Үкімет • Бүгін, 08:17

Инвестициялық қолдау екі есе артты

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов «Бәйтерек» Ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ директорлар кеңесінің отырысын өткізді. Отырыста былтырғы инвестициялық саясатты орындау қорытындылары, сондай-ақ экономиканың басым бағыттарын одан әрі қаржыландыру мәселелері қаралды.

Инвестициялық қолдау екі есе артты

Отырысты ашқан Премьер-министр Директорлар кеңесінің мүшелерін және шақырылғандарды еліміздің жаңа Конституциясының қабылдануымен құттықтап, оқиға­ның тарихи маңыздылығын атап өтті.

«Қазақстан өзінің саяси, әлеумет­тік-экономикалық және қоғамдық дамуының жаңа кезеңіне аяқ басты. Біздің барлығымызды еліміздің Ата заңында орныққан қағидаттарды, нормалар мен постулаттарды жүзеге асыру бойынша үлкен жұмыстар күтіп тұр», деді О.Бектенов.

«Бәйтерек» ҰИХ басқарма төраға­сы Рустам Қарағойшиннің мәлі­метінше, былтыр еншілес ұйымдар арқылы экономиканың шикізаттық емес салаларын қаржыландыру көле­мі 8 трлн теңгені құрады. Бұл алдың­ғы жылғы деңгейден 96% жоғары. 7,1 трлн теңге сомасындағы қолдау ша­мамен 75 мың компания мен ұйым­дарға көрсетілді. Хол­дингтің көмегіне ие болған кәсіп­орындардың экспорт көлемі 1,9 трлн теңгеге жетті. Бұл 2024 жылғы көрсет­кіштен екі есе көп.

Жиында агроөнеркәсіп кешенін (АӨК) қолдауға баса назар аударылды. Былтыр АӨК-ті қаржыландыру 1,4 трлн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 31%-ға артты. Холдинг­тің көмегімен 11,5 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Холдинг қызметінің нәтижесінде 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.

Мемлекет басшысының Ақмола облысындағы егін жинау науқаны мәселелері жөніндегі жиында бер­ген тапсырмасын орындау шеңбе­рінде биылғы егіс науқанын ерте қар­жы­ландыру жұмысы жалға­сып жатыр. Директорлар кеңесі «Аг­рар­лық несие корпорациясы» арқы­лы көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру мақсатында 300 млрд теңгеге дейін облигациялар шығаруды мақұлдады. Сондай-ақ отандық өндірістегі ауыл шаруашылығы техникасының лизингін 150 млрд теңгеге дейін қаржыландыру «ҚазАгроҚаржы» арқы­лы және әлеуметтік осал топтар мен кезекте тұрған азаматтар үшін 100 млрд теңгеге дейін ипотекалық несиелеуді «Отбасы банк» арқылы жүзеге асыру мақұлданды.

Биыл «Бәйтерек» холдингі экономика салаларын қолдауға 8 трлн теңгеге дейін қаржы бағыттауды жос-парлап отыр. Басым бағыттардың қатарында өнеркәсіп пен инфрақұ­рылымды қаржыландыру, агросекторды қолдау, экспортты дамыту мен халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету бар.

Премьер-министр Олжас Бекте­нов экономиканың нақты сек­торын қолдауды одан әрі күшей­тудің, шикізаттық емес сала­лар­ды дамытудың және Хол­динг құралдарының тиімді­лі­гін қамтамасыз етудің маңызды­лы­ғын атап өтті. Жиын қорытын­ды­сында былтырғы IV тоқсанға ар­налған тәуекелдер бойынша кон­соли­­дациялық есеп, корпоративтік бас­қаруды жетілдіру іс-шаралары жоспарын орындау нәтижелері және Директорлар кеңесінің былтыр­ғы қызметін бағалау нәтижелері де бекітілді.