Сурет: ioe.hse.ru
Бұл орталықтың қызметі негізгі төрт салаға бағытталып, заман талабына сай нақты жобалар жүзеге асып жатыр.
«Біздің орталық инфрақұрылымды дамытып қана қоймай, білім саласына стартап форматындағы жаңа бастамаларды енгізуімен ерекшеленіп келеді. Бұл жобалар білім берудің тиімділігін арттырып қана қоймай, өңірде цифрлық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді. Біз жаңашыл бастамалар арқылы Батыс Қазақстан облысындағы білім жүйесін жаңа деңгейге көтеруді мақсат етіп отырмыз», дейді орталық директоры Ақан Бижанов.
Орталық қолға алған бірінші бағыт – білім саласын цифрландыру және IT-инфрақұрылымды дамыту. Бұл бағыт аясында «Smart School ZKO» стартап жобасы іске асырыла бастады. Жоба мектептердің цифрлық экожүйесін қалыптастыруға бағытталған. Яғни электрондық журнал, цифрлық кітапхана, бейнебақылау және мектепішілік басқару жүйелері бір платформаға біріктіріледі. Сонымен қатар «IT Support 24/7» жобасы арқылы білім ұйымдарына тәулік бойы техникалық қолдау көрсететін жүйе іске қосылады.
Екінші бағыт – білім мониторингілеу және талдау. Орталық бұл бағытта «Bilim Analytics» стартап жобасын жүзеге асыруға кіріскен. Бұл жоба білім ұйымдарының көрсеткіштерін автоматты түрде жинақтап, талдауға мүмкіндік береді. Жүйе арқылы мектептердің рейтингі, білім сапасы, қатысу деңгейі секілді негізгі индикаторлар нақты уақыт режімінде көрініп тұрады. Бұл басқару шешімдерін жедел қабылдауға жағдай жасайды.
Орталықтың үшінші бағыты – медиа және ақпараттық сүйемелдеу. Бұл бойынша «EduMedia Hub» стартап жобасы іске қосылған. Жоба аясында мұғалімдер мен оқушыларға арналған сапалы цифрлық контент (бейнесабақтар, подкасттар, әлеуметтік роликтер) әзірленеді. Сонымен қатар «Digital Teacher» бастамасы арқылы педагогтердің жеке брендін дамытуға, әлеуметтік желілерде кәсіби контент жүргізуге қолдау көрсетіледі.
Ал соңғы, төртінші бағыт – жобалау және инновациялық бастамаларға арналған. Бұл бағытта «AI Mektep» қанатқақты стартап жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба жасанды интеллект элементтерін оқу үдерісіне енгізуді көздейді. Атап айтқанда, оқушының білім деңгейін талдайтын адаптивті жүйелер, автоматты тексеру платформалары және цифрлық ассистенттер енгізіледі. Сонымен қатар «Startup School ZKO» жобасы арқылы оқушылардың кәсіпкерлік және стартап мәдениетін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.
Міне, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылында Ақжайық өңірінде осындай жүйелі жұмыс қолға алынды. Ақан Мәлікұлының айтуынша, бұл игі бастамалардың жемісі көп кешікпей көріне бастауға тиіс.
Батыс Қазақстан облысы