Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, сатылым бойынша бірінші орында – этил спирті. Барлығы 4,1 млн бірлік сатылған. Екінші орында натрий хлориді – 2,1 млн бірлік.
Үздік үштікке сондай-ақ қызу түсіретін дәрі – парацетамол (1,75 млн бірлік) кірді. Төртінші орында ацетилсалицил қышқылы (1,5 млн-нан астам), ал бесінші орында мұрын бітелуіне қарсы қолданылатын нафазолин тұр.
Сұраныс жоғары болған дәрілер қатарында «Цитрамон П» (1,23 млн-нан астам) бар. Сондай-ақ үздік ондыққа меновазин (897 мың), тұмау мен суық тиюге қарсы «ТераФлю», белсендірілген көмір (636 мың) және фурацилин (623 мың) енді.
Цифрлық таңбалау аясында әрбір дәрі қаптамасына бірегей Data Matrix коды беріледі. Тұтынушы, дәріхана немесе тексеруші орган бұл код арқылы дәрінің түпнұсқалығын Naqty Onim мобильді қосымшасы арқылы бірден тексере алады.
Министрліктің мәліметінше, таңбалау жүйесі әрбір дәрі қаптамасының өндірушіден соңғы тұтынушыға дейінгі қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Ұсынылған статистика дәріханалардағы бөлшек сауданы көрсетеді. Сонымен қатар, бұл жүйе аталған дәрілердің барлығы заңды айналымнан өткен түпнұсқа өнім екенін кепілдейді.
Ведомствоның айтуынша, бұл заңды сауда айналымында жалған дәрілердің сатылуын техникалық тұрғыдан мүмкін емес етеді.