Ата заң • Кеше

Бүгін – «Тыныштық күні»

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше елордада Орталық референдум комиссиясының қорытынды отырысы өтіп, саяси науқанға дайындық шаралары пысықталды. Жиынды жүргізген комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров 13 наурыздан 14-не қараған түнгі сағат 00:00-ден бастап «тыныштық күні» кіретінін, референдум алдында үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынатынын ескертті.

Бүгін – «Тыныштық күні»

Отырысқа ОРК және өңір­лер­дегі Аумақтық референдум ко­миссияларының мүшелері мен облыс әкімдіктері басшылық өкіл­дерімен қатар, ТМД және осы ұйым­ға қатысушы мемлекеттердің Пар­ламентаралық ассамблеясы, Шанхай ынтымақтастық ұйымының байқаушылары, ЕҚЫҰ-ның демокра­тиялық институты сынды өзге де бірқатар іргелі халықаралық ұйымнан референдумға баға беру миссиясының өкілдері қатысты.

Н.Әбдіров күнтізбелік жоспарға сәйкес 13 наурыз күні комиссия мүшелерін оқыту жұмысының толық циклі аяқталатынын мәлімдеді. Да­йын­дықтың негізгі бағыттарының бірі комиссия мүшелерін оқыту болды.

«Жедел деректердің алдын ала ақпаратына сүйенсек, референдумға дайындық аясында референдум комиссияларының мүшелеріне 5 800-ден астам семинар өткізілді. Нәтижесінде, барлық деңгейдегі комиссияның 71 мың мүшесі оқумен қамтылды. Оған қоса референдум комиссия мүшелерінің білім деңгейін бақылау мақсатында олар қашықтан онлайн форматында тест тапсырды. Мұнымен бірге Орталық референдум комиссиясы акредиттелген республикалық және өңірлік қоғамдық бірлестіктер мен БАҚ өкілдеріне онлайн семинар өткізді. Нәтижесінде, азаматтық сектордың 500-ден астам өкілі қамтылды», деді ОРК төрағасы.

Аумақтық комиссиялардың деректері бойынша, 3 800 адам қамтылған 170-тен астам семинар өткізілді. Бұдан бөлек, Орталық референдум комиссиясының мүшелері мен аппарат қызметкерлері өңірлерге барып, жергілікті жерлерде 3 мыңнан аса комиссия мүшесі қатысқан семинар-кеңес ұйымдастырған.

Комиссия төрағасы Н.Әбдіров дайындық жұмысы аясында маңызды бағыттардың бірі ретінде мүгедек­тігі бар азаматтардың референдум­ға қатысуы үшін қолжетімді жағдай­ларды қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалмағанын жеткізді.

«Бұл бағыттағы жұмыстар Ор­талық референдум комиссия­сы­ның қаулыларына және комиссия жа­нындағы мүгедектігі бар адам­­дардың сайлау құқықтарын қам­­тамасыз ету жөніндегі жұмыс тобы­ның ұсыныстарына сәйкес жүзеге асты.

Атап айтқанда, барлық дауыс беру учаскелерінде Конституция жобасының мәтінін аудио сүйемел­деумен орналастыру қамтамасыз етілді. Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға  Брайль қарпімен әзірленген нұсқаулық­тар дайындалды. Сондай-ақ бюлле­тендерді толтыру бойынша да арнайы аудио нұсқаулықтар қарастырылды», деді Нұрлан Мәжитұлы.

Сонымен қатар комиссия төрағасы аккредиттеуге қатысты өтінімтерді қабылдау, қарау және тіркеу жұмысы белгіленген тәртіпке сәйкес жүзеге асырылғанын атап өтті.

«Қазіргі кезеңде референдум комиссияларының функцияларын орындайтын сайлау органдарының аккредиттелген ұйымдарының реестрі интернет ресурсымызда ашық қолжетімді. Олар дауыс беру күні референдум учаскелеріне қатысуға құқылы, ал референдум комиссиялары тиісті жағдаймен қамтамасыз етеді. Осы ретте референдум күні дауыс беру учаскелерінде референдум үдерісіне қатысы бар адамдар ғана болады», деді Н.Әбдіров.

Бүгінде 256 ұйым аккредиттелді, оның 11-ін Орталық референдум комиссиясы, ал 245-ін аумақтық комиссиялар аккредиттеген.

Сонымен қатар ОРК төрағасы барлық деңгейдегі референдум комиссияларына учаскелерде тәртіп ережелері мен референдум, сайлау заңнамаларының қатаң сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Комиссияның қорытынды жиынында бүгін, яғни «тыныштық күнінде» референдум қарсаңында үгітке және қоғамдық пікірге са­уал жүргізуді жариялау бойынша шектеулер күшіне енетіні ресми хабарланды. Бұл бойынша Орталық референдум комиссиясының мүшесі Ләззат Сүйіндік республикалық референдум қарсаңында үгіт жүргізудің негізгі талаптарын еске салды.

Оның айтуынша, «Республикалық референдум туралы» Консти­ту­циялық заңның 7-бабының 4-тар­мағына сәйкес, референдумның қар­саңындағы күн мен референдум өт­кiзiлетiн күнi үгiт жүргiзуге тыйым салынады. Яғни кеше сағат 00.00-де үгіт кезеңі аяқталды. Осы сәттен бастап «тыныштық күні» басталды.

«Бұл 14 наурызда және дауыс беру күні – 15 наурызда кез келген үгітке тыйым салынғанын білдіреді. Бұл талаптар заңнамамен белгіленген және электоралдық үдерістің барлық қатысушысы үшін міндетті», деп атап өтті Ләззат Сүйіндік.

Сондай-ақ Ләззат Сүйіндік қоғам­дық пікірге сауал салуды жүргізу ере­же­леріне де жекелей тоқталды. «Рес­публикалық референдум туралы» Конс­титуциялық заңның 7-1-бабына сәйкес, мұндай сауал салулар «Қазақ­стан Республикасындағы сайлау тура­лы» Конституциялық заңда белгі­лен­ген талаптарды сақтай отырып жүр­гізіледі. Заңда көрсетілген талап­тар­­ды бұзған жағдайда Әкім­шілік құ­қық бұзушылық туралы кодексіне сәй­кес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

ОРК жиынында референдум комиссиялары республикалық референдумды өткізуге толық дайын екені айтылды. Сондай-ақ референдум күні ОРК мүшелері әр екі сағат сайын тікелей эфирге шығып, дауыс беру барысы туралы ақпарат беріп отырады.

ОРК референдумды дайындау кезеңінде 200-ден астам азамат пен ұйымның өтініштерін қарапты. Азаматтардың өтініштері заң аясында және белгіленген мерзімде қаралмақ. Ал азаматтардың өтініштері бойынша комиссиялардың шешімдеріне шағымдар түспеген. Мұны Орталық референдум комиссиясының мүшесі Әсел Жанәбілова мәлімдеді.

Баяндамашы атап өткендей, Республикалық референдумды өткізу туралы жарлық қабылданғаннан бері Орталық комиссияға 228 өтініш түскен, оның ішінде 200-і жеке, ал 28-і заңды тұлғадан.

ОРК мүшесінің айтуынша, өтініштердің ең көбі референдум туралы заңнаманы түсіндіруге қатысты болған екен. 

Соңғы жаңалықтар