Әдебиет • Бүгін, 08:33

Әдебиет бапкері

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әдеби орта да өзінше бір қоғам, ондағы адамдар да бір-біріне қарсы боп, топ-топ боп бөлініп, сондай-ақ бірін-бірі қолдап, бірігіп, жекелеген адамдар өзара дос, аға-іні боп, ұстаз бен шәкірт деңгейіне де көтеріліп жатады. Сол секілді қан­шама адамға шуағын шашып, демеген кісілердің есімі де ерек­ше ықыласпен тілге тиек етіледі. Сондай есімдердің бірі – Мұқан Иманжанов.

Әдебиет бапкері

Мұқан туып-өскен ортасы мен уақытының талаптарына көнбей, өзі көксеген өмірге ұмтылған, сол жолда аянбаған адам екенін шамалауға болады. Әкесі Иманжан әрі ақын, әрі көрген-білгенін қағазға түсірген, қазіргіше айтқанда зерттеуші (мұрағаттағы қол­жаз­балары енді зерттеліп жатыр), әрі қай заманда өмір сүрсе де сыйлы бола білген дүмді кісі. Мұқан сол әкенің дегенімен жүрмей, оқу іздеп Алматыға кетуі – Абай балаларын сынағанда Михаэлистің: «Балаларың сенің төбең көрін­бейтін жерге кетуі керек», дегенін еске түсіреді.

Алма­тыға кеткен соң Мұқан өкпесіне суық тигізіп, созыл­малы ауруға шалдығып, өмірмен ерте қоштасқанын естеліктерден жақсы білеміз. Бірақ Мұзафар Әлімбаев: «Дімкәстігіне қарамай, Мұ­қан дені сау әрі өзінен жасы­рақ бізден әлдеқайда көп еңбек­тенетін», дейді. Оны тынымсыз еткен – өзі аңсаған биік деңгейлі әдебиет еді. Ізденіске толы тынымсыз да қысқа ғұмырында бізге «Алғашқы айлар» сынды сол уақытқа жаңалық болған повесі мен бірнеше әңгімесін сыйлағаннан бөлек, бірқатар ақын-жазушының көпшілікке танылуына да себепкер болыпты. С.Қирабаев, Т.Әлімқұлов, Ә.Нұрпейісов, Б.Соқпақбаев, М.Әлімбаев, З.Қабдолов, Ә.Нұршайықов, А.Нұрқатов, М.Әлімбаев, С.Сарғасқаев, З.Иманбаев, Ө.Қанахин, Т.Молдағалиев, Е.Ебікенов, Қ.Мырзалиев, Ә.Мәмбетов, Ә.Дүйсенбиев, С.Жиенбаев, Ш.Мұхамеджанов, Қ.Ыды­рысов, З.Шүкіров, С.Баязитов, Ә.Нәбиев, Н.Сералиев, К.То­қаев, тағы басқа қазір аты есім­де жоқ көп жастардың әде­биетке бетін Мұқан ашты», деп жазады.

Джек Лондонның кейіп­кері Мартин Иден газет-журналға жазғанын бастыра алмай, әбден қиналғанда редакциядағыларға ренжіп, олардың бәрі өздері жаза алмай, енді жаза алатын­дар­ға өш екенін меңзеп: «Әдебиет­тің кірер есігін сол бірөңкей талантсыз төбеттер қоритын болған», дейтіні бар еді. Ал Мұқан Иманжанов ондай келеңсіздікке қарсы күрескенін көреміз.

«Пионерде» істеп жүр­генінде оқушы балалардың тырнақалды туындыларын басып, оларға жауап хат жолдап, ағалық қылып жүрген кезін еске алып, Сансызбай Сарғасқаев былай дейді: «Мұқанның жас қаламгерлерге деген қамқорлығын, олардың сәтті шығармаларына жас балаша қуанғанын талай көрдім». Ал «Социалистік Қазақстанда» істеген кезінде өңірлерде жүрген талапты жастарды бау- лып, жарыққа шығарғанын Әзілхан Нұршайықов пен Тәкен Әлімқұловтардың есте­лігі­нен анық байқаймыз.

Өзінің қанаттастарына, інілеріне де сондай жан­а­шыр­лық танытып, шығармашылық туралы әңгіме болса, бір-бірінің әңгі­мелерін талқыласа да жанын сала кіріседі екен. Кемел Тоқаев «Көмескі із» повесін жазарда ойын Мұқан Иманжановқа айтып беріп, сонда ол кісінің былай деге­нін еске алады: «Бізде детектив жанры атымен жоқ. Егер сен осы жанрды бастап кетсең, әдебиетіміздегі үлкен олқылықты толтырған болар едің». Кейін Кемел үзеңгілес ағасы артқан сол жүкті жетер жеріне жеткізді де.

Мұзафар Әлімбаев Мұқан­ның осы қасиетін айта келе, былай деп дәл баға берген екен: «Театр терминін қол­дансақ, Иманжанов әдеби сахнадан өзі көзге көрінбеген, шымылдық сыр­тында қалған, бірақ талай­дың өнерін шыңдаған білгір режиссер болатын».

Әлбетте, аты аталған жазушылар Мұқандай ұстазы болмаса, танылмай қалар еді деуге болмайды. Бірақ кез келген өнер иесін дәл уағында демеп, қанаттандыру өте маңызды. Және ең қызығы, кейін қазақ әдебиетіне әрқайсы өзінше үлес қосқан осынша көп адам сондай аяулы жан ретінде қырық екі-ақ жыл өмір сүрген Мұқанды еске алатыны.

Көпке көмектескісі кеп тұратын Мұқанның дархан мінезін сөз еткен соң, оған рахмет айта білген, жақсылығын ұмытпай жазып кеткен шәкірт інілерінің де мәрттігін айта кеткеніміз әділ болар.

Жан баласын күндемей, өзі құмартқан әдебиеттің халін жалғызындай уайым қылып, жетпей тұрған тұсын жеткізе алатын жастарға бар ақылын айтып, өзіне өзі міндет етіп алған интеллектуалдық майданның ішінде күресе жүріп дүниеден өткен Мұқанның туғанына биыл – 110 жыл. Осыған орай әдебиет бапкерінің атын көпшіліктің есіне бір салып қоюды жөн көрдік.

 

Арман ӘЛМЕНБЕТ,

Президенттік арнаулы әдеби сыйлықтың иегері

Соңғы жаңалықтар

Мұнай бағасы күрт төмендеді

Экономика • Бүгін, 10:33

«Ғалия» кітапханасының мөрі

Жәдігер • Бүгін, 09:05

Көкше көшетімен көрікті

Талбесік • Бүгін, 08:55

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 08:52

Әбіштің қолтаңбасы

Мирас • Бүгін, 08:50

Өмірзақтың өнегелі жолы

Руханият • Бүгін, 08:48