Ата заң • Бүгін, 20:30

Қазақстандағы конституциялық реформалар: Елдің саяси жүйесін жаңғырту және халықаралық байланыстардағы рөлі

20 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақстандағы конституциялық реформа – мемлекет тарихындағы саяси жүйені жетілдірудің маңызды кезеңі. Сарапшы Ильгар Велизаде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаны бастамашылық етуін, оның маңызын және жаңа саяси институттардың елдің басқару құрылымына ықпалын түсіндіреді,деп жазады Egemen.kz

Қазақстандағы конституциялық реформалар: Елдің саяси жүйесін жаңғырту және халықаралық байланыстардағы рөлі

Бір палаталы Парламент, Құрылтай, Халық кеңесі және Вице-президент институты сияқты жаңа институттар шешім қабылдау үдерісінің тиімділігін арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар, референдум арқылы қабылданған конституциялық өзгерістер халықтың ерік-жігерін есепке алудың халықаралық тәжірибеге сай әдісі болып табылады. Қазақстанның саяси жаңғыруы Еуропалық одақ, оның ішінде Италиямен энергетика, инвестициялар және логистика салаларындағы ынтымақтастыққа да оң әсер етеді. Конституцияның жастарға бағдарлануы, ғылым, білім, инновация және жасанды интеллект сияқты ұғымдарды енгізуі – мемлекеттің стратегиялық дамуын көрсетуімен қатар, болашақ ұрпақ мүддесіне қызмет ететін ұзақ мерзімді құжат екендігін айқын көрсетеді.

Ильгар Велизаденің айтуынша, Қазақстан өзінің ерекше жолымен дамып келеді, халықаралық тәжірибеден тек тиімді элементтерді таңдайды, бұл саясаттық тұрақтылық пен халықаралық серіктестікті нығайтуға бағытталған. Елдің тәжірибесі әлемдік деңгейде жаңа даму модельдерін іздестіріп жатқан елдер үшін үлгі бола алады, әсіресе ашық көзқарастағы саясаткерлер мен мемлекеттер үшін.

- Сіздің ойыңызша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев не себепті Қазақстанда конституциялық реформаны бастамашы етті?

- Конституциялық реформа Қазақстанда елдің саяси жүйесінің дамуының маңызды кезеңдерінің бірі ретінде қарастырылуы мүмкін немесе саяси жүйені реформалау үдерісінің жалғасы деп бағалануы тиіс. Бұл үдеріс, жалпы алғанда, бірнеше жыл бұрын басталған болатын. Осы жылдар ішінде билік тармақтарының жекелеген функцияларын өзгерту, мемлекеттік басқару органдарын тәжірибелік тұрғыда жетілдіру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституция – алдыңғы жылдары жүргізілген жұмыстың түйіні, квинтэссенциясы болып табылады. Сондықтан жаңа Конституцияны қабылдау бастамасы кездейсоқ емес және осы үдерістің заңды жалғасы болып саналады.

- Бір палаталы Парламент Құрылтай, Халық кеңесі және Вице-президент институты. Бұл жаңа саяси институттар елдегі билік жүйесіне қалай әсер етуі мүмкін?

- Бұл жерде ең алдымен шешім қабылдау үдерісінің жеделдігін және тиімділігін арттыруға деген ұмтылысты атап өткен жөн. Бұған дейін атқарушы және заң шығарушы билік органдарының функциялары белгілі бір деңгейде қайталанып отырды, сондай-ақ аралық басқару буындары мемлекеттік аппараттың тиімді жұмыс істеуіне кедергі келтірді. Жалпы алғанда, атқарушы, заң шығарушы және сот билігі толыққанды тиімді жұмыс істей алмады, әсіресе екі палаталы парламент жағдайында. Функциялардың қайталануы мен аралық құрылымдардың болуы заң шығару үдерісінің тиімділігін төмендетті. Қазіргі таңда бұл мәселелер жойылып, жалпы жүйе тек шешім қабылдаудың ғана емес, сонымен қатар оларды іске асырудың да тиімділігін арттыруға бағытталып отыр.

- Неліктен конституциялық өзгерістердің дәл референдум арқылы қабылдануы маңызды болды?

- Конституциялық өзгерістердің дәл референдум арқылы қабылдану себебіне келсек, бұл – халықаралық тәжірибе. Мұндай өзгерістер, әдетте, тек референдум арқылы қабылданады, себебі референдум – халықтың нақты ерік-жігерін айқындайтын ең тиімді тәсіл. Әңгіме негізгі заң, яғни қоғам өмірінің базалық заңы туралы болып отырғандықтан, оны қабылдауға бүкіл қоғам қатысуы тиіс.

- Қазақстан Еуропалық одақпен, оның ішінде Италиямен энергетика, инвестициялар және логистика салаларында ынтымақтастықты белсенді дамытып келеді. Елдегі саяси жаңғыру осы қатынастардың дамуына әсер етуі мүмкін бе?

- Еуропалық саяси тәжірибеге қатысты айтар болсам, бұл сұрақтың қойылуы толықтай дұрыс емес деп есептеймін. Қазақстандағы саяси өзгерістерді басқа елдердің немесе елдер топтарының тәжірибесімен толықтай салыстыруға болмайды. Неліктен дәл Еуропалық одақ, ал неге АСЕАН немесе МЕРКОСУР елдері емес? Бүгінгі таңда әлемде қандай да бір шешім қабылдауға үлгі болатын бірыңғай эталон жоқ.

Еуропалық одақ, сөзсіз, саяси және институционалдық тұрғыдан озық тәжірибеге ие, әрі оның жекелеген елдерінде жүзеге асырылып жатқан саяси практикаларды зерттеу пайдалы. Олар өте маңызды, дегенмен саяси және қоғамдық үдерістердің қалыптасу ерекшеліктерін міндетті түрде ескеру қажет. Басқа елдердің тәжірибесін сол күйінде көшіру мүлде тиімсіз әрі кері әсер беруі мүмкін.

Сондықтан негіз ретінде тек еуропалық тәжірибе алынбауы тиіс, керісінше халықаралық тәжірибе іріктеліп қарастырылуы қажет: яғни оның барлығы емес, тек белгілі бір элементтері ғана қажет болған жағдайда нақты мемлекет тәжірибесіне енгізілуі мүмкін.

Бұл тұрғыда Қазақстан өз жолымен дамып келеді. Әрине, тек еуропалық емес, жалпы халықаралық озық тәжірибелер пайдаланылады, өйткені әлемнің басқа өңірлерінде де тиімді үлгілер бар. Қазіргі таңда біз басқару үдерістері мен мемлекеттік басқару функцияларын іске асыруда белгілі бір деңгейде стандарттау жүріп жатқан әлемде өмір сүріп отырмыз. Сондықтан тек бір бағытпен шектелмей, әлемге кеңірек қарау қажет.

Менің ойымша, жаңа конституциялық өзгерістер барысында Қазақстан әлемдік және халықаралық тәжірибенің оң үлгілерін таңдады. Қазақстан Еуропалық одақпен белсенді ынтымақтастық орнатып отыр, сондай-ақ Қытаймен одан да қарқынды байланыс дамуда және өзге де саяси бірлестіктермен конструктивті өзара іс-қимыл жасауға ұмтылуда.

Еуропалық одақпен қарым-қатынас ерекше орын алады. Әрине, ЕО-ның өзі қазіргі таңда белгілі бір институционалдық және экономикалық қиындықтарға тап болып отыр. Дегенмен Қазақстан үшін түрлі ықпал орталықтарымен, соның ішінде Еуропалық одақпен өзара тиімді негізде ынтымақтастық орнату маңызды.

Италия – Еуропалық одаққа мүше, прагматикалық ұстанымды басшылыққа алатын елдердің бірі. Италия үшін әрдайым энергетикалық жеткізілімдерді әртараптандыруға, өз өнімдеріне жаңа нарықтар табуға байланысты ұзақ мерзімді мүдделерін жүзеге асыру маңызды болып келеді. Қазақстан мен Италия мүдделерінің тоғысуы өзара сауда айналымының, инвестициялардың өсуіне ықпал етуде.

Италия – Қазақстанның Еуропалық одақтағы ең маңызды серіктестерінің бірі. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, ЕО мен Қазақстан арасындағы жалпы тауар айналымының шамамен 60 пайызы Италияның үлесіне тиесілі.

Айта кетерлігі, Италия идеологиялық ұстанымдарға емес, әрдайым прагматикалық саясатқа сүйеніп келеді. Қазіргі таңда Еуропалық одақ Орталық Азияға, соның ішінде Қазақстанға көбірек көңіл бөле бастаған жағдайда, Италия осы үдерісте алдыңғы қатардан көрінуде. Әрине, Италия секілді елдердің көбейгені жөн, яғни Қазақстанмен өңірлік ынтымақтастықты прагматикалық тұрғыдан бағалайтын мемлекеттердің саны артқаны тиімді.

Менің ойымша, Италияның тәжірибесі қазіргі кезеңде ерекше үлгі бола алады. Еуропа нарығына мұнай мен газ жеткізу шектелген жағдайларда, дәл осы Қазақстан мен Италия арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық Римге өзінің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.

- Қазақстан Президенті жаңа Конституция ең алдымен жастарға бағытталғанын атап өтеді. Негізгі заңға ғылым, білім, инновациялар және жасанды интеллект сияқты ұғымдар енгізілген. Бұл Тоқаевтың Қазақстан үшін стратегиялық бағыты туралы нені көрсетеді?

Сарапшы: Жаңа Конституцияны қолдау – қоғамның жаңғыруға дайын екенін көрсетеді

Жастар және халықаралық қауымдастықтың, жалпы адамзат өркениетінің дамуындағы жаңа үрдістерді ескеру мәселесіне келсек, әрине, мұның барлығы Конституцияда көрініс тапқан. Алайда Конституция – бір жылға немесе бірнеше жылға емес, ұзақ мерзімге қабылданатын, мерзімсіз құжат. Сондықтан ол қазіргі таңда болып жатқан үрдістерді міндетті түрде ескеруі тиіс: жасанды интеллектінің қарқынды дамуы мен қолданылуы, сондай-ақ Конституцияның ертең және келешекте өмір сүретін адамдардың мүдделеріне қызмет етуі. Бұл – бүгінгі жастар.

Сол себепті бұл Конституция болашаққа бағдарланған және, сөзсіз, оның ішінде оң тұстар ескерілген. Алдыңғы қатарлы тәжірибе, шартты түрде айтқанда, назарға алынды және ол қазіргі заманғы үрдістермен ұштастырылды: жасанды интеллектіні қолдану, жаңа технологиялық даму деңгейін іске асыру – мұның бәрі Конституцияда өз көрінісін тапты.

- Сіздің ойыңызша, Қазақстанның тәжірибесі бүгінгі таңда жаһандық сын-қатерлер жағдайында жаңа даму модельдерін іздестіріп жатқан еуропалық елдер үшін қызықты болуы мүмкін бе?

- Шынымды айтсам, Қазақстанның тәжірибесі еуропалық елдер үшін аса пайдалы болады деп ойламаймын. Себебі еуропалық елдер, әсіресе соңғы жылдары, көбіне ішкі мәселелерге көбірек көңіл бөліп отыр. Бұл қаншалықты дұрыс тәжірибе екені белгісіз. Бұрын Еуропалық одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Жозеп Боррель Еуропалық одақтан тыс әлемді «джунгли» деп сипаттаған болатын. Мұндай көзқарастар еуропалық саясаткерлердің басым бөлігінде жоқ деп үміттенгіміз келеді. Дегенмен осындай ұстанымдар ЕО-дан тыс әлемді объективті әрі жан-жақты бағалауға кедергі келтіреді.

Сонымен қатар Еуропада жағдайға өзгеше қарайтын елдер мен ықпалды саяси топтар да бар. Біз Италия туралы айттық, бұдан басқа да шынайы жағдайды дұрыс бағалауға тырысатын мемлекеттер жеткілікті. Бұл тұрғыда Орталық Азиядағы, соның ішінде Қазақстандағы үдерістерді мұқият бақылап отырған саясаткерлер де бар. Олардың арасында бұл өзгерістерге оң баға беріп, өз тәжірибесінде ескеріп жүргендері де болуы мүмкін.

Америкалық сарапшы: Қазақстандағы Конституциялық комиссия реформаның инклюзивтілігін қамтамасыз етті

Қалай болғанда да, болашақ – осындай ашық көзқарастағы адамдардың қолында. Ал оқшаулануды жақтайтын ұстанымдар ұзақ мерзімде тиімді бола бермейді. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы қарым-қатынасты дамыту, Астана мен Брюссель арасындағы саяси диалогты жандандыру – баламасыз бағыт. Бұл үдеріс қазірдің өзінде де, алдағы уақытта да Еуропалық одақ пен Қазақстан халықтарының мүддесіне қызмет ететін болады.

Соңғы жаңалықтар