Үкімет • Бүгін, 09:58

Қазақстанда медициналық көмектің сапасын басқарудың кешенді жоспары бекітілді

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Үкімет 2026-2030 жылдарға арналған медициналық көмектің сапасын басқаруды жетілдіру жөніндегі кешенді жоспарды бекітті. Құжат Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау мақсатында әзірленген. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда медициналық көмектің сапасын басқарудың кешенді жоспары бекітілді

Фото: primeminister.kz

Жоспар деректерге, цифрлық құралдарға және жасанды интеллект технологияларына негізделген медициналық қызмет сапасын бақылау мен басқарудың жаңа үлгісіне көшуге бағытталған. Құжат медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін жүйелі түрде жақсартуға, процестердің ашықтығын арттыруға және реттеудің тиімділігін күшейтуге арналған шараларды қамтиды.

Негізгі мақсат – пациент медициналық қызметтердің сапасын бағалау және бақылау үдерісінің белсенді қатысушысына айналатын модель қалыптастыру.

Кешенді жоспар аясында жүйені дамытудың төрт стратегиялық бағыты айқындалған. Олар:

  • Медициналық қызмет көрсету саласындағы реттеуші құралдарды жаңғырту;
  • Жасанды интеллект негізінде сапа сараптамасының жаңа моделін енгізу және Ұлттық сапа институтын құру;
  • Кәсіби медициналық қауымдастық пен пациенттердің рөлін күшейту;
  • Сапаны басқару жүйесін толық цифрлық трансформациялау.

Жоспарды іске асыру медициналық көмектің сапасын реттеудің бірыңғай жүйесін қалыптастыруға, медициналық ұйымдардың қызметіндегі ашықтықты арттыруға және басқарушылық шешімдерді объективті деректер негізінде қабылдауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде 2030 жылға қарай медициналық қызмет сапасының негізгі көрсеткіштері жақсарады деп күтіледі.

Қызылшаға қарсы екпе медицина қызметкерлеріне де салынатын болды

Құжатта сапаны басқару жүйесін цифрлық форматқа көшіру басты міндеттердің бірі ретінде белгіленген. Атап айтқанда, профилактикалық бақылау жүйесін енгізу арқылы сарапшының автоматтандырылған жұмыс орны құрылады, ал лицензиядан кейінгі бақылау процестері толық цифрландырылады.

Заңнамалық өзгерістер аясында 2028 жылдан бастап ТМККК және МӘМС шеңберінде қызмет көрсететін медициналық ұйымдар үшін міндетті аккредитация талабы енгізіледі. Сонымен қатар аккредитациядан кейінгі мониторинг жүйесін цифрландыру жоспарланып отыр.

Жоспарға сәйкес, медициналық ұйымдарды лицензиядан кейінгі мониторингпен қамту деңгейі 70%-ға жетеді, ал олардың кемінде 80%-ы жаңа стандарттар бойынша аккредиттеледі.

Сондай-ақ Денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орталығы базасында Ұлттық сапа институтын құру көзделген. Бұл институт әдіснамалық және талдамалық орталық ретінде жұмыс істейді.

Институт қызметі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының техникалық қолдауымен жүзеге асырылады. Бұл Қазақстанда пациенттердің қауіпсіздігіне қатысты халықаралық деңгейде мойындалған үздік стандарттарды енгізуге мүмкіндік береді.

Қосымша медициналық білім сапасына қойылатын талап күшейді

Бұдан бөлек, медициналық көмектің сапасын басқару үдерісінде медициналық қауымдастық пен пациенттердің қатысуы кеңейтіледі. Кәсіби бірлестіктер сапаны тәуелсіз сараптауға және мамандардың клиникалық ойлауын бағалауға тартылады. Ал пациенттерді қолдау қызметін цифрландыру азаматтардың өтініштері мен шағымдарына нақты уақыт режимінде жедел жауап беруге жол ашады.

Жоспарға сәйкес, 2028 жылға дейін медициналық көмек көрсету стандарттары мен ережелері толық цифрландырылады, ал 2027 жылы сапа сараптамасының үш компонентті моделі енгізіледі. Сонымен бірге 2028 жылға қарай медициналық көмектің сапасы мен көлемін бақылау жағдайларының кемінде 20%-ы ЖИ технологиялары арқылы жүзеге асады.

Жалпы алғанда, кешенді жоспарды іске асыру денсаулық сақтау жүйесіндегі барлық қатысушылардың іс-қимылын үйлестіруге, медициналық қызмет сапасын басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Медицина факультетінің студенттері жаңа Конституция жобасын талқылады

Соңғы жаңалықтар

Ақылға бірлік

Пікір • Бүгін, 09:00