Аймақтар • Бүгін, 08:10

Ауыл мұғалімінің ерлігі

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Павлодарда ауыл мұғалімі Мария Бедрина жолда тұрып қалған көліктерге жол көрсетіп, төрт шақырым жаяу жүрген. Оның батылдығы жерлестерін тәнті етті.

Ауыл мұғалімінің ерлігі

Ертіс-Баян өңірінде қатарынан бірнеше күн соққан ақ түтек боран талай жолаушының сапарын бөгеп, жол қозғалысын қиындатты. Осындай сын сағат­тарда үлкен жолдар бойында  тұрып қалған көліктерге көмекке келіп, ат құлағы көрінбейтін боранда жолаушылардың аман жетуіне жағдай жасаған Мария Бедринаның әрекетін көпшілік ерлікке балап отыр. Ол Ақсу мен Павлодар қалалары арасындағы автожолда тұрып қалған көлік­тердің алдына шығып, төрт шақырым бойы жаяу жүріп отырған. Соның нәтижесінде адамдар Павлодар қаласының іргесіндегі Атамекен кентіне аман-есен жеткен.

Мария Николаевнаның жұрт­ты сүйсінткен бұл ісі қазір әлеуметтік желіде тарап жатыр. Ал қайсар жан өз әрекетін ерлік деп ойламайды.

 «Бұл күні отбасымызбен Ақсу қаласынан үйімізге оралып келе жатқан едік. Тереңкөл ауданының орталығында тұрамыз. Көлік рулінде күйеуім болды. Сағат күндізгі үш-төрттердің шамасында Ақсудан ұзай бергенде ауа райы күрт бұзылып, ақ түтек боран басталып кетті. Жол мүлде көрінбей қалған соң, жиекке түсіп кетеміз бе деп қорыққан көліктер бірінен соң бірі тоқтай бастады. Сол сәтте ең бастысы Атамекен кентіне жетуіміз керек екенін, тұрып қалсақ көліктерімізді қар басып қалатынын түсіндім де, көліктен шығып алға қарай жүре бердім. Сөйтсем біздің алдымызда шамамен алты көлік тұр, оның үшеуі жолдың екі жолағын да жауып қалыпты. Арлы-берлі көліктердің өтуі мүмкін емес. Біреу жол бастауы керек болды. Ал жолдасым жаяу жүргеннен гөрі өзін рульде сенімдірек сезінеді. Сондықтан алға шықтым да, алғашқы тұрған көліктің терезесін тоқылдатып, соңымнан ер деп белгі бердім», дейді ол.

Осылайша, ол бірде тоқтап, бірде алға жылжиды. Күн сәл ашылған сәтте автокеруеннің басында келе жатқан өзге әйел адамның көлігіне жайғасып, жылынып отырған. Шамамен төрт шақырым жолды басып өткенде Атамекен кентіне кіреберістегі көпірге жетеді.

«Мен үшін ең бастысы бұл күні үйге аман-есен жету еді. Үйде балаларымыз күтіп отырған. Салонда бізбен бірге қызым болды, оның өміріне де алаңдадым. Оның үстіне колоннаның алдындағы көлікті басқарып келе жатқан әйел адамның бойындағы үрейін басқым келді. Мені көріп, жүрегі орнына түсті. Ең қызығы, менде қорқыныш деген мүлде болған жоқ. Әлі аяз тұра қоймаған уақыт еді, жаураған да жоқпын», деп қосты Мария Николаевна.

Мария Бедринаның жасы 49-да. Бүгінде Тереңкөл ауданына қарасты Песчан №1 мектебінде математика мен информатика пәндерінен сабақ беріп жүр. Білім саласындағы жалпы еңбек өтілі 25 жылдан асады. Күйеуі  екеуі отбасында үш бала тәрбиелеп отыр.

 

Павлодар облысы 

Соңғы жаңалықтар