Президент өз сөзінде жаңа Ата заң елдің даму бағытын айқындайтын тарихи құжат екенін атап өтті.
«Азаматтарымыз таңдаған жаңа Конституция Қазақстанның жаңа дәуіріне жол ашады. Қазақстан – аяғына нық тұрған, халықаралық беделі биік мемлекет. Еліміз ішкі тұрақтылығын сақтап, өзге жұртпен достық қатынас орнатып, зор сеніммен алға қарай қадам басып келеді.
Енді мемлекетіміз дамудың даңғыл жолына түседі. Сондықтан бізге татулық пен достық, сабырлық пен табандылық, жасампаздық пен ұқыптылық, еңбекқорлық пен сенімділік ауадай қажет. Біздің биік мақсаттарымыз, нақты жоспарларымыз бар. Көп созбай бәріміз осы міндеттерді іске асыруға кірісуіміз керек», деді Мемлекет басшысы.
Президент Халық Конституциясының қабылдануы жалпыұлттық бірліктің айқын көрінісі екенін ерекше атап өтті.
«Шын мәнінде, Халық Конституциясын әзірлеу мен қабылдау жалпыұлттық бірліктің салтанат құрғанын, жаңғыру стратегиясы мен реформалар жаппай қолдау тапқанын аңғартады. Әрине, бұл құжаттың тарихи маңызына, қазіргі қоғам мен келер ұрпақ баға береді. Ал бізге мемлекеттілік жылнамасын жазу миссиясы жүктелді. Бұл – абыройлы әрі жауапты миссия.
Сонымен бірге азаматтық ой-пікірің арқылы туған Отаныңның даму бағдарын белгілеуге берілген сирек мүмкіндіктердің бірі, тағдырдың сыйы. Сондықтан бәріміз тарихи әрі ұлы бетбұрыстың бел ортасынан табылып, тағдыршешті сәтке куә болдық деп сеніммен айта аламыз. Референдумға қатысып, азаматтық жауапкершілік пен отаншылдық танытқан баршаңызға алғыс айтамын. Әсіресе, жастарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Жас буын ел жылнамасына есімдерін алтын әріппен жазып, Ата заң авторларының біріне айналды.
Қазақстанның бүгіні мен келешегі жастардың қолында. Бұл – ешқандай ұран емес, қарапайым өмір заңы, мемлекеттік саясатымыздың өзегі», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған қоса Президент алдағы реформалардың ауқымына тоқталып, жүйелі өзгерістер кезеңі басталғанын айтты.
«Алдымызда ауқымды жұмыс тұрғанын, біз мемлекетімізді жан-жақты жаңғырту жолын енді ғана бастағанымызды айрықша атап өткім келеді.
Дүние дүрбелеңге толып, айналамызда тұрақсыздық белең алған жағдайда бұл жолды еңсерудің оңай болмайтыны анық. Алайда жолдың қиындығына қарамай, алға қадам басуымыз керек.
Ол үшін ұлтымыз ауызбіршілік танытып, жауапты әрі жасампаз патриотизмнің, терең білім мен кәсібиліктің үлгісін көрсетуі қажет. Біз көздеген мақсатымызға жетеміз. Жеңімпаз болуға міндеттіміз!» деді Мемлекет басшысы.
Президент қол қойған Жарлық Ата заң нормаларын іске асырудың негізгі бағыттарын айқындайды. Алдағы уақытта Парламент қарауына Президент, Құрылтай, Халық кеңесі, Астананың мәртебесі және әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы бес жаңа конституциялық заң ұсынылады. Сонымен қатар сегіз конституциялық заңға және 60-тан астам заңға өзгеріс енгізіледі.
Президент: Жаңа Халық Конституциясы – келер ұрпақпен бірге жасай беретін қасиетті құжат
Жаңа Конституция елдің құқықтық, экономикалық және қоғамдық-саяси жүйесін жаңғыртып, Қазақстанның дамуындағы жаңа кезеңнің негізін қалайды.
Президент Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиынға қатысты
