Руханият • Бүгін, 08:40

Жылылық

20 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Біздің кейіпкеріміз – Камал Әлпейісова. Жан-жақты талант иесі. Ілеспе аудармашы, жазушы, публицист, ғалым. Камал апайдың жүзі сондай жылы. Мейірімі төгіліп тұрады. Ол кісімен кездескенде бір жақыныңды көргендей боласың. Көңілі таза, жаны ізгі адам. Қаламгердің осы қасиетін оны танитындар айрықша бағалайды.

Жылылық

Әсіресе жұртшылық Камал Әбіл­қасымқызын ілеспе аудармашы ретінде жақсы біледі. Еліміз егемендік алғаннан кейін қазақ тілінің қолдану аясы кеңейді.  Ілеспе аударманың да қажеттілігі туды. Сол жылдары Жоғарғы кеңес аппаратындағы Редакциялық баспа бөлімін Зейнолла Серікқалиұлы басқарды. Бір жиында көрнекті сыншы Камал апайдың екі тілде еркін сөйлегенін көріп, баспа бөліміне қызметке шақырады.

Кейіпкеріміздің ілеспе аударма сала­сындағы алғашқы еңбек жолы осылай бас­талды. Қаламгер жаңа қызметті жатырқамады. Бірден сіңісіп кетті. Өйткені сол кезде елімізге белгілі айтулы азаматтардың дені Жоғарғы кеңеске депутат болып сайланды. Олардың дені сессия отырысында ұлт мәселесінен бас­тап, елдің экономикалық-әлеуметтік жағдайы туралы билік өкілдеріне мемлекеттік тілде жиі сауал жолдайтын. Халық қалаулыларының қазақша айтқан  ұсыныстарын басқалар да түсінуі керек.  Камал Әлпейісова ілеспе аудар­машы  ретінде солардың сөйлеген сөздерін мағынасын еш өзгертпей жеткізді. Осының бәрі ол кісіге оңай тимеді. Бірақ бұл сыннан сүрінген жоқ. Қайта ширап, шыңдала түсті. Тәжірибесі де молайды.

Негізі, ілеспе аудармада жарты сағат са­йын мамандар алмасып отыруы қажет. Өйткені денсаулыққа зиян. 90-жылдардың басында екі тілге жүйрік ілеспе аудармашылар санаулы еді. Ал орыс тіліндегі мамандар жетерлік. Олар бір-бірін жиі алмастырады. Сондықтан Жоғарғы кеңес сессиясында Камал Әбілқасымқызына көп салмақ түсетін.  Бірақ ол кісі оған мо­йымады. Табандылық көрсетті. Уақытпен санаспай жұмыс істеді. Кейде қатты шаршайтын. Сондай кезде марқұм Зейнолла ағаның: «Камал, кейін екі тілді еркін меңгерген қазақ аудармашылары көбейеді. Сонда сен де алмасып отырасың», деген сөзі күш беретін.

Жалпы, Камал апай Зейнолла Серікқа­лиұлын ілеспе аудармадағы ұстазым деп ардақ тұтады. Бірде жолығып әңгімелескенде абзал азаматтың осы салаға қосқан үлесі мол екенін айтты.

 «Зейнолла аға – еліміздегі ілеспе аударма саласын қалыптастырған тұлғаның бірі. Шын мәнінде, ол ана тіліміздің жанашыры еді. 90-жылдардың басында Президент әкімшілігі мен Үкіметте жиындар жиі өтетін. Соған ілеспе аударма жасауға үнемі мені шақырады. Зейнолла аға сол жиындардан өзі күтіп алады. Сосын: «Камал, отырыста қанша адам қазақша сөйледі?» деп сұрайды. Мен оған: «Бүгін кешегіден де көп сөйледі», десем, соған балаша қуанып: «Көрдің бе? Біз көбейіп келе жатырмыз», деп мәз болатын еді», дейді.

Камал Әлпейісова Жоғарғы кеңес аппараты мен Парламент Сенатының редакциялық баспа бөлімінде  ұзақ жыл қызмет істеді. Қарапайым консультанттан бөлім меңгерушісінің орынбасарына дейін көтерілді. Мемлекеттік тілдің дамуына атсалысты. Көптеген маңызды жиында ілеспе аударма жасады. 1995 жылы Алматыда ЮНЕСКО-ның аясында ұлы Абайдың 150 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-конференция өтті. Оған  Шыңғыс Айтматов та келді.  Аса көрнекті жазушы хакім атамыз туралы қырғыз тілінде тебіреніп сөйледі.  Осы жиында заңғар суреткердің сөзін  қырғызшадан орысшаға еркін аударды. Конференциядан кейін қабырғалы қаламгер өз сөзін жұртшылыққа ұғынықты жеткізген Камал апайға келіп, ризашылығын білдіреді. Мұндай оқиғалар кейіпкеріміздің қызмет жолында өте көп. Айталық, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза  Парламент депутаты болған жылдары Мәжілісте ел,  жер, тіл мәселесіне келгенде ойын бүгіп қалмайтын. Әрбір сөзін ширығып айтатын. Бұған халықтың да айызы қанатын. Камал апай Парламент отырысында біртуар тұлғаның айтқан сөздерін мұртын бұзбай аударуға күш салатын. Кейде қаламгерге дауыс ырғағы да ұқсап кетеді. Сонда әріптестері: «Шерағадан бетер шегеледің ғой», дейді екен.

Шындығында, Камал Әбілқасымқызы – еліміздегі ілеспе аударманың бірегей маманы. Осы салаға саналы өмірін арнады. Оқу құралдарын жазды. Мектеп қалыптастырды. Қаншама шәкірт тәрбиеледі. Алғашқы республикалық «Үздік аудармашы» байқауы­ның жеңімпазы атанды. Осы тақырыпта кандидаттық диссертация да қорғады.

Сонымен қатар майталман аудармашы әдеби шығармаларды да тәржімеледі. «Мәдени мұра» бағдарламасымен шыққан «Әлемдік саясаттану антологиясында» грек ойшылдары Демокриттің, Аристотелдің, Платонның, батыс ойшылдары Бенедикт Спинозаның, Джон Локтың, Паскаль және Блездің жекелеген еңбектерін қазақша сөйлетті. Махамбеттен бастап, Ә.Тәжібаев, Ұ.Есдәулет секілді айтулы ақындардың жыр топтамасы мен Мұғамила Әуезованың «Әкем туралы» атты кітапшасын орысшаға аударды.

Кейіпкеріміздің енді бір қыры – жазу­шылығы. Камал Әбілқасымқызы әдебиетке тастүйін дайындықпен келді. Бұған «Қазақстан әйелдері» журналында жұмыс істеген жылдары да себеп болды. Өйткені аталған басылымда тағдыр тауқыметін тартқан қазақ әйелдері туралы көлемді көркем очерктер жазды. Солардың жан дүниесіне үңілді. Қиындыққа қайыспаған аяулы жандардың рухын сезінді. Осының бәрі проза жазуға  әсер етті деп ойлаймыз.

Қаламгердің алғашқы «Түс» деген әңгімесі «Жұлдыз» журналында жарық көрді. Осы дүниені оқыған белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұрысбек Сәукетай: «Әдебиетте адамның жасы физиологиялық жаспен өлшенбейді. Осы әңгімемен-ақ сақалың белуарыңа түсіп тұр екен», деп баға берді.

Камал Әлпейісованың жүзі қандай жылы болса, шығармалары да сондай жып-жылы. Әңгімелері оқырманды бірден үйіріп әкетеді. Әсіресе шығармаларында әйелдердің  қайғысы мен қуанышы, сағынышы мен арманы, мұңы мен зары нәзік сезіммен өрілген. Түрлі тағдырды бастан кешкен аяулы жандардың галереясын жасады. Мысалы, «Айтылмаған әңгіме» атты туындысында  жас кезінде бір-бірін өліп-өшіп сүйген Жекен мен Алма өмірдің түрлі соқпағымен екі жаққа кетеді. Екеуі де есейіп, ақыл тоқтатқан шақта бір-бірін көрсем деп армандайды. Бірақ тағдыр жолы түйіспейді. Мұндай оқиға кез келген адамның басында болуы мүмкін. Осыны автор шеберлікпен баяндайды. Ал «Әйел бақыты» әңгімесінде ері қайтыс болып, жалғыз қалған Фазила ананың бетінен қақпай бағып-қағып өсірген  баласы  адамдықтан кетіп, басқа жолға түседі. Бұл туындыда  қазіргі заманауи тақырып қозғалған. Сонымен бірге  «Ғажайып танго», «Жақсы көру», «Апасының баласы», «Алтын көрген періште», «Жигули – таудың аты» секілді көркем дүниелерінде де адам бойындағы адалдық, достық, ізгілік, мейірімділік секілді қасиеттер айшықты бейнеленген.

Сондай-ақ Камал апай – қаламы жүрдек публицист. Қоғамды алаңдатқан маңызды мәселелерге дер кезінде үн қосып отырады. Кезінде мерзімді баспасөзде жарық көрген отбасылық құндылықтар туралы «Ата-ананы сүю», «Ұл», «Әке беделі», « Азаматтық неке. Азаматқа лайық па?» атты мақалалары оқырмандарды сан тарауға ойға қалдырды. Мұндағы айтылған проблемалар әлі де өзекті.  Мәселен,  «Ұл» атты мақаласында: «Ер адам әйелінің, балаларының алдында беделі болса, ол отбасы бақытты. Ал бедел адамға білім арқылы, сол білім қалыптастырар бай жан дүниесі, терең танымы, өз бала-шағасын асырап баға алар кәсібі мен отбасына жасар қамқорлығы арқылы келеді. Біз «әйел ерге қарайтын елміз ғой. Ерлеріміз жерге қарамайтын болуы үшін, ең алдымен, ұлдарымыздың тәрбиесіне көңіл бөлейік, оларды оқытайық, кәсіпке баулиық, қымбатты ата-аналар!» деп парасатты ой қорытады.

Кейіпкеріміз қоғамдық жұмысқа да белсене араласады. Біраз жыл еліміздегі Әйелдер ісі жөніндегі ұлттық комиссияға мүше болып, осы саладағы маңызды мәселелерді шешуге ықпалын тигізді. Қазір  ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің мүшесі. Бұл бағыттағы жұмысы да нәтижелі. Ұлттық құндылықтарды сақтау мен отбасы институтын нығайтуға байланысты бірнеше жобаны іске асырды.

Биыл Камал Әлпейісова үшін мерейлі жыл. Жақында қарымды қаламгер Мемлекет басшысы қолынан «Парасат» орденін алды. Бұған оны білетіндердің  бәрі қуанды. Өйткені бұл марапат жаны нұрлы жақсы адамның ұзақ жылғы  еңбегінің бір өтеуіндей көрінді.  Адал еңбек елеусіз қалмайды деген осы.

Соңғы жаңалықтар