Қала көшелерінде қоқыс жинайтын жәшіктердің тұрғын үйлерден оқшау тұратынын білеміз. Сол маңда қоқысты сұрыптайтын контейнерлердің түр-түрін көріп жүрміз. Шыныны, пластикті бөліп жинауға дағдыланып та қалдық. Жәшіктердің бір бөлігі құрамында сынап бар улы энергия үнемдегіш шамдарды жинауға арналған. Дәл сол жәшікке батарея мен қарапайым, пішіні дөңгелек келген шамдарды да жинаймыз. Елордадағы «НТП Kazecotech» кәсіпорны дәл сол контейнерлерді санитарлық талапқа сай жинап, қоқысты өңдейді, адам ағзасына, табиғатқа аса зиян улы заттарды жояды. Компанияның ғимараты «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының индустриялық паркі аумағында орналасқан. Қалдықтарды мекеменің жүргізушілері көлікке тиеп, сол маңға жеткізеді. Дәл осы шаруаға жауапты жұмысшының бірі, көлік жүргізушісі – Марат Анапияев. Оның ұжымда еңбек етіп жүргеніне 5 жылға жуықтаған.
«Кәсіптік-техникалық білім алған соң, бірден осы зауытқа жұмысқа орналастым. Біздің жұмысымыз энергия үнемдегіш шамдарды жинаумен байланысты. Қызғылт-сары жәшіктер қаланың барлық ауданында бар. Төрт жүргізуші соның барлығын жинап үлгереміз. Сынаптың өзі улы болған соң, сақтық шараларын қатаң сақтаймыз. Сынап төгілген жағдайда талапқа сай залалсыздандырамыз. Бір өкініштісі, вандализм тыйылмай тұр. Жәшіктің сыртында қандай заттарды қалай жинауға болатыны туралы нұсқаулық көрсетілгенімен, оны елеп-ескермейтіндер көп. Амал жоқ, қоқысты сорттап отыруға тура келеді. Аудандарды бөліп-жарғым келмейді, бірақ Есіл ауданының тұрғындары шамды, батареяны бөліп жинауға ұқыптырақ қарайтынын байқадым. Өзге аудандар да есілдіктерден үлгі алса құба-құп», дейді М.Анапияев.

Серіктестік жұмысшылары Астанамен қоса, Теміртау қаласынан келетін зиянды заттарды жоюмен айналысады, сынап төгілген орындарды залалсыздандырады. 2023–2025 жылдары елорданың қоғамдық орындарында сынап төгу бойынша 4 жағдай тіркеліп, салдары жойылған. Шамамен 5 кг сынап жиналып, 1000 кг-нан астам топырақ демеркурацияланыпты.
Кәсіпорын шыныны үгітіп, құрылысқа пайдаланса, сынапты кәдеге жарататын өзге компанияға жөнелтеді. Жұмыс барысын кәсіпорынның инженер-экологі Антон Пронькиннен сұрадық.
«Шамдарды алдымен үгітеміз. Сосын шыныдан сынапты ажыратып алуымыз қажет. Ол үшін шамның қалдығы өңдеудің екінші кезеңіне өтеді. Бұл іске адам араласпайды. Құрылғының шағын бөшке тәріздес бөлігіне жиналған затты 350 C-тан жоғары отта қыздырғанда сынап буланып, конденсат секілді пештің іргесіне жинала бастайды. Одан әрі әлгі затымыз екінші бөшкеге өтіп, азот арқылы мұздатылады. Дәл осы кезеңде сынап түтікше арқылы өзге бөшкеге тамып, жиналады. Шыны ұнтағынан сынапты осылай бөліп аламыз. Жұмыстың барлығы автоматтандырылған, құрылғы пультпен басқарылады», дейді ол.
Бұдан кейін тұрмыстық, өндірістік, медициналық қалдықтарды, биологиялық материалдарды экологиялық қауіпсіз жолмен жою үдерісімен таныстық.
«HURIKAN 500» деп аталатын инсинераторымыз бірнеше бөліктен, екі камерадан, газ тазалайтын жүйеден тұрады. Жұмысшы қоқысты жоймай тұрып пешті әбден қыздырып алады. Бірінші камера 800 С-қа дейін, екінші камера 1000 С-қа дейін қыздырады. Зиянды медициналық құралдарды бірінші камера арқылы салған соң, қатты қалдықтары түгел жанып бітеді. Алайда одан бөлінген газдың құрамында фуран, диоксин секілді атмосфераны ластайтын заттар болады. Ол газдар екінші камераға өтеді де 1000 С-та жойылады. Одан жойылмаған газдар газ тазалайтын жүйеден өтіп, түгел залалсызданады. Сосын, медициналық қалдықтардан қалған күл экологиялық талаптарға сай, қауіпсіз саналған соң оны құрылыста алаңсыз қолданамыз. Қысқасы, екі құрылғыдан қалған қалдықтардың өзі кәдеге жарап тұр», деді А.Пронькин.
Дәл қазір мұнда 20 адам еңбек етеді екен. Санаулы адам болса да, автоматтандырылған құралдардың көмегімен зиянды заттарды жойып, қаланың көркеюі, азаматтардың қауіпсіздігі жолында тынбай еңбек етіп келеді. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына бұл кәсіпорынның қосқан үлесі аз емес. Құрамында сынабы бар қалдықтардың барлық түрін қайта өңдеумен, қалдықтардың 4 мыңнан астам түрін термиялық жоюмен айналысатын кәсіпорынның технологиясы мен жабдықтары елімізде баламасы жоқ. Осы өндірісте 2020–2025 жылдар аралығында 4 049 993 дана шам жойылып, 25 148 922 текше метр ауаның сынап буымен ластануына жол берілмеген.