Президент соңғы жылдары Қазақстанда әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу бағытында жүйелі жұмыс жүргізілгенін атап өтті. Бұл бастама жастардың ел ішінде сапалы білім алуына жол ашып, халықаралық стандарттарды енгізуге мүмкіндік берген. Қазіргі таңда елімізде 33 шетелдік университет филиалы жұмыс істейді. Олардың қатарында Мәскеу инженерлік физика институты, Аризона университеті, Сорбонна, Лотарингия университеті, Кардифф университеті, Де Монтфорт университеті, Бейжің тіл және мәдениет университеті сияқты беделді оқу орындары бар.
Президент: Цифрландыру мен жасанды интеллектінің дамуына баса мән беруіміз керек
Алайда Мемлекет басшысы бұл жұмыстың тек санмен шектелмеуі керектігін ескертті.
«Бізге есеп үшін ашылған, ұлттық ғылымды дамытуға қауқарсыз филиалдардың қажеті жоқ. Басты назар санда емес, сапада болуға тиіс. Қазақстанда жұмыс істейтін әр филиал жоғары білім саласындағы бәсекені арттыруға ықпал етуі керек», деді Президент.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік гранттарды бөлу мәселесіне тоқталып, шетелдік филиалдар мен отандық университеттер арасындағы қаржыландыру айырмашылығын қайта қарау қажеттігін айтты. Үкімет дерегіне сәйкес, бір студентке шетелдік филиалдарда бөлінетін грант көлемі ұлттық университеттерге қарағанда бес есе көп. Президент мұндай жағдайда әділ бәсекелестік қалыптастыру қиын екенін атап өтіп, тиісті талдау жүргізуді тапсырды.
Кездесуде Мемлекет басшысы техникалық және инженерлік мамандар даярлау мәселесіне ерекше мән берді. Оның айтуынша, елде гуманитарлық бағыттағы мамандар саны шамадан тыс көбейген.
«Ұлттың менталитетін өзгертуіміз керек. Ол үшін ғылым мен технологияға мойын бұру қажет. Қазақстанда сана революциясын жасауымыз керек деп ойлаймын», деді Президент.
Осы тұрғыда университеттердің рөлі айрықша екені атап өтілді. Жоғары оқу орындары ел болашағы үшін жауапкершілік алатын, білімді әрі парасатты жаңа буынды қалыптастыруы тиіс. Президент білімді тек әлеуметтік қызмет емес, маңызды өндірістік күш ретінде қарастыру қажеттігін жеткізді.
Тоқаев: Ғылыми әзірлемелерден ауыз толтырып айтарлық экономикалық әсер әзірге жоқ
Мемлекет басшысы биылғы жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялағанын еске салып, ғылым мен технологияны дамыту бағытында нақты қадамдар жасалатынын айтты. Соның бірі – Жасанды интеллект университетін ашу. Бұл оқу орны алғашқы студенттері мен магистранттарын биыл қабылдауды жоспарлап отыр.
«Іргелі ғылымсыз жасанды интеллектіні дамыту мүмкін емес. Алгоритмдер мен күрделі инженерлік өнімдер, ең алдымен, дамыған ғылыми және университеттік ортада пайда болады. Сол себепті осы бағытқа айрықша көңіл бөлеміз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске сала кетейік, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жұмыс сапары аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми әлеуетімен танысты.