«Таутан», «шөнжік», «сарымақ» деп бабаларымыз әдемі атаулар берген сүйкімді шөнжіктер алғашқы апталарда енесімен бірге тұрса, күннің көзі жылығаннан кейін еркіндікке шығып, жаңа ортаға, көпшілікке үйрене бастағаны байқалады. Таутандар енесін еміп жүргенімен, қатты азықтарға қызығушылық танытып, күн өткен сайын ширап келеді.
Ең қызығы, Наурыз мейрамы қарсаңында Алматы хайуанаттар бағы отандастарымыздан Амур жолбарыстарының сүйкімді сарымақтарына әдемі ат қоюды сұраған еді. Ел мұндай әдемі ұсынысқа бірден елең етіп, еркек таутандарға түрлі-түрлі есімдер ұсынылса, ақыры оларға ең жиі аталған Арлан, Тарлан, Алан атаулары бұйырды. Шөнжіктерді «Брюс, Джеки, Чак», «Лео, Стич пен Симба», «Моцарт, Бах, Бетховен», «Шерхан, «Дастан, Темірлан», «Марс, Меркурий, Юпитер» деп атағысы келгендер де көп болды.
«Мереке күндері зообаққа 40 мыңға жуық қонақ келді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 23%-дан астамға артық. Қала тұрғындары мен қонақтарының табиғатқа деген қызығушылығы өскенін байқап отырмыз. Амур жолбарыстарының күшіктеуі маңызды оқиға ғана емес, мамандарымыздың қажырлы еңбегінің нәтижесі», дейді зообақ директоры Сейілхан Әкілбеков.
Қазір зообақта инфрақұрылымды дамыту, жануарларды күтіп-бағуға қолайлы жағдай жасау жұмысы жалғасын тауып жатыр. Сонымен қатар келушілерге арналған танымдық бағдарламалардың да ауқымы ұлғайды.
АЛМАТЫ