Қоғам • Бүгін, 08:25

Жолдағы жүгенсіздік

10 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жол апатына қатысты статистика жаға ұстатады. Кейінгі 30 жылда 80 мыңнан аса азаматтың өмірі тасжолда үзіліпті. Жыл сайын кемі 2 мың адам көлік апаты салдарынан көз жұмады. Бұл шағын бір ауылдың тұрғындарына пара-пар. Адам капиталына алапат шығын әкеліп отырған мемлекеттік деңгейдегі проблема терең талдауды қажет ететіндей...

Жолдағы жүгенсіздік

Сурет: caravan.kz/

Бірер апта бұрын Алматының Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмі­рін жалмаған қайғылы оқиға қоғам­ды дүр сілкіндірді. Келеңсіз жайт сәттік қателіктің салдары ма, әлде жүйелік олқылықтың көрінісі ме деген сауал желіде желдей ескен болатын. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, көз ілеспес қарқынмен қарсы жолаққа шығып, апатқа себепкер болған жүргізуші мас күйде көлік тізгіндеген. Оқиғаның ізі суымай жатып, дәл осы даңғылда жолды кесіп өтпек болған тағы бір әйел көлік астына түсті. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызды. Артынша құқық қорғау органдарында тексерулер басталып, кадрлық шешімдер қабылданды. Мәселе тек бір адамның жауапсыздығында емес, тұтас жүйенің әлсіз тұстарында жатыр деген күдік күшейді.

Өкініштісі сол, кейінгі жылдары мегаполис апат саны бойынша алдыңғы қатардан түспей келеді. Бұл өз кезегінде жол қауіпсіздігі, заң пәрмені, жүргізуші мәдениеті секілді мәселелерді қайта таразылау қажеттігін аңғартып отыр.

Жыл сайын қайталанып жатқан трагедияның себебі – сан алуан. Жыл­дамдықты шамадан асыру, қарсы бағытқа шығу, мас күйде көлік жүргізу, көлік ішіндегі алаңдататын факторлар, жол тарлығы деп тізбелей беруге болады. Жүгенсіз жүргізушіні жөнге салудың түрлі тәсілі ойластырылып, ақылды камералар көбейгенімен, нәтиже көңіл көншітпей тұр.

Ресми деректерге сүйенсек, 2025 жылы ел аумағында 36 мыңнан аса жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 14,4 пайызға көп. Апат саны азаюдың орнына, керісінше өсіп барады. Жол үстіндегі бейберекеттің салдары да салмақты. Бір жыл ішінде 51 мың адам түрлі жарақат алып, 2 330 азамат көз жұмған.

Апат саны артқанымен, өлім-жітім көрсеткіші біршама төмендеген дейді статистика. 2024 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 9,7 пайызға азайған. Сарапшылар мұны жедел медициналық көмектің тиімділігі мен жол қауіпсіз­дігіне қатысты жекелеген шаралардың нәтижесімен байланыстырады. Алайда бұл көрсеткіш жағдай жақсарды дегенді білдірмесе керек. Керісінше, жарақат алғандар санының өсуі мәселенің тереңдеп бара жатқанын аңғартады.

Елдегі ең қауіпті өңірлердің қатарында әдеттегідей ірі мегаполис пен оған іргелес аумақтар көш бастап тұр. Барлық жол-көлік оқиғаларының үштен бірі – Алматы қаласы мен Алматы облысының үлесінде. Алматы қаласында 8 954 жағдай тіркелсе, Алматы облысында 5 987 апат болған. Одан кейінгі орындарда Жамбыл, Ақтөбе және Атырау облыстары тұр. Бұл көрсет­кіш­тер жол инфрақұрылымымен қатар көлік мәдениетінің де сын көтермейтінін көрсетеді. Үлкен қалалардағы көлік тығыздығы, жүргізушілердің асығыстығы мен жол ережесіне немқұрайлы қарауы апат санын көбейтіп отыр.

Жол апаттарының салдары тек полиция тіркеген деректермен шектелмейді. Жедел медициналық көмек қызметі­нің мәліметінше, жыл ішінде түскен ­796 мың шақыртудың 44 мыңы жол-кө­лік оқиғаларына қатысты болған. Бұл – барлық шақыртудың 5,6 пайызы. Яғни әрбір жиырмасыншы шақырту – жол үстіндегі қайғылы жағдайдың салдары.

Сарапшылар мәселені тек техника­лық немесе құқықтық тұрғыдан қарастыру жеткіліксіз екенін айтады.

«Апаттың алдын алу үшін жол салу немесе камера орнату жеткіліксіз. Мәселенің түп-төркіні – адам факторында. Жүргізуші мәдениеті, жауапкершілік деңгейі және заңға деген құрмет өзгермейінше, статистика да өзгере қоймайды. Себебі жолдағы тәртіп – қоғамдық тәртіп­тің айнасы. Егер адам заңнан қорықпаса, ол жауапкершілікті де сезінбейді. Қол­даныстағы заңнамаға сәйкес, адам өліміне әкелген жол апаты үшін қатаң жаза қарастырылған. Алайда бұл шаралар апат санын айтарлықтай төмендетіп отыр деп айту қиын. Жұрт арасында жазаның бұлтартпастығы әлсіз, бақылау жүйесінде кемшіліктер бар, кей жағдайда адам факторы әсер етеді деген сыңайдағы пікірлерді жиі кездестіреміз. Әл-Фараби оқиғасынан кейін басталған тексерулер осы күмәнді күшейте түсті. Алматыда көлік саны жыл сайын артып келеді. Қала жолдары бұл жүктемеге толық дайын емес. Кептеліс күнделікті құбылысқа айналған. Ал ол өз кезегінде жүргізушілердің жүйкесіне әсер етеді, агрессияны күшейтеді, жолдағы қауіпсіздік деңгейін төмендете­ді. Мұнда қоғамдық сана – басты мәселе. Жол қауіпсіздігі – тек полицияның немесе заңның мәселесі емес. Қоғамда жылдамдық – «бедел», ереже бұзу – «айла», жауапсыздық «қалыпты жағдай» деген түсініктер қалыптаспауы керек. Жол – ортақ кеңістік. Онда әр жүргізуші өзгелер үшін де жауапты екенін ұмытпауға тиіс», дейді қоғам белсендісі Елназар Ахметбек.

Ел аумағындағы көлік жүргізу құқы­ғына ие азаматтардың саны 6 млн-ға жуықтаған. Әр жыл сайын шамамен 120 мың азамат жүргізу құқығына ие болады. Ішкі істер министрлігі жол апаттарының алдын алуға бағытталған түрлі іс-шараларды қолға алып келеді. Жол апаттары туралы бейнероликтер әзірленіп, жантүршігерлік жағдайға алып келетін көлік апаттарының негізгі себептері де үнемі айтылып жүр.

600 мыңға жуық көлік ресми тіркел­ген Алматы қаласына тәулігіне өзге өңірлер мен облыс аумағынан келіп-кететін автокөліктер саны 270 мыңнан ­асып жығылады. Бірер жыл бұрын алматы­лық полицейлер жүргізушілерге сабақ бол­сын деген мақсатпен жантүршігерлік апат­қа ұшырап, тас-талқаны шыққан көлік­терді қала көшелерімен алып өтті. Олар мұнд­ай шара арқылы жүргізушілерді жолда абай болып, сақ жүруге шақырған еді. Өкініштісі, бұдан сабақ алып жатқан­дар аз.

Мегаполисте жол қауіпсіздігін күшей­туге және жол-көлік оқиғалары кезінде адам өлімін азайтуға бағытталған іс-қимылдар жыл сайын пысықталып келеді. Дегенмен кейінгі жылдары мопед, электрлі-сомакат, скутер секілді микромобильдер санының артуы мәселені ушықтырып отыр.

Алматы қаласы Мобилділік бас­қар­масының мамандары жол-көлік оқи­ғасы жиі болатын учаскелерге зерттеу жүргізген. Сараптама нәтижесіне сәйкес, қауіп тудыратын бұрылыстарда жол қозғалысын өзгерту, бекеттік, тротуарлық және қолдан жасалған кедір-бұдырлар енгізу, көзге кері әсер ететін визуалды элементтер санын азайту, ел көп жиналатын өтпелі жерлерге кнопкалы бағдаршамдар орнату, диодты жарық шамдар қою жұмыстарынан кейін едәуір оң нәтиже байқалған. «Қауіпсіз қала», «Қауіпсіз көше», «Қауіпсіз жылдамдық», «Қауіпсіз қоғамдық көлік», «Жол қозғалысын бақылаудың интеллектуалды жүйесі», «Барлық қызметтерді үйлестіру» жобалары осы бағытта қолға алынған. Зерттеу бойынша қоғамдық көлік дамыған аудандардың тұрғындары автомобильденген ортадағы адамдарға қарағанда жол-көлік апатына бес есе аз түсетіні анықталыпты.

«Президент бұған дейінгі Жол­дау­да жол апаттары туралы айта отырып, жергілікті және республикалық жолдардың инфрақұрылымын жақсарту жайына тоқталды. Себебі жол сапасы – қауіпсіздікке тікелей әсер ететін бірден-бір фактор. Ойдым жолдан қашамын деп от басып жатқандар қаншама. Жолдардың жүктемеге төтеп бере алмауы, жаяу жүргіншілер жолағы мен тиісті белгілердің дұрыс құрылмауы, кейбір аймақтардағы сапасы сын көтермейтін немесе тым тар жолдар, сондай-ақ түнгі уақыттарда тасжол жиегінде жайылатын қараусыз мал қайғылы оқиғалардың орын алуына әкеліп соқтырады. Кейбір аймақтарда әлі күнге дейін аудан орталықтарына баратын күре жолдардың сапасы сын көтермейді. Шалғайдағы елді мекендердің жайы айтпаса да түсінікті. Деректерге көз жүгіртсек, қайғылы оқиғаларда ережені елемеудің үлесі басым. Мас күйде көлік жүргізу қылмысы да тыйылмай тұр. Мұндай оқиғалар әсіресе мейрам қарсаңында үдей түсетіні белгілі. Жол ережесін пысқырмайтын жүргізушілер өзінің ғана емес, өзгенің де өмірін күйретіп жатқанын түсінуге тиіс. Дегенмен кейінгі жылдары бұған қатысты заң күше­йіп, азаматтар сәл де болса қоғамдық жауап­кершілікті сезіне бастағандай», дейді сарапшы Нұрлан Асқарұлы.

Күн сайын ақпарат құралдарында жол апатына қатысты жайсыз жаңалықтан жан түршігеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірер жыл бұрын Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында «Қазақстанда жол-көлік апатынан қайтыс болу мүмкіндігі Еуропа елдеріне қарағанда 11 есе көп. Біз бұл проблеманы көптің алдында Парламентте де, Үкіметте де талқыладық. Алайда мәселе шешілмеген күйі қалып отыр», деген болатын. Жол апатына қатысты келеңсіз оқиғалар қалыпты жағдайға айналғанымен, халықаралық тәжірибе бұл мәселені шешудің мүмкін екенін көрсетіп отыр. Мәселен, Швецияда жолдағы өлім-жітімді нөлге жеткізу концепциясы енгізілген. Мұнда негізгі қағида ретінде адам қателеседі, бірақ жүйе оны кешірмеуге тиіс деген ұстаным алда тұрады. Сингапур аталған мәселені толық цифрландырылған жүйе, жоғары айыппұл, қайталанған құқық бұзушылыққа қатысты қатаң санкциялар арқылы тойтарған. Ал бұл бағытта елеулі бетбұрыс жасаған Германияда жүргізуші куәлігін алу – қиынның қиыны. Немістер үшін жолдағы этика – басты құндылықтардың бірі. Сайып келгенде мұның бәрі қоғамдық сана мен жауапкершілікті арттыру қағидасына тіреледі. Ережені мың жерден күшейткенмен, әр азамат жауапкершіліктің салмағын сезінбесе қиын-ақ.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар

Бұлақ көрсең, көзін аш

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 09:15

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 09:03

Мал ұрлығы тыйылмай тұр

Қылмыс • Бүгін, 08:55

Қазақ үнінің қазынасы

Мультимедиа • Бүгін, 08:53