Отырыста еліміздің жаңа Конституциясының құқық қорғау әлеуетін, азаматтардың зияткерлік меншік нысандарына құқықтарын сақтау мен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Комиссия төрағасы Игорь Рогов отырысты аша отырып, жуырда қабылданған жаңа Ата заңымыздың мемлекеттің құқық қорғау әлеуетін айтарлықтай күшейтетінін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Негізгі заңда азаматтардың жеке, саяси және әлеуметтік-экономикалық құқықтарының кепілдіктері едәуір кеңейтілген. Атап айтқанда, адам капиталын дамытуға ерекше мән берілген. Адвокатураның рөлі күшейтілген. Сонымен қатар конституциялық тәжірибеде алғаш рет цифрландыру жағдайында азаматтардың құқықтарын қорғауды реттейтін нормалар енгізілген.
Бұдан бөлек, И.Рогов еліміздің жаңа Конституциясы «Әділетті Қазақстанды» құрудың негізі бола отырып, қоғам мен мемлекет арасындағы сенімнің жаңа архитектурасын қалыптастыратынын атап өтті.
Алғашқы мәселе бойынша, яғни еліміздің жаңа Конституциясының құқық қорғау әлеуеті туралы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев баяндама жасады. Ол жаңартылған Конституцияда алғаш рет адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын мүлтіксіз сақтау қағидаты бекітіліп, олардың басымдығы айқындалғанын айтты. Бұл, атап айтқанда, Негізгі заңның екінші бөлімінің атауының «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» болып өзгеруінен көрініс тапқан.
Артур Ластаев баяндама барысында Конституцияның негізгі жаңалықтарына ерекше назар аударды. Мәселен, Миранда қағидаларын енгізу, әділ сот талқылауының негізгі кепілдіктерін адамның іргелі құқықтарына арналған бөлімге ауыстыру, соның ішінде өзіне және жақындарына қарсы айғақтар бермеу құқығы, кінәсіздік презумпциясы, бір іс-әрекеті үшін қайта жазалауға жол бермеу сынды басымдықтарға тоқталды.
Әділет министрі Ерлан Сарсембаев министрліктің азаматтардың зияткерлік меншік нысандарына құқықтарын сақтау және қамтамасыз ету бағытындағы қызметі туралы баяндады. Министр зияткерлік меншік мәселелері әділет органдары қызметінің стратегиялық бағыттарының бірі екенін атап өтті.
«2025 жылы зияткерлік меншік мәселелеріне қатысты заң жобасы аясында белсенді жұмыс жүргіздік. Біріншіден, тауар белгісін 3 ай ішінде жедел тіркеу мүмкіндігі енгізілді. Бұл өз тауарларын онлайн платформалар мен маркетплейстерге шығаратын жеке және заңды тұлғалардың, әсіресе шағын және орта бизнес өкілдерінің көптеген өтінішіне жауап болды. Екіншіден, бұл авторлық қоғамдар қызметіндегі ауқымды реформа болды. Бұл қадамға авторлардың сыйақылардың төленбеуіне, роялти жинау мен бөлудің көлеңкелі схемаларына қатысты көптеген шағымы түрткі болды. Заңсыз айналым көлемі ондаған миллиард теңгеге дейін жетуі мүмкін, ал ресми түрде 1,7 млрд теңге ғана мәлімделген, оның ішінде авторларға небәрі 53%-ы ғана үлестірілген», деді Әділет министрі.
Бір сөзбен айтқанда, авторлық қоғамдардың қызметіне ауқымды реформа жүргізілген.
Отырыс қорытындысында комиссия мүшелері ұсынған ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, мемлекеттік органдарға жолданды.