Тайпақ өңірінде 1965 жылы дүниеге келген Қайырғали Жұмаұлының еңбек кітапшасында көп жазба жоқ. 1991 жылғы сәуірде Батыс Қазақстан аймақтық электржелілік компаниясының механикаландыру және автомобиль көлігі қызметіне жүргізуші болып орналасқан. Содан бері аттай 35 жыл өтіпті. Осы салада табан аудармай қызмет етіп келе жатқан кейіпкеріміз 2006 жылы «Батыс энергетика ардагері» атағына ие болған. Тәжірибесі толысқан маман ретінде әріптестері оны айрықша құрметтейді.
«Мен мекемеге жұмысқа келгенде Қайырғали аға сан жылғы еңбек өтілі бар тәжірибелі маман еді. Қазір бір салада, бір бригадада қызмет етеміз. Ол «ЭТЛ-35» аталатын электр-техникалық зертханамыздың көлігін тізгіндейді. Үнемі сапардамыз, ауыл-аймақты аралап, қосалқы стансаларға барамыз. Жылдық кестеге сәйкес облыстың түкпір-түкпірін шарлап, электр құрылғыларын профилактикалық сынақтан өткізіп, ақауларды анықтаймыз.Үнемі жолда жүретіндіктен, көлігіміздің кідірмеуі, діттеген жерге тез жетуіміз өте маңызды. Қайырғали аға ешқашан жолда қалдырған емес. Бұл кісінің «темір тұлпары» жылдың қай мезгілінде де сақадай сай», дейді мекеменің оқшаулау және кернеуден қорғау қызметінің басшысы Санжар Әміреев.
Қазақта «мал иесіне тартады» деген сөз бар. Қайрекең қызметтік көлігін әрдайым бабында ұстайды: ай сайынғы техникалық күтім, жоспарлы жөндеу, қауіпсіздік, бақылау тетіктерін тексеріп отыру – бұлжымас дағдыға айналған. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» қағидасы адамға ғана емес, техникаға да қатысты дейді ол. Бұл, әрине, көп жылғы тәжірибе мен жауапкершіліктен туындайтын қасиет.
Энергетиктердің жұмысы әскери қызметке ұқсас. Тәуліктің кез келген уақытында, ауа райының қолайсыздығына қарамастан жолға шығуға тура келеді. Осындай сәтте Қайырғали Жұмаұлының сабырлы мінезі мен сенімді іс-әрекеті бүкіл топқа демеу болады.
2024 жылғы көктемде Батыс Қазақстан облысында алапат су тасқыны болды. Тілсіз жау көптеген елді мекенге қауіп төндірді. Бірнеше шақырымдық электр желісі су астында қалып, бағаналар құлады. Бөрлі ауданының Ақсай қаласында, Пугачев ауылында энергетиктер құтқарушылармен бірге күні-түні қызметте жүрді. Қуаты 35/10 кВ «Аралтал» қосалқы стансасын қалпына келтіру оңайға соқпады. Құлаған тіреулерді қайта орнату, тіректер мен сымдарды ауыстыру үшін «Батыс Қазақстан АЭЖК» ЖШС-ның жедел тобы сол жерден табылды. Арнасынан асқан Шыңғырлау өзенінің жағасында, сарқыраған су мен күркіреген сеңмен алысып жүріп, Қайырғали Жұмаұлы 1 шақырым қашықтықтағы электр өткізгішін ауыстырып, бұзылған 10 кВ электр желісін қалпына келтіріп жатқан мамандарға ерекше көмек көрсетті. Сондай-ақ түн ішінде «Ақсайжылқуат» мемлекеттік кәсіпорнының 600 метрлік тіректерін, оқшаулағыштар мен өткізгіштерді ауыстырғаны да әріптестерінің есінде.
«Энергетика саласы – экономиканың күретамыры. Жарық пен жылуды үздіксіз жеткізіп отырған мамандар елдің тұрақты дамуы мен халықтың тұрмыс сапасына тікелей үлес қосып келеді. Қыстың қақаған аязында да, жаздың аптап ыстығында да біз тәулік бойы тынымсыз еңбек етеміз. Әсіресе кейінгі кезде салада инфрақұрылымды жаңғырту, цифрландыру мен баламалы энергия көздерін дамыту бағытында маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Еліміз еңбегімізді елеп, өткен жылдың соңында Президент III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін өз қолымен кеудемізге тақты. Қарапайым жұмысшының еңбегі ескеріліп, мерейі өскені – үлкен мәртебе. Біздің жетістік – ұжымдық еңбектің нәтижесі. Мәселен, мен өз әріптестерім – учаске басшысы Санжар Әміреев пен инженер Алтынбек Кереевтің көптеген жұмысшы-еңбеккерді баулып, тәрбиелеп жүрген еңбегі ескерілсе, келешекте олардың да қажырлы ісі өз бағасын алса деп тілеймін», дейді еңбек ардагері.
Энергетика – қолға ұсталмайтын, көзге көрінбейтін, бірақ қазіргі экономиканың ең қажетті шешуші күші. Ағзаны түгел торлап, тырнақтың ұшынан төбе құйқаға дейін таралатын жүйке тамырлары секілді, энергетика да бүкіл саланы қамтып жатыр. Мұны қарапайым адам бар кезінде байқамас, бірақ өшкен сәтте бірден іздейтіні анық. Ендеше, осындай маңызды саланың үздіксіз жұмыс істеп тұруына үлес қосқан әр адамның еңбегі қадірлі.
Батыс Қазақстан облысы