Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Облыс орталығының іргесінде тұратын саңлақтың әкесі Ғалымкерей Хамитов пен анасы Ғалия Алпысбаева өз таңдауын жасады.
– Біз қаланың іргесіндегі Береке деген шағын ауданда тұрамыз. Жаңадан салынған ауруханадағы №673 референдум учаскесінде дауыс бердік. Балаларымыздың, немерелеріміздің болашағы жарқын болсын деген ниетте таңдауымызды жасадық. Күйеуім екеуміз өмірге екі ұл, бір қыз әкелдік. Ортаншымыз Ерболдың арқасында бірден танымал болдық. Бүгінде хабарласушыларға жауап қатып үлгере алмай жатырмыз. Италияда өткен қысқы Паралимпиада ойындарында ұлымыз алдымен қола, одан кейін алтын медаль олжалап, мерейімізді асырды. Баламыздың параспортпен еркін шұғылданып, жаһандық додаларға алаңсыз әзірлік жүргізуіне мемлекет орасан жағдай жасады. Мұның барлығы да бейбітшілік орнаған, ынтымақ, бірлігі ұйыған елдігіміздің арқасы деп білемін, – дейді Ғ.Алпысбаева.
Еске сала кетсек, Италияның Милан – Кортина-д’Ампеццо қалаларында XIV қысқы паралимпиада додасында Ербол Ғалымкерейұлы парашаңғыдан қола жүлде алып қуантса, одан кейін парабиатлоннан із қуу сайысында алдына қара салмай, чемпион атанды.