соң жаңа Ата заң туралы да халықпен тілдескен. Ағайын қолдауын да білдірді, нақты ұсыныстарын да айтты. Бірнеше бап талқыға түсті, халық соның ішінде өткеннің сәтсіз шешімдерін болашаққа мұра қылмау керектігін айтты. Кездесулерге көтерілген көп мәселені Мәжіліс мінберінен атап айтып, түсіндірмесін қоса жеткізуді жөн санадым.
«Біріншіден, жаңа Ата заңның мәтіні жарияланғанда
Мәжіліс қабырғасында көтеріп жүрген тақырыптарды түгендедім. Ол ғылым, мәдениет, инновация. Айналып келгенде адам капиталы. Шикізатты шетке сатып шіреніп жүрген кезеңнің келмеске кеткені кеше, бүгінгі талап басқа.Басты капитал – адамның ақылы. Ғалымдарымызға лайықты жағдай жасай алмай, артынша «ақылды бастар, дарынды жастар шекара асып шетелге кетті» деп сан соғып отырғанымыз кеше ғана еді.
Бүгін сол кемшілікті жоятын кезеңге келдік. Конституцияның жаңа мәтінінде «Қазақстан Республикасы адам капиталының, білімнің, ғылымның, инновацияның дамуын мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп таниды», деп жазылған. Ата заңға хатталған бұл бап салаға серпін береді деп сенемін», деді Нартай Сәрсенғалиев.
Никита Шаталов жастарды референдумға қатысуға шақырды
«Екіншіден, Жаңа Конституцияның тағы бір тармағын тілге тиек етейін. Қазір қолданыстағы Ата заңның 10-бабының 3-тармағында «Республика азаматының басқа мемлекеттің азаматтығында болуы танылмайды», делінген.
Ал жаңа редакцияда 12-баптың 3-тармағында: «Қазақстан Республикасының азаматында қос немесе көп азаматтығы болуына жол берілмейді. Өзге ел азаматтығының болуы Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуға негіз болады», деп айқын әрі нақты жазылды.
Осылайша Қазақстан Қытай, Үндістан, Сингапур, Жапония секілді қос азаматтыққа қатаң тыйым салып отыр. Бұл шектеу тек формальды ереже емес, ол ұлттық қауіпсіздік, саяси тұрақтылық және құқықтық айқындық тұрғысынан стратегиялық мәнге ие.
Қос азаматтық алу өз болашағын, отбасының келешегін Қазақстанмен байланыстырмайтын адамдарға керек дүние екені бесенеден белгілі. Себебі Тәуелсіз еліміздің көк паспорты әлемдегі талай ұлтқа арман екені, аспан түстес құжаты бар азаматтарымызды Қазақстан әлемнің қай қиырында болса да қорғайтыны анық. Оған Таяу Шығыста оқ пен оттың ортасында қалып, еліміздің қолдауымен отанына оралған азаматтарымыз дәлел. Мұндай мысал мың.
Қос азаматтыққа жол бермеу – мемлекет егемендігі мен ұлттық қауіпсіздікті қорғаудың негізгі құралы. Ең бастысы, қос азаматтыққа тыйым салу – саяси жауапкершілікті айқындайды», деді депутат.
Халықтың 89,2%-ы жаңа Конституция жобасын қолдайды
«Үшіншіден, 30 жыл Парламентте президенттік квота болды. Бұрындары Мәжіліске ассамблеяның өкілдері ешбір сайлаусыз келді, Сенаттың бір бөлігін бұрынғы президент өзі тағайындап отырды.
Енді бұл норма жаңа Ата заңымызда мүлдем жоқ. Яки Президентпен бекітіліп тағайындалатын таңдаулы депутаттар болашақ Құрылтайда болмайды.
Бұл Ықпалды Парламент қағидатын одан әрі нығайту деп түсінуіміз қажет. Ең бастысы бұл статусты Қасым-Жомарт Кемелұлы өзі ұсынды, жобада жазылды.
Төртіншіден, жаңа Конституция жобасында теңгені ұлттық валюта ретінде бекіту ұсынылды. Бұл өзгеріс бойынша Конституцияда ұлттық валюта атауы екі тілде де «теңге» деп көрсетіледі. Мұндай норма «параллель валюта», «аймақтық ақша», «басқа валютаға көшейік» деген әңгімелерге жоғары құқықтық бөгет қойды. Оған қоса, «теңгені басып шығарудың жалғыз айрықша құқығы Қазақстан Республикасына тиесілі» деп көрсетілген. Мұның мәні – ақша шығару жай техникалық процесс емес, бүкіл экономиканың тепе-теңдігіне әсер ететін аса сезімтал мәселе. Бұл егемендіктің ажырамас атрибуты.
Бесіншіден, жобада тағы бір маңызды жаңалық бар. Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі күшейтіліп отыр. Ендігі жерде Ата заңға өзгерістер тек жалпыхалықтық референдум арқылы ғана қабылданады.
Оны өзгерту тек халықпен бірге іске асатын мызғымас тұғырға айналды. Бұл азаматтық ұстанымның саяси биіктігі деп білеміз», деп түйіндеді депутат Нартай Аралбайұлы.
Айдос Сарым: Мемлекет басшысы – жаңа Ата заңның негізгі авторы