Оқиға • Бүгін, 11:25

Таяу Шығыстан азаматтарды елге қайтару үшін қанша қаражат жұмсалды?

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Таяу Шығыстағы геосаяси ахуалдың күрт ушығуына байланысты Қазақстан азаматтарын елге қайтару операциясына жұмсалған қаражат көлемі әзірге белгісіз. Көлік вице-министі Талғат Ластаев бұл мәселеге қатысты пікір білдіріп, қазіргі уақытта қаржылық есептеулер жүргізіліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Таяу Шығыстан азаматтарды елге қайтару үшін қанша қаражат жұмсалды?

Фото: Ашық дереккөз

Вице-министрдің айтуынша, эвакуациялау кезінде мемлекет үшін басты басымдық шығын көлемі емес, азаматтардың қауіпсіздігі мен оларды қауіпті аймақтан жедел шығару болған.

«Сол сәтте ешкім шығын көлемі немесе бағасы туралы ойлаған жоқ, негізгі міндет – адамдарды аман-есен жеткізу болды. Әуе компаниялары жедел іске кірісті. Эвакуацияның құнын есептеу басты мақсат емес еді. Барлығымыз азаматтарды қауіпсіз жерге алып шығу үшін жұмылдық», деп түсіндірді Талғат Ластаев.

Министрлік өкілі әуе компаниялары мен жауапты органдар атқарылған жұмыстың нақты құнын есептеп жатқанын, барлық деректер толық жинақталған соң цифрлардың көпшілікке жарияланатынын жеткізді. Сонымен қатар ол отандық және шетелдік әуе компанияларына, әуежай қызметкерлеріне қиын кезеңде көрсеткен кәсібилігі мен жеделдігі үшін ризашылығын білдірді.

Таяу Шығыс аймағынан 10 000-нан астам отандасымыз қайтарылды

Аймақтағы тұрақсыздыққа байланысты қазақстандық әуе тасымалдаушылары Таяу Шығыс бағытындағы рейстерді уақытша тоқтатты. Қазіргі уақытта Қатар мен Сауд Арабиясына ұшатын ұшақтар да рейске шығып жатқан жоқ. Десе де, кейбір шетелдік компаниялар, атап айтқанда FlyDubai, ұшуды жалғастырған. Бірақ әуе кеңістігіндегі қауіп сейілмегендіктен, Дубай әуежайының өзі жұмысын жиі тоқтатуға мәжбүр болып отыр.

Вице-министр ұшу қауіпсіздігі мен аймақтағы жалпы жағдай күнделікті сараланып отыратынын, алдағы шешімдер тек қауіп-қатерді жан-жақты бағалағаннан кейін ғана қабылданатынын қадап айтты. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Air Astana әуе компаниясы наурыз айының соңына дейін Дубайға рейстерін тоқтатқанын хабарлаған болатын.

Еске сала кетейік, Израиль 28 ақпанда таңертең Иранға соққы жасады. Дубай, Абу-Даби және Рас-эль-Хаймада жүрген Қазақстан азаматтары рейстердің тоқтатылуына байланысты елге қайта алмай қалған. Ал «Қазпошта» Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты халықаралық пошта жөнелтілімдеріне уақытша шектеулер қойылғанын мәлімдеді.

Бұған дейін Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан 13 рейс тоқтатылғанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына байланысты Қазақстанның шет елдердегі мекемелерінің жедел байланыс және «жедел желі» нөмірлерінің іске қосылғаны хабарланған еді. 

Соңғы жаңалықтар

Наурызнама: Бүгін – Жаңару күні

Наурызнама • Бүгін, 10:15