Аймақтар • Бүгін, 08:12

Алаңдауға негіз жоқ

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысы биыл су тасқыны қаупі орташа деңгейдегі өңірдің қатарына енді. Оған қыста түскен қардың аздығы, жердегі тоңның жұқалығы сынды бірнеше себеп бар.

Алаңдауға негіз жоқ

Сурет: ашық дереккөзден

Дегенмен табиғаттың то­сын мінезін алдын ала болжау мүмкін емес. Оның үстіне алдыңғы жылдар­да­ғы тасқынның келтірген зардабын жұрт ұмытқан жоқ. Биыл жер­гілікті бюджеттен бөлінген 639 млн теңге өзен жағалауларын бекітуге, су өткелдерін қоқыс пен қураған ағаш-қамыстан тазартуға, инертті материалдар мен жанар-жағармай сатып алуға, қала көшелерінде жиналған қар суын шығаруға жұмсалып жатыр. Қазір қала көшелері мен тұрғын үй алаптарында жиналған еріген қар суын соруға 120 ассенизатор көлігі, екі жылжымалы сорғылау бекеті, мотопомпалар, басқа да арнайы техникалар жұмылдырылып, 10 мың текше метр инертті мате­риал, 15 мың дана қап дайындалды. Қала көшелеріндегі арықтар мен суағарлар қар мен мұздан тазартылды. Ақтөбедегі су жиналатын арықтарды бұру жүйесі ретке келтірілді. Жүйенің жалпы ұзындығы – 61,6 шақырым, оның ішінде 55 шақырымы – ашық арықтар, 6,6 шақырымы – жабық желілер. Бүгінде 45 дренажды-жинақтау құдығы мен бес сорғылау бекеті жұмысқа дайын.

Қала шетіндегі Елек, Сазды өзендерінде мұз жару жұмыстары жүргізілді. Жылда көктемде қала шетіндегі тұрғын үй алаптарына қауіп төндіретін Песчанка өзенінің 800 метр арнасы қамыстар мен қураған ағаштардан тазартылып, жағалауы бекітілді. Облыстық төтенше жағдай департаментінің мамандары автокөлік жолдарын­дағы су өткізу өткелдері мен көпір­лер­дің айналасын тазартып, су жолына кедергі келтіретін жолдарды аршыды. Ойыл, Ырғыз өзендерінің сең жүретін бөліктерінде мұз жару жұмыстары жүргізілді. Бұл  –  далалық өзендердің арнасынан шығып, жағалаудағы елді мекендер мен көлік жолдарын басып қалмас үшін жасалған шаралар.

«Қазсушар» РМК Ақтөбе облыстық филиалының директоры Ринат Шәуеновтің ай­туынша, Қарғалы, Ақтөбе, Сазды суқоймалары тасқын суды қа­был­дауға дайын. Қарғалы суқой­масы 193 млн текше метр, Ақтөбе суқоймасы 143 млн текше метр, Сазды 4,6 млн текше метр су қабылдай алады. Егер су деңгейі тез көтеріліп, қоймалар толып бара жатса, Қарғалы, Елек, Сазды өзендеріне жіберуге болады. Қазір осы стратегиялық нысандарда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған.

Ақтөбе облысында далалық өзендер сәуірдің басында тасиды. «Қазгидромет» РМК филиа­лы­ның хабарлауынша, күн күрт жылынғанда Ақтөбе суқоймасына 110 млн текше метр, Қарғалыға 72 млн текше метр су жиналуы мүмкін. Сазды суқоймасы негізінен еріген қар суымен толығатын болғандықтан, мамандар жиналған суды біртіндеп Сазды өзеніне жіберіп отыруды жоспарлаған. Дегенмен былтырғы жылдарға қарағанда, өңірде су тасқыны қаупі аса жоғары емес әрі келетін су мөлшері де аз деген болжам бар.

 

Ақтөбе облысы 

Соңғы жаңалықтар

Сахна – рухтың шамшырағы

Театр • Бүгін, 09:05