Қоғам • Бүгін, 12:30

Ипотекамен үй алатындар үшін нотариус ақысы 3 есе арзандады

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізде ипотека арқылы тұрғын үй сатып алатын азаматтар үшін нотариалдық рәсім құны қайта арзандатылды. Енді ипотекамен үй сатып алу кезінде сатып алу-сату шартының нотариалдық рәсімі 12 емес, 4 АЕК мөлшерінде белгіленді. Тиісті өзгерісті Әділет министрлігі нотариалдық тарифтер туралы бұйрыққа енгізді, деп жазады Egemen.kz.

Ипотекамен үй алатындар үшін нотариус ақысы 3 есе арзандады

Фото: pixabay.com

Құжатта «егер мәміле ипотекалық тұрғын үй қарызы есебінен жылжымайтын мүлік сатып алу мақсатында жасалса – тариф 4 АЕК болады» деп нақты көрсетілген.

Бұл түзету Әділет министрінің 2025 жылғы 27 қыркүйектегі №533 бұйрығына енгізілді. Құжат 2026 жылғы 26 ақпанда Әділет министрлігінде ресми тіркелді.

Жаңа тәртіпке сәйкес, ипотека арқылы тұрғын үй сатып алатындар үшін нотариуста мәміле рәсімдеу ақысы стандартты тарифпен салыстырғанда үш есе арзан болады.

2026 жылы 1 АЕК – 4325 теңге. Соған сәйкес ипотека арқылы сатып алу-сату шартын рәсімдеу құны:

- 4 АЕК – 17 300 теңге;
- бұрын қолданылған стандартты тариф – 12 АЕК немесе 51 900 теңге.

Осылайша, нотариустар енді ипотекамен үй сатып алушылардан 4 АЕК-тен артық ақы алуға құқылы емес.

Негізінде ипотекалық мәмілелерге арналған 4 АЕК мөлшеріндегі жеңілдік бұрын да болған. Алайда 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген Әділет министрлігінің жаңа бұйрығында бұл норма нақты көрсетілмеген.

Құжатта тариф тек ипотекалық қарыз шартына қатысты жазылып, ипотека арқылы жасалатын сатып алу-сату келісімі туралы нақты айтылмаған. Осы себепті бірқатар нотариус стандартты 12 АЕК тарифін қолдана бастаған.

Кейін БАҚ сауалдарынан соң Әділет министрлігі құжатқа нақтылау енгізіп, жеңілдетілген тарифті ресми түрде бекітті.

Жеңілдетілген ипотекаларға өтінім қабылдау қашан басталады?

Ипотекадан басқа жағдайларда тарифтер өзгеріссіз қалды.

Егер сатушы мен сатып алушы жеке тұлғалар және туыс емес болса:
− 12 АЕК – 51 900 теңге.

Егер тараптар жақын туыстар болса (ата-ана, бала, жұбайлар, немере, туған бауырлар):
− 7 АЕК – 30 275 теңге.

Егер тараптардың бірі заңды тұлға болса:
− 17 АЕК – 73 525 теңге.

Ал мәмілеге жұбайының нотариалдық келісімі қажет болса:
− 1,5 АЕК – 6487 теңге.

Ауылдық жердегі жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілелерде тариф төменірек белгіленген:

 тараптар туыс болса – 1,5 АЕК (6487 теңге);
− туыс емес болса – 2,7 АЕК (11 678 теңге);
 тараптардың бірі заңды тұлға болса – 3 АЕК (12 975 теңге).

Бұл тарифтерді мәмілені қаладағы нотариус рәсімдесе де қолдануға болады.

Зейнетақы жинағымен ипотека төлеу ережесі өзгерді

Нотариуста шартқа қол қою бірден меншік құқығы берілді дегенді білдірмейді. Сатып алушы мәміле мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін ғана үйдің толыққанды иесі болады.

Тіркеу құжаттарын нотариус өзі жолдайды. Ал сатып алушы мемлекеттік баж салығын төлейді:

− 1304 теңге (ҚҚС-сыз) – пәтер немесе жеке үй сатып алғанда.

Мәмілені тіркеудің екі нұсқасы бар:

− стандартты тіркеу – 3 жұмыс күні;
− жедел тіркеу – шамамен 2 сағат (құны 5000 теңге).

eGov порталындағы жеке кабинетте меншік құқығы тіркелгені туралы хабарлама пайда болғаннан кейін мәміле толық аяқталған болып саналады.

Ипотеканы қалай тиімді төлеуге болады?

Соңғы жаңалықтар