Қазақ екенімізді көрсету мақсатында Фарабиді, Дулатиді, Шоқанды, Абайды, Әлиханды, А.Байтұрсынұлын, Қ.Сәтбаевты, М.Әуезовті, Б.Момышұлын, Д.Қонаевты, ұлтымыздың тағы басқа ұлыларын еске алып, арқа сүйейміз. Олардың өркениетке сіңірген еңбегіне жүгінеміз.
Қай заманда да, қандай қайшылықты құбылыстар тұсында да сын-тәуекел кезеңдерінде майдан төріне елдің сөзін сөйлеп, туын көтеріп бастамашы адамдар шығатыны адамзат пен мемлекеттер тарихынан белгілі. Сондай тұлғалар өз ұлтына қызмет ету арқылы елін де, жерін де әйгілеп көтере алады.
Бақытымызға орай, біздің дәуірімізде де сондай ауыз толтырып айтатын ұлттық тұлғаларымыз баршылық. Ел сенімі мен үмітіне ие болған көрнекті замандастарымыздың бірегейі – ұлы ақын, жазушы, публицист, тіл әлемінің білгірі, терең зерттеуші, бесаспап тарихшы, дарынды сөз зергері, шешендіктің үлгісі, шебер дипломат, батыл саясаткер, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Омарұлы Сүлейменов.
Бір адамның басына жаратушының әмірімен қонған осыншама қабілет-қарымның әр қыры мен сырының әйгіленуі сан алуан.
Өткен ғасырдың, нақтырақ айтсақ, 1961 жылдың сәуір айында кеңес одағы кеңістігінде адамзат тарихын дүр сілкіндірген оқиға – Юрий Гагариннің қазақ жерінен тұңғыш рет ғарышқа ұшуы болды. Жер шары халқы ғылым мен техника жетістіктерінің мұндай тосын жаңалығына бүгінгідей «еті үйрене қоймаған» әрі әр құбылысқа таңданыспен қараған заманда бұл, сөз жоқ, өркениеттің жаңа сатысы еді.
Дәл осы күндері жанартаудай жалындап тұрған 25 жастағы ақын Олжас Сүлейменов ғаламдық оқиғаны жүрегімен сезініп, осы құбылыс әсерімен бір аптада жазған «Адамға табын, Жер, енді!» поэмасынан үзінділер оқып, алматылықтарды таңғалдырып, ол хабар бүгінгідей интернеті жоқ шақта ел аузынан Отанымыздың түкпір-түкпіріне, ең алыс, шалғай аудандарға, ауылдарға жеткен-ді. Артынша ресми құзырлы орындардың ұйғарымымен республика астанасының алаңдарында, оқу орындарында өткізілген жиын, митингілерге қатынасушылар үшін ақынның сол поэмасынан сан мың дана көшірме-парақша жасалып, шағын ұшақтан шашу шашылғандай таратылғаны есте. Бұл салтанат Алматыдан жырақ аудандарға, ауылдарға тарап, ел-жұрт таңданысын, қуанышын жасыра алмады. Қазақстан халқы бұрын-соңды сол сәуір күніндей аспаннан өлең жауғанын көрмегені де рас. Мұндай құрмет ілгері-кейінгі ешбір ақынға көрсетілмегені де белгілі. Өйткені ол шығарма бұрын айтылмаған сөзді айтты, адамзаттың рухани сілкінісін айғақтады.
Олжас Сүлейменов жаһандық поэзияның ғажайып әлеміне осылайша ешкімге ұқсамайтын пәрменімен, дәстүрлі өлең құрылысын өзгерткен ырғақпен, тасқынды қуатпен, айқын, ашық көкке өрлеген зор дауыспен, көкжиегі көрінбейтін шексіз кеңістікке самғаған, түпсіз тереңдікке бойлаған ұшқыр ойымен келді.
Сол заманда қаншама талантты ақын-жазушыларымыз туындыларын одақ көлемінде таныстыру мақсатында Мәскеудегі орталық басылымдар мен баспалардың табалдырығын тоздырып, жер ортасына келгенде зорға жететін баспалдақтарды жас ақын бір күнде еңсерді. Талантты қазақ ақыны өлеңін одақтық радио, телеарналардан оқыды. Оның поэзиясын Мәскеуде шығатын газет-журналдар жарыса жариялап, кеңінен танымалдандыруы – бұрын-соңды болмаған құбылыс еді. Бұл ұлтымыздың абыройын, мәртебесін асқақтатып, қазақ дауысын, танымын, парасатын миллиондарға әйгіледі.
Әдетте ақын-жазушыларымыз шығармаларын Мәскеу баспаларында шығару үшін сол қалада апталап, айлап аялдап, кіріптар болып, билік орындарынан, Жазушылар одағынан қолдау сұрап, зорға өткізуі «қалыпты жағдайдай» көрінетін. Бұл жолы Мәскеу баспалары, одақтық газет-журналдар қазақтың осы жас ақынының шығармаларын өздері сұрап, басып шығаруға шынайы ықылас танытып, сәт сайын шақыру жолдады.
Қысқа мерзімде одақтың орталық басылымдары ғана емес, терезесі тең республикалар да қазақ ақыны Олжас Сүлейменов өлеңін өздерінде басып шығаруға мүдделі болып, оны үнемі өз жастарымен кездесуге шақырды. Сөйтіп, Ұлы даланың жаңғырған рухты поэзиясына құрмет көрсетті.
Кеңес одағы дәуірінде Америка, Еуропа капиталистік елдеріне іссапарға шығуға алдымен мәскеулік ақын-жазушыларға басымдық берілетін. Ақын Олжас осы сеңді де бұзды.
Кезінде шетелге қазақ ғұламаларынан Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтбаев қана сапарлаған. Өнер қайраткерлерінен Роза Бағланова, Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Шәкен Айманов сияқты санаулылар шыққан.
Ақын, азамат Олжас Сүлейменов туралы жүздеген жазушылар, әдебиет зерттеушілері, тіл ғалымдар, білікті оқырмандар ой толғап, пікірлерін жариялауы да – әдеби, қоғамдық кеңістіктің тың тақырыбына, биік көркемдік талғамына айналды.
Көрнекті әдебиеттанушы-ғалым Мырзатай Жолдасбеков «Елінің елшісі, ұлтының ұяты» атты мақаласында былай деп жазады: «Олжас – ұлтымыздың ар-ұяты һәм намысы. Ақын шүу дегеннен лаулап жанды, дел-сал жатқан ұлы даланың бойына қан жүгіртіп, жасын ойнатып, дүркіреп шықты; заты поэзияның рухын көкке көтерді. Олжас десе көз алдыма бүгін болмаса ертең от шашқалы тұрған жанартау, яки ытырылып атылғалы тұрған барыс елестейді. Әлемді дүр сілкіндірген «Адамға табын, Жер, енді!» дастанын Кремльдің Съездер сарайында, Нью-Йорктің Колумбия университетінде оқыған сәттерінің, бүкіл әлемнің жарыса, қызыға оқығанының куәсіміз. Жаһанға дәл осылай жар салып келген ақын Олжасқа дейін тарихта аз болған шығар» (Жолдасбеков М. Асылдарым. Астана: «Күлтегін» баспасы, 2012.- 286-бет).
Ғажабы сол – біртуар ақын Олжас Сүлейменов бір жарқ етіп, жұртты тамсандырып, таңдандырып, содан іркіліп, тоқтап қалған жоқ. Тұңғыш поэмасы дарынның дария талантын әлемге танылуына елеулі жол ашты. Одан бұрын шыққан «Арғымақтары» да ұлт өмірін, ерлігін жылқы, тұлпармен байланыстырған қазақтың рухына жаңа тыныс бітіргендей еді. Қалың оқырман ақыннан үнемі өр рухты шығарма күтті. Ол халық үмітін ақтады.
Көзі ашық қоғамды бейжай қалдырмайтын ақын туындылары, ғылыми-публицистикалық мақалалары мерзімді баспасөзде үзбей жарияланып, оқушысының көңілінен шығып жатты. Оның әрбір жарияланымы үнемі ой үстінде, ізденісте жүргенін аңғартатын.
Олжекең өлеңі тек сезіммен шектелмей, ұлттың терең тамырын, рух бостандығы жолындағы қайсар мінезін қайрап, талғам деңгейін көтерді. Сөз шеберінің жарыққа шыққан әрбір кітабы елеулі оқиға болды. «Қыш кітабы», әйгілі «Аз и Я», «Жазу тілі» («Язык письма»), «1001 сөз» еңбектері – өркениет бастауы мен тарихын, танымы мен білімін зерделеудегі жаңа көзқарас, тың ізденіс. Оны славян-түрік сөздерін зерттеушілердің елеулі бөлігі құптап отырғаны да мәлім. Тарих тереңіндегі тілдік бірлік пен рухани ықпалдастықты, ақыл қазынасын дәлелмен, өзіндік пайыммен көрсетуі шынайылыққа бетбұрыс жасады.
Олжас шығармаларының шоқтығы биік шыңы – 1975 жылы, әлі қырық жасқа толмаған шағындағы ұзақ та табанды зерттеуінің сенімді қорытындысындай болған «Аз и Я» ғылыми-танымдық еңбегі дер едім. Шын мәнінде бұл жұмыс мазмұны, зерттеу көлемі, ғасырлар тереңі, салыстырмалы теңеулері мен дәлелдері, ойлары мен ұсыныстары, бұлтартпас пікірлері жағынан бір емес, бірнеше докторлық диссертацияға татитын ауқымды да салмақты ғылыми монографиямен теңеседі. Солай болғанын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Кітап жарыққа шыққан күннен бастап бүгінге дейін онда көтерілген ойлар мен ұсынылған тұжырымдамалар, осыған байланысты пікірлер мен таластар бір толастаған емес. Қайта жаңа мыңжылдың басында осы тақырып қайта көтеріліп, өзектілігі артып келеді. Олжас Сүлейменовтің ізашар зерттеулері көптеген тың көзқарасқа жол ашты.
Ал кітап шыққан 50 жыл бұрынғы жағдай қандай еді? Біз ол кезде Мәскеудегі орталық билікке бағынышты одақ құрамында едік. Оның ұстанымы – империялық саясат. Цензура. Саяси бақылау. Компартия Орталық комитеті саяси бюросының мүшесі, идеология хатшысы М.Суслов бастаған азуын айға білеген белсенділер мен оқымыстылар тарапынан бірден «бұл кітап ұлтшылдықты уағыздап, халықтар достығына зиян келтіреді» деген кінә тағылды. Егер дер кезінде Дінмұхамед Қонаев КОКП-ның бас хатшысы Леонид Брежневке «кітаптың ешқандай да әсіреұлтшылдығы, зияны жоқ екенін» айтып, араласпаса жағдайдың қандай болары белгісіз еді. Тек осыдан кейін ғана Суслов кітап талқылауын Орталық комитетке емес, кеңес одағы Ғылым Академиясына тапсырған. Әрине, талқылау бұрыннан қалыптасып қалған тәсілмен, жаңа еңбекті сынға алу бағытында ұйымдастырылып, қазақ зерттеушісін «орнына қою» мақсатында жүргізілді. Бірақ олар өздері күтпеген білім иесімен кездеседі. Олжастың дәлелі, тапқырлығы, шешендігі өзін сынаушылардан әлдеқайда биік деңгейде еді. Нәтижесінде, шақырылған оқымысты ғалымдар сырт көзге қанша өз ұлтының патриоты болып тұрса да, жас зерттеушінің терең білімін, пікірталастағы дәйегін, сөз тану мен қолдану шеберлігін бағаламасқа амалы қалмады. Бұл талқылаудың өзі – жеке әңгіме. Мұның мән-жайы Олжекең естелігінде айтылады.
Ақынның қайраткерлігі еліміздің мемлекеттік тәуелсіздікті жариялау қарсаңында, әлі Одақтың құрамында болған кездегі КСРО Жоғарғы кеңесі депутаты деңгейінде де айрықша көрінді. Ол саясатқа да белсене араласып бастады. Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен Семей жеріндегі ядролық полигонның жұмысын тоқтатуға бағытталған «Невада-Семей» қозғалысын бастап, оны халықаралық деңгейге көтерді.
Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында бұрынғы кеңес одағын, оны басқарушы компартияны реформалау, жаңа заман өзгерістеріне бетбұрыс жасау көтерілгенде де Олжас Омарұлының дауысы қоғамда ерекше естіліп тұрды. Ол қоғамды жаңа заман талабына сай дамытуға қатысты өміршең ұсыныстар жасап, оларды жүзеге асыруда көрегендік те, қайраткерлік те көрсете білді.
Олжас Омарұлы ақын жүрегімен Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, Мемлекеттік кинематография комитетінің басшысы, республика компартиясы орталық комитетінің мүшесіне кандидат лауазымдарында да ұлт мүддесін қорғап, осы салалардың өсіп-өркендеуіне айрықша атсалысты.
Ұлтымыздың мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізіп, дүниежүзілік қоғамдастықтың белсенді мүшесі болуында да Олжекеңнің белсенділігі мен мақсаткерлік еңбегі зор. Тәуелсіздіктен кейін Жоғарғы Кеңестің депутаты болған кезде алғашқы елдік заңдардың қабылдануына білімі мен еңбегін барынша жұмсады. Отанымызда демократияның, көппартиялылық саяси жүйенің қалыптасуына қатынасып, ядролық қаруға қарсы «Невада-Семей» қозғалысының негізінде «Халық конгресі» партиясын ұйымдастырып, оның жетекшісі болып сайланды.
Қайраткер, дипломат, мәдениет тұлғасы ретінде Олжас Сүлейменов тәуелсіз мемлекетіміздің халықаралық кеңістікте танылып, мойындалуына, әлем елдерімен екіжақты, көпжақты қарым-қатынастарды қалыптастырып, орнықтыруға, Қазақстанның көк туының биікке көтерілуіне айрықша еңбек сіңірді. Ол Қазақстанның Италиядағы, одан кейін ұзақ жыл ЮНЕСКО-дағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін абыроймен атқарды.
Ақынның қазақ тілінде Қадыр Мырза Әлі сөйлеткен «Мен таңсықпын» атты өлеңіндегі мына жолдар әрқашан ұстанымын айқындап отырғандай:
Күн бе? Түн бе?
Сен оларға бас ұрма!
Өз басыңнан заман сөзін асырма.
Жұлдызы ойнап шыға келсе көктемнің,
Қас-қағым сәт татиды екен ғасырға...
Олжас Омарұлы осы арқылы халқының сан ғасырлық арман-аңсарын жеткізді, ұлт қасиеті мен сапасының әлемдік дәрежеде танылып, мойындалуына қаламымен, қайраткерлігімен еңбек сіңірді. Отанға, елге, адамға деген ерекше бауырмалдығын да көрсетті. Қаншама жанға тікелей көмек қолын созғаны, қамқорлық жасағаны туралы дерек те көп. Әсіресе Семей атом полигонынан зардап шеккен адамдардың емделуінде, тұрмыс мұқтаждығын шешуде еңбегі зор. Сондай-ақ өнер, әдебиет, білім саласында дарынды жастарды қолдап, олардың өмірге, қоғамға сенімін арттыруда да Олжекең – қамқор ел ағасы.
Әрине, Олжас Омарұлындай біртуар зиялы, отаншыл тұлға қай елге барса да, қандай қызмет атқарса да алдымен қазақ мемлекетінің, ұлтының деңгейін, беделін көтеретіні хақ. «Еріне қарап елін біл» деп халық нақылында айтылғандай, Олжекеңнің түр-тұрпаты, кескін-келбеті, сөзі мен ойы, білім-білігі – заңғар зиялылықтың, салиқалы зияткерліктің төлқұжатындай.
Тоқсанның төріне шығатын абыз ағамыздың өмірі де, зейнеті де ұзақ болғай.
Қуаныш СҰЛТАНОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері